Ата-аналар есту қабілеті шектеулі балалар мектеп- интернатында жағдай жоқ деп дабыл қақты

Мектеп-интернаттың әйнегін мұз торлаған терезесі.Қарағанды, 27 қаңтар, 2009 жыл.

Қарағандыдағы бұл мектеп-интернатта 200 бала тәрибеленіп, білім алады. Бөлмелері суық, тәрбиеленушілер қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр, үнемі су болмайтындықтан, тазалық төмен деп мәлімдеген ата - аналар наразылық акциясын ұйымдастырып, төтенше жиналыс өткізді.
Мектеп-интернаттағы наразылық жиынына келген ата-аналар "баланың екінші үйі болуы тиіс оқу орны басшылықтың немқұрайдылығы салдарынан азып-тозып кетті, интернат директорының өзі балаларды ұрады" деген сөздерді алға тартты.

Жүзден астам ата-ана қатысқан жиналыста есту қабілетінде кемістік бар балаларға жалпы білім беретін мектеп- интернаттың директоры Нағима Шушакова ата-аналардың наразылығын тудырған сұрақтарға жауап берді.
Мектеп-интернат директоры Нағима Шушакова. Қарағанды, 27 қаңтар, 2009 жыл.


-Сіздер маған мектептің жағдайын көру үшін мектепте тұрып көріңіз дейсіздер. Жақсы, мен бір апта мектепте болып,осында қонып, жағдаймен танысамын. Сіздер айтасыздар мен балаларды жақсы көрмейді деп. Жоқ, мен оларды жақсы көремін. Бірақ жақсы көру әр баланы құшақтап бетінен сүюден көрінбейді ғой. Балаға қол көтерді деген әңгіме туралы айтар болсақ, мен ешқашан бала ұрып көрген емеспін. Ұрғаным туралы айғақ жоқ болғандықтан, жала жабу орынсыз,- деп ақталды директор Шушакова

Мұндай жауаптарға қанағаттанбаған ата-аналар қауымы істің ақ- қарасын шешуге көмектеседі деп, Облыстық білім беру департаментінің басшысы Есенғазы Иманғалиевтың келуін күтті. Белгіленген уақыттан бір сағатқа кешігіп келген Есенғазы мырза жиналысты жоғары жаққа есеп беру әдетімен сандық көрсеткіштерден бастауды жөн көрді. Алайда ата аналар одан істің тоқ етерін айтуды талап етті.
Ата-аналардың бірі Наталья Бурцева. Қарағанды, 27 қаңтар, 2009 жыл.

-Директор мәселенің шешімін табар жолда бізбен бірлесіп ақылдасқысы келмейді. Менің балам бұл жердегі суыққа адам шыдамайды дейді. Өзіміз де көргеніміздей бұл жерде не жылу, не су жоқ. Ал тағамға келсек оның жеуге тұрмайтынын да барлық балалар айтып жатқан жоқ па? Санитарлық жағдайдың да сиқын көрдік. Директордан осы жөнінде сұрасақ, ол мұндай ешнәрседен хабарым болған жоқ. Байқамай қалыппын дегенді айтады. Ондай байқамай қалатыны бар, ол бұл жерде қалай жұмыс істеп, ұжымды басқарады? Ал басқармадан келіп тұрған сіздер қайдағы бір түсініксіз сандарды айтып басымызды қатырасыздар,- деді наразылық білдіруші ата-ана Наталья Бурцева.

Басшылықты дереу ауыстыру мәселесіне келгенде жиналысқа қатысушы басшылар "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" дегенге тіреп, кемшіліктерді түзетуге уақыт берейік деп мәмлелесті. Ашынған ата-аналар келеңсіздіктердің дұрыс шешілуін тағы біраз күтуге келісті.
Мектеп-интернаттың көптен су көрмеген душ бөлмесі. Қарағанды, 27 қаңтар, 2009 жыл.

Осы жағдайға байланысты облыс әкімі Нұрлан Нығматулин сейсенбі күні шұғыл түрде облыстық мәслихат депутаттарының басын қосқан жиын өткізді. Өткен жылы осы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мен қысқа дайындығына облыстық бюджеттен 105 миллион теңге бөлінген екен. Осы қыруар қаржы қайда жұмсалды деген облыс әкімі облыстық білім беру басқармасының бастығы Есенғазы Иманғалиевқа мәселені бір күнде шешпесең «қатаң шара» қолданамыз деп ескертті.

Алайда ала жаздай қысқа дайындық көрмеген мектеп- интернатта бір күнде санитарлық жағдай ретке келтіріліп, балаларға берілетін тамақты дәмді қып әзірлеп, жылу мен ыстық су тартыла салмайтыны мүмкін екенін ескерсек, әліптің артын күтуге тура келетін тәрізді.