Президент тағайындаған жаңа әкімдер кім?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Ақмола облысының жаңа әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырып отыр. Көкшетау, 14 наурыз 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрт бірдей өңірдің әкімдерін ауыстырды. Жаңа әкімдер - бұрын елге таныла қоймаған тұлғалар. Кей сарапшылар бұл тағайындауларды конституциялық реформамен байланыстырады.

Наурыздың 14-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің төрт облысының әкімдерін ауыстырды. Ол өңірлер – Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары. Бірақ әкім болып тағайындалған шенеуніктер - көпке белгісіз тұлғалар. Мәселен 2015 жылы Ақтөбе облысына көпшілікке танымал Бердібек Сапарбаев тағайындалған еді. Бұл жолы олай болмады, әкімге айналғандар бұрын халықтың көзіне көп түспеген.

Сонымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі болып президент әкімшілігі жетекшісінің ендігі жерде бұрынғы орынбасары деп аталатын Құмар Ақсақалов тағайындалды. Ақмолаға әкім болып президент істері басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Мәлік Мырзалин барды. Қарағанды облысы әкімі болып тағайындалған Ерлан Қошанов кейінгі бес жылда премьер-министр кеңсесін басқарған. Ал Маңғыстау облысы басшылығына барған Ералы Тоғжанов - жаңадан тағайындалған қалған әкімдерге қарағанда ел-жұртқа аздап белгілі адам. Ол Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы орынбасары болған. Онда жұмыс істеп жүрген кезінде әрине қызмет бабымен журналистердің камераларына көбірек түсіп қалатын.

БҰЛ АДАМДАР КІМ?

Жаңа әкімдердің салыстырмалы түрде көпшілікке белгісіз болуына қарамастан, олар туралы біршама ақпарат табуға болады. Мәселен Маңғыстауға барған Ералы Тоғжановтың ресми өмірбаянында оның Батыс Қазақстанда туғаны, дін істері жөніндегі комитет төрағасы болғаны жазылған. Комитет ол кезде әділет министрлігі құрамында болған. Тоғжанов — саяси ғылымдар докторы, заң ғылымдарының кандидаты: соңғы ғылыми дәрежесін ол «Сібір қазақтары облысын басқару және өңірдің Ресейдің шығыс саясатындағы орны (1822–1868)» деген диссертациясы үшін алған. Еңбекте «патша үкіметінің қазақтардың әдет-ғұрып дәстүрлерін шектеп, қазақ даласына империя заңдарын енгізу шаралары» туралы жазылған.

Маңғыстау облысының жаңа әкімі Ералы Тоғжанов. Ақтау, 14 наурыз 2017 жыл.

Ералы Тоғжановтың жазған еңбектері мен сөздерінің көп бөлігі оның Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасары болған қызметімен байланысты. ҚХА - елдегі этностар арасындағы татулықты насихаттайтын кеңесу органы. Кейбір сұхбаттарында Тоғжанов «игі істердің басында Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның тұңғыш президенті, үлкен жүрек иесі, Қазақстанның әр азаматына жүрегінен орын табылатын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргенін» айтқан.

Тоғжанов өмірбаянының кейбір тұстарын арнайы атап өткен жөн сияқты. Мәселен 2003 жылы ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған кезінде әскери оқу-жаттығуларға қатысып, лейтенант шенін алған. Жаттығу кезінде ол «террористерге» ақ ту ілінген беренді көлікпен келеді, бірақ «содырлардың оғы тиіп жараланады». «Алтын Орда» газетінің жазуынша, Тоғжанов ҚХА төрағасы орынбасары болған кезінде «ассамблеяға кіретін славян және казак бірлестіктері арасында біліне бастаған жағымсыз тенденцияларды тоқтата білген», бірақ нақты қандай оқиғаның алдын алғаны жазылмайды.

Солтүстік Қазақстан облысының (СҚО) жаңа әкімі Құмар Ақсақаловтың басшы қызметін атқарған тәжірибесі бар. Бірақ ол облыс емес, Қостанай облысының Меңдіқара және Таран (жиыны алты жыл: 1998-2004) аудандарын басқарған. Оған дейін Ақсақалов совхозда бас инженер және аграрлық кәсіпкер болған. Ақсақаловтың атқарған қызметтері ішінде президенттік «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты басшысы және осы ұйымның хатшысы лауазымдары бар. Ақсақалов жаңа қызметіне келе салып, 13 ауданның әкімдерін кезекпен қабылдағанымен есте қалды.

Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков (ортада) Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақаловты (сол жақта) таныстырып тұр. Оң жақта өңірдің бұрынғы әкімі Ерік Сұлтанов. Петропавловск, 14 наурыз 2017 жыл.

Негізінде Құмар Ақсақаловты көпшілік тани бермейді. Оның тек 2006 жылғы сұхбаты табылды. Ол кезде Ақсақалов президент әкімшілігінде кадр саясаты және ұйымдастыру-бақылау жұмыстары басқармасында алғаш рет мемлекеттік инспектор қызметін атқарған.

Сұхбатында СҚО-ның қазіргі әкімі Әділбек Жақсыбеков (ол да Қостанай облысының тумасы) екеуінің арасында «лоббистік» байланыс жоқ екенін мәлімдейді, лауазымының өсуі немесе төмендеуі тек «басшылыққа байланысты» екенін және көркем шығарма оқуға уақыты жоқтығын, есесіне аптасына екі рет футбол ойнайтынын айтады. Ақсақалов басшылардың кабинетіндегі сән-салтанат «билік пен халықтың арасын алшақтатады» дейді, бірақ «мүлдем аскет болудың да керегі жоқ екенін» ескертеді.

Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі болған Ерлан Қошанов үш басшыны «өткерді» (Кәрім Мәсімов тіпті екі рет премьер болды). Қошановтың өмірбаянына қарасақ, 1990 жылдардың соңында сенат депутаты болғанын, көлік және коммуникация министрлігінде істегенін (соның ішінде азаматтық авиация комитетінің төрағасы) және парламентте үкімет өкілі болып қызмет атқарғанын көреміз.

Соңғы лауазымында отырғанда Қошанов лоббизмді қолдайтынын ашық мәлімдеді. «Қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да лоббизм бүкіл әлемде билік пен бизнестің қалыпты қарым-қатынасы саналады. Кейде бізде бұл үрдіс моральдық-этикалық шектен өтіп, жиренішті түрге енеді. Бұндай үрдістерді жиі кездестіремін және оларға барынша қарсы тұруға тырысамын. Бірақ кейін қалыпты, өркениетті қарым-қатынасқа көшу үшін мұндай кезеңді де бастан өткеруіміз керек шығар. Жағдайы төмен тұрғындар, зейнеткерлер, мүгедектер, дәрігерлер мен мұғалімдердің мүддесіне лобби жасауға түсіністікпен қарау керек» дейді Қошанов бұрынғы сұхбаттарының бірінде.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Қарағанды облысының жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныстырып отыр (сол жақта). Қарағанды, 14 наурыз 2017 жыл.

Төрт жетекшінің ішінде көзге түспейтіні – Мәлік Мырзалин. Ол ең алдымен Қайрат Лама Шариф басқарған кездегі дін істері жөніндегі агенттіктің жауапты хатшысы ретінде танылды (осы кезде барлық бірлестіктерді қайта тіркеуді қарастырған атышулы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды), бірақ бұл қызметте ол ешқандай пікірімен есте қалмады.

Мырзалиннің бірде-бір сұхбатын таба алмадық. Бірақ оның ұзақ уақыт бойы (2013-2017) президент істерін басқарушы орынбасары болып істегені, АҚШ-та оқығаны белгілі, дереккөздерге сенсек, урду тілін біледі.

ОЛАР НЕ ҮШІН КЕЛДІ?

Саяси сарапшылар жаңа тағайындауларды әртүрлі бағалайды. Саясаттанушы Айдос Сарым мұндай тағайындаудың астарына үңіліп керегі жоқ, әкімдерді жаппай ауыстырудың арнайы мақсаты жоқ дейді.

— Қазақстанда адамдарды қызметке тағайындау кезінде аймақты дамыту тұрғысынан қарамайды. Президент пен оның әкімшілігінде «қызметке тағайындауға лайық» деген түсінік қалыптасқан. Оларды әкім етіп тағайындап, бағын сынауға мүмкіндік береді. Қолынан келсе – жақсы. Келмесе – мейлі, өз обалы өзіне, - деді Айдос Сарым Азаттық тілшісіне.

Саясаттанушының айтуынша, бұл адамдардың бәрі «көлеңкеде» отырады және резервте тұрады, кез келген уақытта әлдебір қызметке тағайындала салуы мүмкін. Төрт әкімнің бірден сайланғанын Айдос Сарым «ұзақ оқталған, пісіп жетілген шешім» деп түсіндіреді.

«Альтернатива» зерттеулер орталығы директоры Андрей Чеботарев әкімдерді тағайындау – Қазақстандағы жақында жарияланған конституциялық реформа нәтижесі дейді: билік тармақтары арасында «өкілеттікті үлестірген» соң билікте төменнен жоғарыға қарай кадрлық өзгерістер жасау керек – соны аймақтардан бастауды ұйғарды. «Неге осы адамдарды сайлады» деген сұрақ басқа мәселе.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысында ресми сапармен жүрген кезі. 22 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

— Әкім қызметіне тек «орталық» өкілдерін сайлаған кезең болды. Кейін жағдай өзгерді, аймақтан шыққан кадрлар бағаланды, көбіне бұрынғы облыс әкімдері орынбасарлары бастықтарының орнын басты немесе оларды басқа аймақтағы басшымен ауыстырды. Енді ескі үрдіске оралып, «орталықтан» сайлауды қайтадан енгізбек, - деді Андрей Чеботарев Азаттыққа берген сұхбатында.

Чеботаревтің айтуынша, тағайындауларға осындай жоспарлы сайлау дәстүрі аясында қарау керек, бұл жерде адамның аты-жөні маңызды емес, ауыс-түйіс қағидасы рөл атқарады: Ералы Тоғжанов ҚХА басшылығында тоғыз жыл отырды – Қазақстанның саяси өмірі үшін бұл ұзақ мерзім.

Қызметінен кеткен әкімдер де жоғарылап қалуы мүмкін, бірақ оны болжау қиын. Қарағанды облысының бұрынғы басшысы Нұрмұхаммед Әбдібеков қана жаңа қызмет алды - есеп комитетінің төрағасы болды. Бұрынғы әкімдер Алик Айдарбаев, Сергей Кулагин және Ерік Сұлтановтың жаңа қызметке тағайындалғаны туралы ақпарат жоқ.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Sputnik интернет-басылымына берген сұхбатында ауыс-түйіс мұнымен бітпейді деген жорамалын айтты: «6-8 әкімнің тағдыры шешілмек» дейді ол.

«Басшыларды ауыстырып тұрған дұрыс – олар шаршай бастайды. Оның үстіне, әкімдер экономикалық, көбіне қылмыстық мүдделерге ауа бастайды. Олар ортаға қатты бой үйретпеуі керек, басты міндеттері – орталық саясатын жүргізу және бюджет пен әлеуметтік тұрақтылық бойынша белгілі бір көрсеткіштерді орындау. Осындай «қан жаңалап тұру» өте маңызды» дейді Әшімбаев әлгі сұхбатында.

Қазақстанда облыс әкімі қызметіне президенттің өзі тікелей тағайындайды. Жаңа әкімнің кандидатурасын жергілікті мәслихат бекітуі керек, бірақ олардың бас тартқан кезі болған емес.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.