Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК 159/11 колониясында жазасын өтеп жатқан сотталушылардың туыстары түрме алдында акция өткізді. Түрме әкімшілігі колониядағы қысым жайлы ақпаратты жоққа шығарады.
Қыркүйектің 30-ы күні Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК 159/11 колониясы алдында ондаған ата-ана наразылық акциясын өткізіп, түрмедегі балаларын «этапқа» жіберетіндігіне қарсылық танытты.
АКЦИЯ
Қолдарына ұстара мен бензин ұстап алған ата-аналар балаларын қамау орнынан алып кетсе, өздеріне қол жұмсайтындығын айтты. Олардың кейбірі «сотталушыларды таситын көліктің (автозак) табанына жатамыз» деп балалары үшін өлуге дайын екендіктерін айтқан.
- Қайда әкетпек? Олардың жағдайлары мүшкіл. Бізді кіргізбейді. Зонаның алдында жүргенімізге міне қанша күн болды? - дейді ата-аналардың бірі Бибігүл Оспанова жұма күні Азаттық тілшісіне.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, әзірге, оларды қай жаққа, қайда әкететіні белгісіз.
- Бүгін таңертеңнен бастап, сотталушыларды этапқа дайындай бастағаны турасында ақпарат түсті. Жалпы бұл процедура былай жүреді: вахтаға шақырып, сотталушыға заттарын жинастыра беруін, этапқа жіберетінін айтады. Бірақ қайда, қалай жіберетінін ешкім айтпайды, - дейді Вадим Курамшин.
Ата-аналардың айтуынша, бұл акцияда ата-аналармен қатар бірқатар журналистер де болған. Акцияны жергілікті құқық қорғау орган өкілдері бақылағанмен оның өтуіне кедергі жасамаған.
«ӘЗІРГЕ, ЕШКІМДІ ӘКЕТКЕН ЖОҚ»
Есімін Люба деп таныстырған қамаудағылардың жақындарының бірі Азаттық тілшісіне түске дейін түрмеге сотталушыларды таситын көліктің келгенін айтады.
- Қарындарын тілген сотталушыларды этапқа жібереді деп қорыққан едік қой. Автозак келді. Бізді сосын осында жүргізіліп жатқан түсірілімдердің барлығын көріп, лагерьге кіре алған жоқ. Сәйкесінше, бұл жақтан ешкімді әкеткен жоқ, - дейді Люба.
Ол сонымен бірге акцияның бейбіт аяқталғанын, әйтсе де мұнда ата-аналардың жартысы қалатынын айтады.
- Енді біз кетіп бара жатырмыз. Бірақ мұнда адамдар қалады. Олар көліктің жолдан қайтып, сотталушыларды алып кетпеуін қадағалайды. Әзірге, олардың беталысын қайтара алдық, - деді Люба жұма күні Азаттық тілшісіне.
Ата-аналар акциясының өткенін растаған АК 159/11 колония бастығы Дархан Қанатбеков қарнын тілген сотталушыларды этапқа жіберу туралы ақпаратты жоққа шығарды.
- Жоқ, біз тек ем қабылдап болғандарын ғана жібереміз. Ал басқа ешкімді жібермейміз, - деді ол жұма күні Азаттық тілшісіне.
Ол сонымен бірге сотталушыларға қысым көрсетілгені жөніндегі ақпаратты да жоққа шығарды.
Осыдан бір апта бұрын бұл колонияда жүздеген сотталушы қарындарын тілген болған. Ата-аналардың айтуынша, олар мұны өздерін еш негізсіз ұрып-соғып, жаңбыр астында сегіз сағат бойы ұстаған әкімшіліктің әрекетіне қарсылық ретінде жасаған. Ал түрме әкімшілігі болса, бұл азаматтарды «жоспарлы тінту шаралары» кезінде «тыйым салынған заттарды» тартып алуына «наразы болған топ» деп сипаттаған.
Туберкулез дертіне шалдыққан сотталушыларға әлі күнге дейін киімдерін қайтармай отыр.
Ереуілдеген ата-аналардың айтуынша, олардың ешқайсысы да әлі күнге дейін өз балаларын көре алмай келеді, ал қарындарын тілген сотталушыларға ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. «Туберкулез дертіне шалдыққан сотталушыларға әлі күнге дейін киімдерін қайтармай отыр» дейді Бибігүл Оспанова.
- Мына жердегілердің бәрі «балаң қылмыскер болғанннан кейін осылай істеп жатырмыз» дейді. Менің балам кісі өлтірген жоқ. Жай бұзақылықпен түскен. Оларды «өлтірсін, ұрсын, сабасын, ойына келгенін жасасын, ойыншық қылсын» деп бердік пе? – дейді ашынған ана Бибігүл Оспанова.
Осы аптада акция өткізушілер «түрмедегі балаларын қорлауды тоқтатуын» талап етіп, Астанадағы президент әкімшілігі, арнайы министрлікке хат тапсырған болатын.