Жабық балалар мекемелеріне тәуелсіз қоғамдық бақылау жүргізу бастамасы «Халықаралық түрме реформасы» халықаралық ұйымы мен ЮНИСЕФ қолдауымен іске қосылған. Тренингке Қазақстанның түрлі аймақтарынан 45 үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қатысып жатыр, олардың ішінде педагогтар, психологтар, дәрігерлер, құқық қорғаушылар мен Ұлттық превентивті механизм (ҰПМ) белсенділері бар. Бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның жанынан құрылған мониторинг тобына арналған екі күндік тренинг мамырдың 25-і аяқталады.
Кейінгі үш жылда «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы жабық мекемелерде мониторинг жүргізіп, бақылау нәтижелері негізінде полиция учаскелері мен арнайы мектептерде бала құқығын өрескел бұзу фактілері көрсетілген есеп әзірлеген.
PRI ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбиловтың сөзінше, бұл балалар – қызметкерлердің зәбіріне ұшырап, өзге балалар тарапынан буллинг, яғни әлімжеттік көргендер.
Буллинг – әлімжеттік көрсету әрекеттері, қысым көрсету оқиғалары жиі болады, бұған қоса, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарындағы балалар құқығы мүлде шектелген. Олардың әке-шешесімен кездесу мүмкіндігі жоқ, сыртқы дүниемен байланыс орнатуына жағдай жасалмаған.
- Буллинг – әлімжеттік көрсету әрекеттері, қысым көрсету оқиғалары жиі болады, бұған қоса, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарындағы балалар құқығы мүлде шектелген. Олардың әке-шешесімен кездесу мүмкіндігі жоқ, сыртқы дүниемен байланыс орнатуына жағдай жасалмаған. Балалар әлгі мекемелердің сыртында не болып жатқанын білмейді, - дейді Азамат Шамбилов.
Ол мониторинг тобы бала құқығы омбудсменінің балалар құқығын бұзу, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін азайту жөніндегі жұмысына көмектеседі деп үміттенеді.
«Адам құқығы уәкілі» мекемесі басшысы Серік Оспановтың сөзінше, олар ұлттық превентивті механизм аясында әлгі мекемелерді аралау мүмкіндігін арттыруға қол жеткізуді жоспарлайды.
Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зүлфия Байсақованың Азаттыққа айтуынша, Қазақстанда мұндай бастамалар бұрын да талай болған, ертеректе жергілікті құқық қорғаушылар дәл осындай орган құруға тырысқан. Бірақ жабық мекемелердегі балалардың жағдайына мониторинг жүргізудің құралдары бар болса да, олар ол жаққа кіре алмаған. Құқық қорғаушының сөзінше, жабық балалар мекемелерінің бәрін аралауға олар қазір де өкілетті емес.
2013 жылы Астанада адам құқығы уәкілі, халықаралық ұйымдар мен Норвегия елшілігі әзірлеген Қазақстандағы балалар мекемелеріне жүргізілген мониторинг материалдары жинағы шыққан болатын. Оған балалар құқығына мониторинг жүргізуді үйрететін оқу құралы мен балалар құқығына мониторинг жүргізудің практикалық нұсқаулығы және Қазақстандағы балалар мекемелеріне мониторинг жүргізу тәжірибесі жайлы мәліметтер енген болатын. Жинақтың әлгі тарауын қарағандылық құқық қорғаушы Юрий Гусаков әзірлеген. Ол ұлттық превентивті механизм аясында балалар мекемелеріне сол кездегі сияқты қазір де барып тұратынын айтады.
- Егер Қарағанды облысы территориясы мен білім басқармасына қарасты мекемелер жайлы айтар болсақ, облыстық білім басқармасы басшылығы олардың аралауға мүлде қарсы емес, тіпті күнін келісудің қажеті жоқ. Басқарманы хабардар етіп, қай мекемеге баратыныңды айтсаң болды. Біз Литвинов, «Пионер», «Құлыншақ» балалар үйлерінде болдық. Ұлттық превентивті механизмі берген мандат аясында мінез-құлқында ауытқуы бар балаларға арналған Кернеев мектебінде болдық, ол жақта әлдебір мәселелер болған, олар басшылық ауысқаннан кейін шешілді, осында балаларға арналған психоневрологиялық диспансерде болдық. Мен онша үлкен проблемалар байқамадым, бірақ көптеген мекемелер ұлттық превентивті механизмінен әлі мандат алмаған, сондықтан бала құқығы уәкілі Зағипа Балиева әлгі мекемелерге назар аударса, тіпті жақсы болар еді, - дейді Юрий Гусаков.
Оның сөзінше, совет заманынан қалған «еңбекке баулу» сәттері сияқты психологиялық қысым элементтері болмаса, әлгі мекемелерді аралаған кезде балаларға қатігездік көрсету әрекеттерін байқамаған.
Парламент депутаты Зағипа Балиева қоғамдық негізде басқаратын бала құқығы уәкілі институты былтыр ақпанда құрылған.