«Ресеймен татулық» құжатындағы «келісілген сыртқы саясат» тіксінтті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин тату көршілік пен одақтастық туралы келісімге екі ел арасындағы аймақтық әріптестік форумында қол қойған. Екатеринбург, 11 қараша 2013 жыл.

Кей сарапшылар «Ресейге тікелей қарсы шыға алмайтын Қазақстанға» тату көршілік пен одақтастық келісімі аса қажет екенін айтады. Бұл заң жобасының конституцияға сай екеніне күмәнданушылар да бар.

Қазақстан парламенті сенатының депутаттары қазанның 23-і күні «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 21-ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімді» ратификациялады.

Сарапшылар бұл құжаттың кейбір тұстарынан күдіктенетіндерін айтады.

«КЕЛІСІЛГЕН СЫРТҚЫ САЯСАТ»

Саясаттанушы Расул Жұмалы шарттағы «Ресей мен Қазақстан келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген тұстан қауіптенеді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

– «Келісілген сыртқы саясат» – ортақ саясат жүргізу деген сөз. Бұған дейін Ресеймен ортақ экономикалық кеңістік, ортақ сауда кеңістігін, ортақ қорғаныс кеңістігін құрамыз деген ақпараттарға байланысты бірқатар сын пікір айтылды. Оның дені «Қазақстан осындай келісімдерге бара отырып тәуелсіздігінен айырылмай ма? деген сауал болатын, – дейді ол.

Расул Жұмалының айтуынша, «жақсы қарым-қатынастық жасау деген Ресейге бағына беру дегенді білдірмейді».

– Біріншіден, біз сыртқы саясатта туындап қалатын мәселелерге өз ойымызды, мүддемізді ашық білдіре алмайтын болсақ, ұлттық ойымызды басқа мемлекеттен білдіру үшін рұқсат сұрайтын болсақ, онда кім болғанымыз. Екіншіден, қазіргі Ресей басшылығының іс-әрекеттерінде алаңдаушылық білдіретін әрекеттер жеткілікті – осындай мемлекетпен үйлестірілетін сыртқы саясат жүргізуіміз күдік ұялатады, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстанның 7 мың 500 километр ортақ шекарасы бар Ресеймен тату болып, барлық саладағы ынтымақтастық пен әріптестікті дамытуын қолдайды.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.

– Бірақ «тату өмір сүру» мен «бір одақтың құрамында болу» деген нәрселерді шатастыруға болмайды. Шарттың мәтініндегі «келісілген сыртқы саясат» деген сөз – дипломатиялық әрі саяси нонсенс. Әр мемлекеттің өзінің түпкі ұлттық мүдделері болады. Сондықтан да сыртқы саясат дербес, ешбір елге тәуелсіз болуы тиіс, – дейді саясаткер.

Әміржан Қосанов заң жобасындағы «Ресей мен Қазақстан келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген шарттың конституциядағы тәуелсіздік туралы талаптарға сай келер-келмесін білу үшін конституциялық кеңестің сараптамасына салу керек» деп біледі.

«БҰЛ ЗАҢ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ТҰРА АЛУҒА КЕРЕК»

Ал саясаттанушы Дулатбек Қыдырбекұлы сенат мақұлдаған келісімнің маңызды құжат екенін айтады.

– Ресей бұған дейін Қазақстаннан Абхазия мен Оңтүстік Осетияның «тәуелсіздігін», Қырымды өзіне қосып алғанын мойындауды талап етті ғой. Осындай талаптарға қарсы тұру үшін аталған шарттың қажеттілігі бар. Өйткені Қазақстан Ресейге тікелей қарсы шыға алмайды, – дейді ол.

Ресейдің талаптары халықаралық заңдарға қарсы келсе, Қазақстанның Ресеймен келіспеуге хақы бар.
Саясаттанушы Дулатбек Қыдырбекұлы.

​Қазақстанның тек Ресеймен ғана емес, басқа елдермен де түрлі келісімдерге қол қойғанын ескерткен Дулатбек Қыдырбекұлы «Ресейдің талаптары халықаралық заңдарға қарсы келсе, ол заңдарға бағынатын Қазақстанның Ресеймен келіспеуге хақы бар» екенін айтты.

Қазақстан мен Ресей президенттері «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 21-ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімге» 2013 жылы қарашада Екатеринбург қаласында қол қойған еді.

Келісімде сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, транспорттық дәліздерді құру, су ресурстары мен экологияны рационалды пайдалану, әскери және әскери-техникалық салада өзара әрекет ету, мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастықты дамыту, келісілген сыртқы саясат жүргізу, еуразиялық кеңістік пен әлемде бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыруда тығыз іс-қимыл жасау жайлы айтылған.

Қазанның 23-і күні Қазақстан парламенті сенатының депутаттары мақұлдаған құжат енді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жіберіледі.