Лавровтың Өскеменге сапарын екі түрлі сипаттады

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Астана Ресей сыртқы істер министрінің Өскеменге сапарын әуелі «ресми сапар» деп, кейін «жұмыс сапары» деп түсіндірді. Бірақ оның мақсаты бұрынғыдай – «еуразиялық интеграцияны ілгерілету».

Тамыздың 6-сы күні Өскеменге баруы керек Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сапарын Ресей министрлігі «жұмыс сапары» деп сипаттаған. Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің сайтында Лавровтың «ресми сапармен келетіні» хабарланған еді.

«РЕСМИ» МЕН «ЖҰМЫС САПАРЫНЫҢ» АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Азаттық тілшісі бір сапардың бұлайша екі түрлі жариялануының себебін білмек болып Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтың сөзінше, «Лавровтың сапары басында ресми сапар болып жоспарланған».

– Кейіннен жұмыс сапарына ауыстырылды. Жалпы, жұмыс сапары мен ресми сапар арасында мазмұн жағынан айтарлықтай ешқандай үлкен айырмашылық жоқ. Ресми сапарда протоколдық шаралар бар – әуежайдан күтіп алу кезінде, кездесу барысында тулардың орны ауыстырылады, – деді Нұржан Айтмаханов.

Ол сыртқы министрлерінің Астанада емес, Өскеменде жолығуы экономикалық мүдделерге қатысты екенін айтады.

Қазақстан мен Ресей сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов (сол жақта) пен Сергей Лавров. Мәскеу, 3 сәуір 2014 жыл.

– Өскеменде бірқатар бірлескен кәсіпорындар бар. Қазақстан мен Ресей арасындағы өңір аралық ынтымақтастық өте мықты. 70 пайызға дейін сауда айналымы – сол өңірлер арасындағы ынтымақтастық нәтижесі. Сондықтан сол жерге барып бірқатар бірлескен кәсіпорындарды қарап шығады, – дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов.

МАҚСАТ - ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, ертең Өскеменде жолығатын Қазақстан мен Ресейдің сыртқы істер министрлері екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс, еуразиялық интеграциялық процестерді жылжыту мәселелерін қарастырады.

Ресей сыртқы істер министрлігі де Сергей Лавровтың екі күндік сапарын «екі елдің стратегиялық әріптестік пен одақтық қарым-қатынасты дамытуды көздегенін көрсететін қарқынды саяси диалог аясындағы жұмыс сапары» деп сипаттайды.

Биыл Украина дағдарысы басталғалы Қазақстан мен Ресей үкіметі өкілдері осымен бірнеше рет кездескелі отыр. Бұған дейін шілденің 4-інде Қазақстан қорғаныс министрі Серік Ахметов пен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Астанада өткен қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында кездескен. Олар екі ел қарулы күштерінің аэродромдарындағы әскери әуе кемелерін қабылдау, техникалық қамтамасыз ету және қорғау туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойған.

Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы, Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграциялық әрекеттестік және Украина дағдырысы жайы екі ел президенттері арасындағы бірнеше телефон әңгімесіне де өзек болған.