«Қазақстан-Семей» телеарнасында бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін С. есімді журналист (аты-жөнін толық атамауды өтінді – ред.) басшылықтан мекеменің 2016 жылдан бастап жабылатыны туралы хабар алғанын айтады.
– Телерна жұмысы тоқтатылады. Тек 15 жұмысшы қалады. Қалатын тілшілер Семейден сюжет түсіріп, Өскеменге жібереді. Ал қысқаратын журналистерге «Қазақстан» корпорациясы басқа өңірлерден жұмыс беретінін айтты. Қызметкерлердің басым бөлігінің баспанасы, отбасы Семейде болғандықтан басқа қалаға бара алмайтындарын айтып жүр. Маған Астанадан жұмыс ұсынды. Ол жаққа барып жұмыс істеуге мүмкіндігім жоқ. Сондықтан арнаның жабылмағанын қалаймын, – дейді арна қызметкері.
Телеарнаның есімін айтуды қаламаған тағы бір қызметкері де басқа қаладан шақырту алғанымен бара алмайтынын айтты.
– Өткен аптада Астанадан корпорация өкілдері келіп, «Қазақстан-Семей» арнасы «Қазақстан-Өскемен» арнасымен (корпорацияның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы – ред.) бірігетінін айтты. Олар «арнаның жабылуына дағдарыс себеп» деп түсіндірді. Өз басым Талдықорғаннан жұмыс ұсынса, отбасымды тастап кете алмаймын, – деді ол Азаттыққа.
Журналистердің айтуынша, телеарнада 70-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Телеарна 15-ке жуық жеке жоба мен күнделікті таңғы бағдарлама және жаңалықтар шығарады.
Телеарнаның жабылуын жергілікті белсенділер мен қала тұрғындары да қаламайды. Семей қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Орал Шәріпбай «300 мыңнан астам халқы бар бір қала телеарнасыз қала ма» деп алаңдайды.
– Үкіметке «Қазақстан-Семей» арнасын алып қалуды сұрап өтініш жазып жібердік. Қазір ақпарат және байланыс комитетінен жауап күтіп отырмыз, – дейді қалалық белсенді.
«Қазақстан-Семей» телеарнасының ұжымы көмек сұрап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да хат жазған. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің 188 студенті мен оқытушылары, қаладағы екі мектеп ұжымы мен үш мәдениет орталығы «Қазақстан» телерадио корпорациясының басшылығына қалалық телеарнасын жаппауды сұрап хат жолдаған. Өтініш айтушылардың қатарында №5 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернаты, Әнет Баба атындағы орталық мешіт пен Воскресенский соборы бар.
«Қазақстан» телеарнасының аймақтарды дамыту жөніндегі департамент директоры, Семейге арнайы барып, телеарна қызметкерлеріне телеарнаны жабу туралы корпорация шешімі туралы ескерткен Құрманбек Жұмағали «жұмыстан қысқартылатындардың барлығына жұмыс ұсынылатынын» айтты.
– Бір облыста екі арна болуы дұрыс емес. Семейдегі телеарна қала Шығыс Қазақстан облысының орталығы болып тұрған кезден қалып кеткен. Бұл мәселе бес жылдан бері көтеріліп жүрген. Алдағы уақытта цифрлы телеарнаға көшсек, бір облысқа екі цифрлы телеарна аппаратын орнату мүмкін емес, – деді «Қазақстан» телеарнасының өкілі Азаттыққа.
Ал «Қазақстан-Семей» арнасының басшыларының бірі Азаттықтың "қанша қызметкер қысқарады?" деген сауалына белгісіз деп жауап берді.
– Телеарна жабылған жағдайда ғимарат пен телеарна техникаларының тағдырын арнайы ликвидациялық комиссия шешеді, – деді ол.
Семейдегі алғашқы телестудия 50 жыл бұрын – 1965 жылғы қыркүйектің 1-інде ашылған. Қазақстандағы облыстар саны қысқарған кезде мемлекеттік телерадио корпорацияның бұрынғы Жезқазған, Торғай және Талдықорған облыстарындағы филиалдары жабылғанымен Семей қаласындағы бөлімі қалалық филиал ретінде сақталып келген.