Дүйсенбі таңертеңнен бастап Шымкент қаласының Төле би көшесінің бойында орналасқан "Орталық Қырғы базар" аталатын сауда орнында 30 шақты дүңгіршектерін бұзуға наразылық танытты. Оқиға орнындағы Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ондаған саудагерлерге таңғы сағат ондар шамасында полицейлер, сот орындаушылары мен прокуратура өкілдері келген.
Сот бұзуға шешім шығарған 34 дүңгіршектің саудагері кеше сауда орындарын сүруге қарсылық танытып, түнде бала-шағасымен дүңгіршектерде түнеген. Сүру жұмыстары басталмай тұрып сот орындаушылары саудагерлерге сүруге қарсылық танытса бес тәулік әкімшілік қамауға алынатынын немесе айыппұл салынатынын ескерткен.
Бірақ саудагерлер оны елемей, сүру жұмыстарына қарсылық көрсеткен соң оншақты әйелді полиция ұстап, көлікке отырғызып алып кетті. Дүңгіршектерінен шықпай отырған біраз саудагерді полиция қызметкерлері күшпен сыртқа шығарды. Кейбірі өз еркімен тауарларын жинап жатыр.
Полиция ұстап алып кеткен адамдар Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген. Азаттық осы ішкі істер бөлімінен мәлімет алуға тырысқанымен, әзірге ешқандай ақпарат берілген жоқ.
Дегенмен, Түркістан облыстық ішкі істер департаменті бұл ақпаратты растады. Мекеменің баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, «Әл Фараби аудандық полиция бөліміне қоғамдық орында полицияға бағынбай, дауыс көтергені үшін екі азаматша бөлімге жеткізілген. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, босатылды".
Ал сот орындаушысы Айнұр Тойшыбекова саудагерлерге сот шешімін оқып, бұзуға кедергі жасаған жағдайда әкімшілік құқұқбұзушылық туралы заңның 667 бабымен айыппұл салынатынын немесе бес тәулікке қамалатынын ескертті. 667 бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (жиыны - 48 мың 100 теңге) айыппұл көзделген.
Сатушылардың айтуынша, шілденің 28-і күні сот орындаушылары өздерін сауда орындары мен дүңгіршектерін бұзу туралы сот шешімімен таныстырып, екі күнде орындарын босатуды талап еткен. Олар Түркістан облыстық соты 27 шілде күні 34 дүңгіршекті бұзу туралы шешім шығарғанын айтады. Сот дүңгіршектерді "заңсыз салынған" деп тапқан. Ал дүңгіршектер орналасқан жердің өзін мемлекетке қайтару туралы сот шешімі 2015 жылы шыққан.
Саудагер Алтынай Нарымбетова бұған дейін Азаттыққа екі күнде басқа жақтан орын тауып, дүңгіршектерін босата алмайтындарын айтқан. Олар билік орындары өздеріне екі ай уақыт берсе, сатушылар базардан өз еркімен кетуге дайын екенін жеткізген. Прокурорлар саудагерлерге базардың ішінен орын тауып беруді ұсынғанымен, сатушылар "базарда сауда болмайды" деп, көшуден бас тартқан.
Базар алдын полиция қызметкерлері қоршап, ішке ешкімді өткізбей тұр. Оқиға орнына дүңгіршектерді сүруге арнайы техника, өрт сөндіру техникалары мен жедел жәрдем көлігі әкелінген.