Тұтқын «СИЗО-да денсаулығынан айырылғанын» айтады

Қазір түрмеде отырған Диас Ақшалов. Сурет отбасылық архивтен алынды.

Сотталған Диас Ақшаловтың әке-шешесі «баламыз тергеу абақтысында өлетін шығар» деп уайымдайды. Олар «медициналық көмек уақтылы көрсетілмей, баламыз түрмеде бірнеше ауыр дертке шалдықты» дейді.

Астаналық тұрғындар Боранбай Ақшалов пен Нина Нағызқұлованың баласы биыл шілде айында үш жылға сотталған.

Сот үкіміне қарағанда, 24 жастағы Диас Ақшаловқа екі досымен бірге астаналық тұрғындардың пәтеріне пластик терезе арқылы кіріп, үйлерін тонаған деген айып тағылған.

Әке-шешесі Диастың кінәлі екеніне сенбейді. Олар «тергеушілер баламыздың қылмысын дәлелдейтін айғақ таппады, ал ұрлық жасады деген жігіттер полицейлердің қамаудан босатамыз деген уәдесіне сеніп, баламызға жала жапқан» дейді.

Жас жігіттің кінәлі екеніне сенбейтін әке-шешесі енді оның нашарлап кеткен денсаулығына алаңдай бастаған. Осы аптада елдегі түрме жүйесі басшылығы Азаттықтың сұрақтарына байланысты «тұтқын Диас Ақшаловтың емделіп жатқанын» хабарлап, жалпы денсаулығы «қанағаттанарлық» деген жауап берді.

ТАБЛЕТКАЛАР

Тұтқынның әкесінің айтуынша, былтыр сәуір айында қамалғаннан бері және тергеу амалдары мен сот жүріп жатқан кезде Диас Ақшаловқа медициналық көмек көрсетілмеген. Тергеу абақтысында ол әуелі туберкулезбен ауырған.

Әкесінің айтуынша, оны абақтының медициналық бөлімінде емдеген. Бірақ биыл қаңтарда тұтқын қан құса бастаған соң оған екі күн қатарынан жедел жәрдем шақырған.

Азаттық тілшісіне Боранбай Ақшалов көрсеткен жедел жәрдем дәрігерінің медициналық ұйғарымында тұтқынға «асқазанның ойық жарасы» деген диагноз қойылған. Дәрігер оны Астанадағы қалалық ауруханалардың біріне жатқызып, «хирургке тексерту керек» деген кеңес берген. Бірақ тұтқынды алып жүру туралы шешім қабылдайтын тергеу абақтысы бастығы жұмыс орнында болмауы себепті Диас Ақшаловты ауруханаға апармаған.

Диас Ақшалов. Сурет отбасылық архивтен алынды.

- Жедел жәрдем шақырардан 15 күн бұрын балам «олар маған туберкулезге қарсы таблеткалар берді» деген еді. Олар улы ғой. Әлгі таблеткадан кейін сүт немесе айран ішуі тиіс. Оның денсаулығын әлгі таблеткалар құртты, өйткені оны ішкеннен кейін асқазаны ғана ауырмай, бауыр циррозы да пайда болған. Оны ауруханаға апаруға кеңес берген жедел жәрдем дәрігері оны тексеру үшін артынан қайта келген. Бірақ оған «қан кетуді өзіміз тоқтаттық» деген. Қамауға дейін ұлымның дені сап-сау болатын, бала кезінде тіпті сары аурумен де ауырмаған, нашақор да, маскүнем де емес. Тіпті темекі де шекпейтін, ал енді бауыры мүлде семіп қалды, - дейді Боранбай Ақшалов.

Ол ұлын Астананың қалалық ауруханаларында емдеу үшін сот процесі кезінде талай өтініш бергенін, бірақ рұқсат ала алмағанын айтады.

Әкесінің айтуынша, биыл тамызда оның асқазанынан тағы да қан кеткен соң және тұтқынның анасы Нина Нағызқұлова Астананың тергеу абақтысы алдында наразылық акциясын өткізгеннен кейін ғана Диас Ақшаловты №2 қалалық ауруханаға апарған. Дәрігерлер оған «бауыр циррозы, өңеш көк тамырларының варикозы (кеңеюі), асқазанның созылмалы гастритінің асқынуы» деген бірнеше диагноз қойған.

Өңештің ішкі көк тамырына шұғыл операция жасалды. Дәрігер «емдеуді тезірек бастау әрі үзбеу керек, өйткені кез келген сәтте басқа жерден көк тамыр жарылуы мүмкін» деді.

- Өңештің ішкі көк тамырына шұғыл операция жасалды. Дәрігер «емдеуді тезірек бастау әрі үзбеу керек, өйткені кез келген сәтте басқа жерден көк тамыр жарылуы мүмкін» деді. Бізге баламыздың өмірі ұзаққа бармайтынын айтты. Анасы екеуміз бауырдың дәрісін ғана сегіз мың теңгеге сатып алдық, - дейді Боранбай Ақшалов.

Туыстары тергеу абақтысындағы Диас Ақшаловтан алған соңғы хаттардың бірі түрлі мекемелерге жазылған шағым болып шықты. «Дұрыс емдемеудің кесірінен денсаулығымнан айырылдым әрі өміріме қауіпті бірнеше ауыр сырқатқа шалдықтым» деп шағымданған тұтқын Астанадағы тергеу абақтысы медициналық қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды.

«ЖАҒДАЙЫ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ»

Ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарасты қылмыстық-атқару комитетіне (ҚАЖК) Азаттық Диас Ақшаловтың денсаулығы туралы сауал жолдады. Осы аптада келген жауапта «адам құқығын қорғау мақсатында», «халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс негізінде» тұтқынның нақты диагнозы туралы ақпарат беру мүмкін емес екені жазылған.

Диастың ата-анасы Нина Нағызқұлова мен Боранбай Ақшалов. Астана, 2014 жылдың тамызы.

Бірақ ҚАЖК қызметкерлері былтыр мамыр айынан бастап биылғы тамызға дейін тұтқын Диас Ақшалов Астанадағы тергеу абақтысының медициналық бөлімінде жатып емделгенін әрі оған ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында операция жасалғанын хабарлайды.

ІІМ жауабында қазір Диас Ақшаловтың облысаралық соматикалық ауруханада емделіп жатқаны әрі жалпы жағдайы қанағаттанарлық екені жазылған.

Тұтқынның Астанадағы тергеу абақтысы дәрігерлерін тексеріп, жазалауды сұраған шағымына қатысты сұраққа қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жауап бермеген.

Боранбай Ақшалов пен Нина Нағызқұлованың Диастан басқа бес баласы бар. Олар Астанаға 14 жыл бұрын Қостанай облысындағы Арқалық қаласынан көшіп келген. Былтыр билік көп балалы отбасыға жалға пәтер берген. Бұған дейін олар жатахананың бір бөлмесін жалдап тұрған.

Отбасындағы төртінші бала - Диас заңгер мамандығы бойынша колледжге оқуға түскен. Бірақ оқуға төлейтін ақша болмай, оқуын тастап, жұмыс істеген. Кейін өз кәсібін ашқысы келген жігіт банктен несие алып, сауда үйлерінің бірінде ұялы телефон сататын бөлім ашқан.

Қамауға дейін Диас ұзақ уақыт бойы әке-шешесінен бөлек тұрған. Жатахананың бір бөлмесі үлкен отбасыға тарлық еткен соң ол таныс жігіттердің пәтерінің бір бөлмесін жалдап тұрған. «Пәтер тонады» деген күдікпен әуелі екі жігіт ұсталған, кейін олар Диасқа қарсы куәлік берген.