«Адам саудасы құрбандары азаймай тұр»

Көрнекі сурет.

Қоғамдық ұйым өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында адам саудасы құрбандары азаймай отырғанын айтады. Азаттық тілшісі тілдескен жәбірленушілер сөзінен қылмыскерлердің тәсілі әртүрлі болатыны байқалды. Полиция «жәбірленушілердің көбі шағым түсіруге қорқатынын» мәлімдеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті (ІІД) дерегінше, 2015 жылы өңірде 42 адам саудасы оқиғасы тіркелсе, биылғы 10 айда 49 дерек анықталған. ІІД жәбірленушілер көбіне «жайсыз отбасынан шыққан, жоқшылық күйзелткен, қараусыз қалған немесе тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар, шетел азаматтары, тастанды балалар» екенін хабарлайды. Мәселен, Азаттыққа өзін «біреулердің бірнеше ай күңдікте ұстағанын» айтқан әйелдің «тұрақты жұмысы болмаған».

«ҚҰЛДЫҚҚА ТҮСКЕНІМДІ СОЛ СӘТТЕ ТҮСІНДІМ»

45 жастағы Шымкент тұрғыны, екі баланың анасы, жесір әйел Наргиза Жақсылықова (аты-жөні өзгертілді – ред.) 2016 жылдың басында бірнеше ай «күңдікте (құлдықта - ред.) болғанын» айтады. Ол Шымкентте «Екі ұлымен пәтер жалдап тұрған. Тұрақты жұмысы болмаған, қара жұмыстарға жалданған».

- Қара жұмыстың өзі күнде бола бермейді. Кейде жеуге нан таппайтын едік. Бір әйел «танысының мал қарауға жұмысшы іздеп жүргенін» айтты. Айтқан жалақысы жақсы болған соң балаларымды бауырымның үйіне тастадым да, әлгі әйелмен қыстаққа бардым, - дейді Наргиза Жақсылықова.

Оның сөзінше, оларды бір табын сиыры бар ер адам мен «оның үш жиені» күтіп алған. Әйел сол күні қайтып кеткен. Наргиза «табынға жем-шөп беру, суару, сиыр сауу, қора тазалау» жұмыстарын атқаратын болған. Ол «бір апта өткен соң ер адамның күтпеген жерден таяқтың астына алғанын» айтады.

Есімді жисам қора жанындағы ескі тамда жатырмын. Есігі бар, терезесі жоқ. Қыс еді. Суық, сыз. Құлдыққа түскенімді осы сәтте түсіндім.

- Есімді жисам қора жанындағы ескі тамда жатырмын. Есігі бар, терезесі жоқ. Қыс еді. Суық, сыз. Күңдікке түскенімді осы сәтте түсіндім,- дейді ол.

Наргиза қорада «таң атқанша отырған». Мал иесі таңертең кіріп, «қашуға әрекеттенсе, балаларын ұрлап кететінін, оларды өмірі көре алмайтынын» айтқан. Мұнан соң оның «әр қадамы аңдулы болған».

- Мысалы, сиырды санайды да, кем деп ұрады. Беретіні - қара нан мен қара су. Оның өзін итке тастағандай етіп береді. Мазақ етеді, қорлайды, - дейді ол.

Наргиза «қыстақтан қашып шығып, қаланы зорға тапқан». Ал оған психологиялық көмек көрсетіп жатқан орталық психологы Шахноза Хасанова «Наргизамен жұмыс істегендеріне үш ай болғанын» айтады.

«Сана-сезім» үкіметтік емес ұйымының өкілі Шахноза Хасанова (оң жақта) Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматқа еңбек мигранттарының құқығы туралы кеңес беріп отыр. Шымкент, 10 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

- Ол басынан өткен жағдайды әлі толық түсінбейді. Бойында - үрей. Күйзелістен айықпады. Полицейлерге хабарламауының бір себебі осында және ол өзінің қай жерде болғанын нақты білмейді, - дейді маман.

Орталық мамандары оқиғаны полицияға баяндаған. Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД ақпарат басқармасы басшысы Салтанат Қаракөзова «адам саудасы ауыр қылмыс екенін, оқиғалар жан-жақты тексерілетінін, анықталған жағдайда қылмыскер жауапкершілікке тартылатынын» айтты.

Ал орталықтың əлеуметтік қызметкері Раушан Худайшукурова «биыл жыныстық күңдіктен құтқарылған жас қыздың» мысалын әңгімеледі. «Әлеуметтік желі арқылы танысқан жігіт қалаға шақырған. Жігіт жалдаған пəтерге келген ол бір ай бойы зорлық көрген. Жігіт зорлап күңдікте ұстаған».

- Қыздың пəтерде еркінен тыс ұсталып отырғанын пəтер иесі біліп қойып, бізге хабарлады. Біз полицейлермен бірге барып, қызды шығарып алдық. Жігіт сол жерде қамауға алынды, - дейді ол.

АДАМ САУДАСЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ - ЖЕЗӨКШЕЛІК

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары Әсілхан Қалаубаевтың айтуынша, «2015 жылы өңірде адам саудасының 42 дерегі, ал биылғы 10 айда 49 оқиға анықталған».

- 49 оқиғаның 34-і жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлықпен айналысқандар, - дейді департамент өкілі.

Көрнекі сурет.

Әсілхан Қалаубаев «қылмыс құрбандары қажетті органдарға арызданбағандықтан, көбі есепке алынбайтынын» да айтты.

Адам саудасы құрбандарына көмек көрсететін Шымкенттегі «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігі төрайымы Хадиша Әбішева да «адам саудасы құрбандары көбіне құзырлы органға арызданбайтынын» айтады.

- Жыныстық зорлыққа ұшырағандары көп. Олардың ішінде шет ел азаматтары да бар. Мысалы, жыл басынан бері бірлестікке адам саудасы жөнінде 179 кісі хабарласып, көмек сұрады. Бірлестік көмегімен құлдықтан 30 адам құтқарылды, - дейді төрайым.

«ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ ТІРІ ТАУАРҒА АЙНАЛАДЫ»

Заңгер Лилия Халиуллинаның сөзіне қарағанда, «Оңтүстік Қазақстан облысында шетелдерден, әсіресе Өзбекстаннан жұмыс істеуге келетін еңбек мигранттары тірі тауарға айналады». Ол бұл жұмысшыларды жұмысқа жалдау кезінде «адам саудасына тән элементтердің байқалатынын» айтады.

- Алдап-арбап жұмысқа тарту, тамақ, жатын орын бермеу, медициналық көмек көрсетпеу сияқты әрекеттер бар. Одан бөлек, жұмысшылардың құжаттарын алып, заңсыз қамап, ұрып-соғады. Олармен келісімшарт жасалмайды, келісілген жалақы уақтылы төленбейді, - дейді заңгер.

Адам саудасына тап болған адам әуелі өткенді ұмытып, жаңа өмір бастауға әрекеттенуі керек. Бұл үшін оған тек психолог емес, ең алдымен қоршаған ортасы, туған-туысы көмекке келгені абзал.

Психолог Шахноза Хасанованың Азаттыққа айтуынша, еркінен тыс қамалып, қалауынан тыс жұмысқа салынған адамда «томаға-тұйық мінез қалыптасады».

- Адам саудасына тап болған кісі әуелі өткенді ұмытып, жаңа өмір бастауға әрекеттенуі керек. Бұл үшін оған тек психолог емес, ең алдымен қоршаған ортасы, туған-туысы көмекке келгені абзал, - дейді психолог.

Ал «бірнеше ай күңдікке түскен» Наргиза Жақсылықова «әлі күнге есін жия алмай жүргенін» айтады.

- Балаларымды сағындым. Олар үшін қатты алаңдаймын. Қазір жақындарымның жанында болсам да үрейден арыла алмай отырамын. Әлгі адамдар мені іздей ме, кездесіп қала ма деп қорқамын, - дейді Наргиза Жақсылықова.