РИОДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР
2016 жылы тамыздың 5-і мен 21-і аралығында Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы олимпиада ойындарына 104 спортшы апарған Қазақстан үш алтын, бес күміс және тоғыз қола жүлдемен жалпы есепте 22-орын алды. Осыған дейін Қазақстан олимпиада ойындарында мұншама көп медаль алған емес.
Боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Нижат Рахимов және жүзуден Дмитрий Баландин олимпиада чемпионы атанды. Қазақстанның жүзуден алғашқы олимпиада жүлдесін мамандар мен жанкүйерлер "тосын жеңіс" деп бағалады.
Боксшы Василий Левиттің ресейлік Евгений Тищенкомен финалдық жекпе-жегінің ресми нәтижесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Жеңісті ресейлік спортшыға берген төрешілердің шешімін жанкүйерлер мен бокс сарапшылары сынады. Даулы финалдың үш төрешісін кейін AIBA (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) олимпиадада төрелік етуден шеттетті. Қазір қауымдастық ұпай есептеу жүйесін реформалау мәселесін қарастырып жатыр.
Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті мен ел үкіметі жалпы саны 17 медаль алған құрама спортшыларын жаңа жетістігімен құттықтады. Жанкүйерлер арасында Қазақстанның жалпы есепте Риода төрт алтын алған Өзбекстаннан қалып қойғанына қынжылыс білдіргендер де болды.
Рио олимпиадасы жүлдегерлері
Рио олимпиадасы жүлдегерлері
Алтын:
Данияр Елеусінов, бокс
Дмитрий Баландин, жүзу
Нижат Рахимов, ауыр атлетика
Күміс:
Жазира Жаппарқұл, ауыр атлетика
Елдос Сметов, дзюдо
Василий Левит, бокс
Әділбек Ниязымбетов, бокс
Гюзаль Манюрова, әйелдер күресі
Қола:
Галбадрах Отгонцэцэг, дзюдо
Фархад Харки, ауыр атлетика
Александр Зайчиков, ауыр атлетика
Карина Горичева, ауыр атлетика
Ольга Рыпакова, жеңіл атлетика
Элмира Сыздықова, әйелдер күресі
Екатерина Ларионова, әйелдер күресі
Иван Дычко, бокс
Дариға Шәкімова, бокс
Биылғы жыл Қазақстан паралимпиадашылары үшін де табысты жыл болды. Қазақстандық 51 жастағы Зүлфия Ғабидуллина Риода өткен паралимпиадада жүзуден алтын алып, ұлттық құрама тарихында тұңғыш паралимпиада чемпионы атанды. Шетелдік басылымдарда оның есімі паралимпиадада үздік шыққан егде спортшының бірі ретінде аталды. Қазақстандық тағы бір паралимпиадашы - 50 жастағы Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен күміс медаль иеленді.
ДОПИНГ ЖАНЖАЛЫ
2016 жылы қазақстандық төрт ауыл атлет бұған дейін Пекин (2008 жылы) және Лондон (2012 жылы) олимпиада ойындарында жеңіп алған төрт алтынды қайтаруға мәжбүр болды. Мамырда Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен Бүкіләлемдік допингке қарсы қауымдастық (WADA) Пекин және Лондон олимпиадаларында алынған сынамаларды қайта тексерген кезде Қазақстанның бірнеше атлетінің сынамасынан тыйым салынған препарат белгілері анықталды. Пекин мен Лондонда қатарынан екі мәрте чемпион атанған ауыр атлет Илья Ильиннің сынамасынан да допинг ізі табылған. Ильин допинг қолданбағанын бірнеше рет мәлімдегенімен, атақ-жүлделерінен айырылды. ХОК Лондонда алтынға ие болған қазақстандық ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедованы да допинг қолданған деп тауып, олимпиададағы ресми нәтижелерін жойды.
Осылайша Қазақстан Пекин мен Лондонда алған бес алтын, бір күміс және екі қола медалінен айырылды. Ауыр атлетикадан ұлттық құраманы 20 жылға жуық жаттықтырған бапкер Алексей Ни отставкаға кетті.
11 олимпиада ойындарына барған қазақстандық спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы Қазақстанның Риодағы жетістігі допинг жанжалы көлеңкесінде қалып қойды деген пікірде.
- Қазақстан спортына [допинг дауы] үлкен соққы болды. Төрт алтынды қайтарып алу – үлкен мәселе. Мемлекет халықаралық антидопинг агенттігіне [WADA] сұрау салу керек. Төрт жылдан кейін, сегіз жылдан кейін емес, сол олимпиада біткенде табылғанда мәселе басқа болар еді. Бұл жерде жауапсыз қалған сұрақ көп, - дейді журналист.
WADA өкілдері спортшылар сынамалары жаңа технологияның көмегімен қайта тексерілгенін және кез келген спортшының сынамасын он жыл көлемінде қайта ашып тексеруге құқылы екені туралы мәлімдеді.
Спорт шолушысы Мадияр Арыстанбаев аяқталып отырған жыл Қазақстан спорты үшін ала-құла болғанын айтады.
- 2016 жыл Қазақстан спорты үшін сәтті болды деуге болады. Риода алтын аз болғанымен медаль санынан рекорд орнаттық. Бірақ жыл басынан бері ауыр атлеттердің допинг дауына ілінуі үлкен уайым болды. Арты жақсы бітпеді. Қазір көңілде уайым қалды. Риода медаль алған спортшыларға 4 не 8 жылдан кейін жүлдесін қайтарып беруге тура келмей ме деген сауалға ешкім жауап бере алмайды, - дейді ол.
Допинг жанжалын әлеуметтік желіде талқылау барысында кей жанкүйерлер сынамасынан тыйым салынған препарат табылған спортшы мемлекеттен алған сыйақысын да қайтарсын деген талап білдірді. Бірақ мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы спортшыларға берілген сыйақы, пәтер, автокөліктер қайтарылмайтыны туралы мәлімдеді.
Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес, олимпиада алтынын жеңіп алған спортшыға 250 мың доллар, күміс медаль иегеріне - 150 мың доллар, қола жүлдегерге - 75 мың доллар сыйақы беріледі.
ФУТБОЛДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ
2016 жыл Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) төңірегіндегі дау-дамаймен де есте қалды. Жыл басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың жұмысын сынап, орнынан кетуін талап етті. Айсұлтан Назарбаев ҚФФ басшылығына өз кандидатурасын ұсынды. Кейін Қожағапанов шетелге оқуға кетуіне байланысты ҚФФ басшылығын уақытша қалдыратынын мәлімдеген. Арада бір апта өткенде ҚФФ сайтында Ерлан Қожағапановтың отставкаға кеткені туралы ақпарат жарияланды. Оның орнына футбол ардагері, ҚФФ-да бірнеше жыл қызмет атқарған 66 жастағы Сейілда Байшақов тағайындалды.
Қарашада "Ақтөбе" футбол командасының бас директоры ресейлік маман Дмитрий Васильев "клубқа бөлінген 240 миллион 840 мың теңгені қолды қылды" деген күдікпен қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "футболдан ел чемпионатының бірінші кезеңі қорытындысы бойынша "Ақтөбе" командасының үздік алтылыққа енгені үшін ойыншылары мен жаттықтырушыларға 69 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы берілген. Бұл соманың 15 миллион теңгесін Васильев өзі алған" деп мәлімдеді. Дмитрий Васильев "сыйақы беру облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен келісілгенін" айтқан.
2016 жылғы әлем чемпионаты жүлдегерлері
2016 жылғы әлем чемпионаты жүлдегерлері:
Алтын:
Назым Қызайбай, бокс
Дина Жоламан, бокс
Валентина Хальзова, бокс
Ләззат Күнгейбаева, бокс
Күміс:
Нұрлан Бекжанов, еркін күрес
Еламан Саясатов, муайтай
Ілияс Мусин, муайтай
Қола:
Айым Әбілдина, әйелдер күресі
Жайна Шекербекова, бокс
Айжан Қожабекова, бокс
Павел Марда, пауэрлифтинг
Залим Кубанбаев, пауэрлифтинг
Исхан Галиев, муай тай
Қазақстандық маман Талғат Байсуфинов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына іріктеу жарысында Польша және Румыниямен тең түсіп, Черногориядан 0:5, Даниядан - 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Іріктеу кезеңіндегі екі ұтылысты әлеуметтік желіде талқылаған кей жанкүйерлер сәтсіз ойындарға бас бапкерді кінәлап, тіпті оның отставкаға кетуін де талап еткен.
- 2016 жылы Қазақстан футболы екіұдай күй кешті. Ұлттық құрама жолдастық кездесуде Қытай мен Әзербайжан құрамасын жеңді. Қазақстан жылды FIFA рейтингінде 98-орында аяқтады. "Астана" футбол командасы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Бірақ Қазақстан чемпионатында дау-дамай көбейіп, төрешілерге қатысты даулы оқиғалар жиіледі. Қазақстан футбол федерациясының президенті [Ерлан Қожағапанов] құзіретіне кірмейтін істерге, оның ішінде Қазақстан чемпионатына араласқаны үшін көп сыналды, - дейді футбол шолушысы Азиз Жұмәділ.
Футзалдан бразилиялық маман Какау жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында қола медаль иеленді. Қазақстан қолаға таласта Сербияны жеңді. Жарыстан кейін Сербия құрамасының ойыншылары "Қазақстан бразилиялық ойыншылардың көмегімен жеңіске жетті" деп мәлімдеді. Қазақстан футзал құрамасында осы елдің азаматтығын алған төрт бразилиялық спортшы бар.
КӘСІПҚОЙ БОКС
Кәсіпқой бокстан орта салмақ дәрежесінде (160 фунт – шамамен 73 келі) WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин биыл екі кездесу өткізді. Сәуірде америкалық Доминик Уэйдті, қыркүйекте британдық боксшы Келл Брукты уақытынан бұрын жеңді. Головкинмен күш сынасуы тиіс болған мексикалық Сауль Альварес жекпе-жектен бас тартып, WBC тұжырымы бойынша чемпион белдігін қазақстандық боксшыға өз еркімен берді. Геннадий Головкин 2017 жылы алғашқы кездесуін наурызда Нью-Йоркте америкалық боксшы Дэниэл Джейкобспен өткізбек.
Қазақстандық тағы бір кәсіпқой боксшы Қанат Ислам да 2016 жылы рингке екі рет шықты. Ол мамырда АҚШ-та өткен кездесуде колумбиядық Хуан Де Анхельді алтыншы раундта нокаутпен жеңді. Қазанда Алматыда ганалық Патрик Аллотеймен 12 раундқа созылған кездесу қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Қанат Исламға берді. Ол бірінші орта салмақта (69 келі) WBA Fedelatin және WBO Intercontinental белдіктерін иеленді. Ганалық боксшы төрешілер шешімімен келіспейтінін, жеңілгенін мойындамайтынын мәлімдеген. Қанат Исламның келесі, 23-кездесуі қашан өтетіні әзірше белгісіз.