«Жалаңаштар үні» Қазақстанға да жетті

«12» қайырымдылық жобасына қатысушылар. Алматы. 23 қараша 2011 жыл.

Алматыда фотограф әйелдердің жалаңаш суреттері жарияланған күнтізбе қайырымдылық мақсатына арналған. Қаржы жинаудың мұндай әдісі бұрыннан бар. Бірақ қазіргі кезде бүкіл әлемде ақша емес, наразылық таныту үшін жалаңаштанады.

Қазақстандықтар бұдан бұрын журналист Гүлжан Ерғалиеваның өз веб-сайтын танымал ету үшін: «Әдемі өтіріктен жалаңаш шындық артық» деп, камера алдында шешінгенін әлі ұмыта қойған жоқ. Қоғам бұл көріністі ұмытып үлгерместен, қараша айында алматылық 12 әйелдің жалаңаш суреті басылған күнтізбе жарыққа шықты.

Қазіргі кезде интернетте «жалаңаштанып наразылық таныту» жұртшылықтың назарын аударып отырғаны рас. Цензурасыз интернетте адамдар ақша үшін емес, өздерінің саяси наразылықтарын таныту үшін шешіне бастады. Мұндай іс-әрекеттің эпицентрі Египет пен Қытай болып тұр.

«ЖАЛАҢАШ ШЫНДЫҚ» – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҮШІН

Ақпарат әлемінде ең алдымен 20 жастағы египеттік қыз Магда Әлия әл-Махди жалаңаштанып, танымал болды. Ол өзінің жалаңаш суретін Facebook-те жариялады. Бойжеткен мұны

Египеттік блогшы Магда Әлия әл-Махдидың Facebook парағындағы суреті.

консервативті Египет қоғамындағы әйел теңсіздігімен күресу деп біледі.

Бұл бастама аяқсыз қалмады. Израильдық 50 қыз-келіншек фотокамера алдында жалаңаштанып түскен суреттерін «Шекарасыз махаббат!» деген атаумен плакат етіп шығарып, бүкіл ақпарат құралдарына таратты.

Іле-шала қытайлық диссидент суретші Ай Вэйвэйді қолдаушы оншақты адамның жалаңаштанып түскен суреті интернетті аралап кетті. Қытай суретшісі былтыры тамыз айында жалаңаш төрт әйелдің ортасында тұрып суретке түскені үшін «порнография таратты» деген айыппен тұтқындалған еді. Суретші өткізген акция: «Жалаңаштану – порнография емес!» деп аталған.

Осы арада, күтпеген жерден қазақстандық жалаңаштар қыз-келіншектердің суреті басылған күнтізбенің ню (француз тілінен аударғанда - көркемсурет пен фото, мүсіндеуде әйелдің жалаңаш денесінің әдемілігін көрсетуге арналған өнер) жанрында жарық көруі қазақстандық блогерлердің назарын «Египет-Израиль-Қытайдағы жалаңаштардың наразылығынан» Қазақстанға аударғысы келетінге ұқсайды.

Қазақстан қоғамы үшін бұл оқиғаның оқыс тұсы – күнтізбедегі суретке түскендер өнерге деген махаббаттан емес, қайырымдылық көрсету үшін қаржы жинауды мақсат тұтқан. Ал әлемде қайырымдылық жасау үшін қаржы жинаудың мұндай әдісі жаңалық емес, мәселен, Еуропада баяғыдан бар.

Қазақстандық күнтізбе көп емес, бар-жоғы 650 данамен шыққан. Бағасы 3 мың 500 теңгеден жоғары. Қалтаңызға қарай қанша төлеймін десеңіз де өзіңіз білесіз, бірақ 3 мың 500 теңгеден кем болмауы тиіс. Барлық қаржы Аружан Саин басқаратын «Қайырымдылық» ерікті қоғамына» түсіп, аса күрделі операция күтіп жатқан балаларға жұмсалады.

ӘРІ МОДЕЛЬ, ӘРІ ФОТОГРАФ

Ню-күнтізбе қарапайым ғана «12» деп аталады. Бұл - бір жылдағы он екі айды, осыған сәйкес 12 фотограф әйелдің осы жобаға қатысы бар екенін білдіретін атау.

Жоба идеясын айтып, оны жүзеге асырған - белгілі продюсер Жан Қастеев пен фотограф Анастасья Ахметова. Ол екеуіне жобаға қатысуға

"12" жобасының бастамашыларының бірі Анастасия Ахметова. Алматы, 23 қараша 2011 жыл.

ерікті түрде келіскен тағы 11 адам қосылған. Сөйтіп, өздері әрі модель, әрі фотограф болып іске кірісіп, жоба жүзеге асқан. Жобаға қатысушылардың көбінің отбасы, бала-шағасы бар.

Сурет автопортрет болғандықтан, кім өзін қалай көргісі келсе, солай түсіруге толық еркіндік берілді. «12» жобасына қатысушылардың өздері бұл фототуреттерді ең алдымен өнер туындысы деп түсіну керектігін айтады.

Мәселен, фотограф Карла Нұр Facebook-те: «12» жобасы бойынша шыққан күнтізбедегі суреттерге аздаған адам ғана оның фотосурет ретінде қаншалықты сапалы, ұтымды екеніне назар аударады. Ал көп адамның суреттерге тек қана «жалаңаш денелер» деп қарауы, қоғамдағы мәдениет деңгейінің төмен екендігін байқатады» деп жазады.

Расында да фотосуреттердің техникалық орындалу сапасы туралы дау айту қиын. Ал эстетикалық жағынан мұны қалай бағалауға болады?

Қазақстан фотоөнерінің шебері Валерий Коренчук Азаттық тілшісіне берген жауабында «12» жобасына қатысты оң пікір айтты. 12 фотосуреттің ішінен оған бір сурет (әйелдің тұла бойы тегіс көрінген) аса

"12" қайырымдылық жобасына қатысқан Лиана Бахалова. Алматы, 23 қараша 2011 жыл.

ұнамаған. Оның айтуынша, 1948 жылы қабылданған халықаралық қағида бойынша, әйелдің ұятты жерін ашып көрсетуі – еш қисынға келмейді.

Валерий Коренчуктің көңілінен шыққан жалғыз фотосурет – Лиана Бахалованың суреті.

– Бұл сурет мүлде ашық-шашық емес, дене бітімі жартылай ғана ашық, онда да мен мұндалап көрініп тұрған жоқ. Жеңіл грация, қолының қимылында да әсемдік бар, - дейді фотосуретші.

Шебердің пікірінше, өзге суреттерде аса бір еркіндік көрінбейді.

САЯСАТСЫЗ «ЖАЛАҢАШТАНУ»

Қазақстандық ню-күнтізбенің қандай да бір наразылыққа еш қатысы жоқ. Бірақ қоғамдық санаға астарлы қарсылығы бар десек, қателеспейміз. Әрі бұл саналы түрде жасалған деуге де болады. Қазақстанның бүгінгі әлеуметтік қоғамы кешегі аса пуритандық Совет одағынан шыққанын еске алсақ та, бұл түсінікті бола түседі.

Кешегі советтік пуританистік қоғамнан да асып түсетін пуритандық ислам, пуритандық православие идеологиясының ықпалын бүгін Қазақстан қоғамы сезе

"12" күнтізбесінің мұқабасы. Алматы, 23 қараша 2011 жыл.

бастады. Мұны ню-күнтізбен жарық көргеннен бері оған қатысты пікірлерден, іс-әрекеттерден байқауға болады.

Күнтізбені шығарушылардың айтқаны рас болса, қазірдің өзінде оларға белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл күнтізбенің тұсаукесер шарасын өткізетін күні қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы күзет қоюға себеп болған.

«Біз саған шіріген жұмыртқа лақтырамыз» деп қорқытып-үркіткен соң ню-фотосессиясының тұсаукесеріне 12 әйелдің біреуі келмей қалған.

Facebook әлеуметтік желісіндегі айтылған пікірлерді саралағанда, жұрттың көбі мұндай күнтізбенің жарыққа шыққанына емес, оның қайырымдылық мақсатқа қаржы жинау үшін жасалғанына наразы.

Бұл ретте қоғамдық пікірталас ертеден бері қалыптасқан екі бағытта өрбігенін байқауға болады. Біріншісі – «Мақсат жұмсалған қаржыны өтей ме, көздеген мақсатына жетті ме?», екіншісі – «Есектің артын жусаң да мал тап» деген осы ма?» деген мағынада.

Қызу пікірталас кезінде «Қайырымдылық» ерікті қоғамының» да көзқарасын білу де артық болмайтыны белгілі. Азаттық радиосы қайырымдылық қорына хабарласқан еді. Қоғам өкілі Татьяна Семенованың пікірі былай болды:

"Ню-жанрына Қазақстанда тыйым салынбаған. Егер сіздер күнтізбені көрсеңіздер, бұл порнография емес, көркем фотосурет екеніне келісер едіңіздер. Күнтізбе балаларға арналмаған. Және кім оны балалар көретін жерге іліп қояды деп ойлайсыздар? Бірақ қазіргі кезде біздің балаларымыз мұнан да сұмдық, мұнан да қауіпті нәрселерді көріп-естіп жүр емес пе? Біз бұдан түскен қаржыны жағдайы ауыр балаларға көмек ретінде табыстаймыз. Осы үшін-ақ алғыс айтуға болады. Балаларға кім қалай көмектесті - өз еркі. Біз өзіміз үшін емес, әне-міне операция жасамаса, жүрек ауруынан көз жұмуы мүмкін балаларға арналған қайырымдылық жасаудан қалай бас тарта аламыз? «Қайырымдылық» ерікті қоғамы» жобаға қатысушыларға бір ғана өтініш жасап отыр – түскен қаржының есебі уақытылы шығарылып, қайда жұмсалғаны дер кезінде жария болуы тиіс. Қыздар қаржының мақсатты түрде жұмсалғанына дәлел ретінде, интернеттегі әлеуметтік желіде төлем түбіртегін жариялап отырады, біз олармен солай келістік" дейді Татьяна Семенова.

Қайырымдылық таныту үшін мұндай әдіспен қаржы жинауға қатысты даулы пікір әлі саябырсыған жоқ. Соған қарамастан, «12» жобасының бастамашыл тобы мұндай күнтізбені жүйелі түрде шығаратындарын айтып уәде береді.

Олар енді бұл жобаға қатысу үшін республикадағы қаламгер әйелдер – журналистер мен блогерлерді, жазушылар мен ақындарды шақыруды жоспарлап отыр.