Өзін өртеген әйелдің мәселесін бас прокурор қарамақ

Қазақстан бас прокурор Жақып Асанов. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Сот үкіміне наразылық білдіріп өзін өртеген Майра Рысманова ауруханада ауыр халде жатыр. Бас прокурор әйелдің мәселесімен жеке өзі айналысатынын мәлімдеді.

Баласына шығарылған сот үкіміне наразылығын айтуға барып, бас прокуратура ғимаратында өзін-өзі өртеп, Астана қалалық 1-ауруханасына түскен Жамбыл облысы Шу қаласы тұрғыны Майра Рысманованың халі ауыр. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлады сәрсенбі күні түстен кейін өткен брифингте аурухана қызметкерлері. Комбустиология бөлімшесінің жетекшісі Павел Кутняков:

Қазір науқастың жағдайы бұрынғысынша ауыр, денесінің 60 пайызын күйік шалған.

- Қазір науқастың жағдайы бұрынғысынша ауыр, денесінің 60 пайызын күйік шалған. Оған шокқа қарсы терапия жасалып, арнайы төсекке жатқызылды, - деді.

48 жастағы Майра Рысманова сейсенбі күні сағат 13:00 шамасында Астанадағы бас прокуратураның тексеру-өткізу пунктінде денесіне бензин шашып, өз-өзіне от қойған. Өртті сөндірген прокуратура қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Денесін күйік шалған әйел Астанадағы 1-ауруханаға жеткізілген.

2016 жылы желтоқсанның 7-сі күні Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова және әпке-сіңлілері Әлия Бағыбаева, Дания Рысманова мен Анар Ділдәбекова бас прокурор Жақып Асановқа жолықпақшы болып бас прокуратураға барды. Ақмарал Ахметованың Азаттыққа айтуынша, оларды кезекші прокурорлар қабылдап, «Ербол Ахметовтің қылмыстық ісін соттан сұратқанын, ол іспен танысатындарын» айтқан.

Өзін өртеген адам. (Көрнекі сурет)

Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов Майра Рысманованың мәселесімен «жеке өзі айналысатынын» мәлімдеп, әйелдің өз-өзін өртеуін «жантүршігерлік оқиға» деп атаған. Асанов сәрсенбі күні парламентте журналистерге:

- Адамдар мұндайға жергілікті жерде өзін тыңдамаған соң барады. Қазір оның жедел сауығуын күтіп отырмыз. Мүмкіндігінше көмектесіп, мүдделілік танытамыз. Бірақ алдын ала оның ісіне қатысты шешім заңсыз деп айтқым келмейді. Қалай дегенмен де, сот үкім шығарған. Біз мұның барлығын мұқият қараймыз, - деген.

ОҚИҒА КУӘГЕРІНІҢ СӨЗІ

Тараз тұрғыны Күлжамал Кутумова желтоқсанның 6-сы күні таңертең бас прокуратура ғимаратына Майра Рысмановамен бірге барған. Рысманова тәрізді Кутумова да істі болып сотталған баласына шығарылған үкіммен келіспей, шағым айтуға келген.

Күлжамал Кутумованың сөзінше, олар сейсенбі күні таңертеңгі сағат 10:00 шамасында бас прокурормен кездесуге Жамбыл облысынан бес адам болып барған.

Бас прокуратура ғимараты алдында тұрған Майра Рысманованың туыстары. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.

- Сағат 12-ден өте кезекші прокурор келіп амандасты да, «Сіздер тағы келдіңіздер ме?» деп сұрады. «Келмегенде не істейміз?» деді Майра Рысманова. Әшейінде өйтпейтін прокурор дауыс көтеріп: «Сіздерді қабылдамайды деп кеше айтты ғой. Сіздерден басқа тірлігі жоқ па?!» - деді. Содан кейін Майра орнынан атып тұрып терезенің алдына барып сөмкесін ашты. Сусын шығар деп ойладым. Үстіне құя бастады. Исі шыққанда бензин екенін бірақ білдім. Бәріміз шошып қалдық. Прокурор оны кабинетіне алып кеткен, бір кезде Майра қайта шықты. Сіңлісі екеуміз басу айттық. «Охрана, охрана» деп кезекші прокурор айқайлап жатты. Сол кезде жанымда тұрған апа гүрс етіп құлап қалды. Сол кісіні көтеріп отырғыза бергенімше, бірдеңе тарс ете қалды. Қарасам Майра жанып жатыр. Сосын есікке айқайлай ұмтылып, сыртқа барып құлады, -дейді Күлжамал Кутумова.

Бас прокуратура қызметкерлері Азаттық тілшісіне сейсенбідегі болған оқиға жайлы айтып беруге құлық танытпады.

ЕРБОЛ АХМЕТОВТІҢ ІСІ

Қызы Ақмарал Ахметованың Азаттыққа айтуынша, Майра Рысманованың отбасында екі ұл, екі қызы бар. Күйеуімен ертеректе ажырасып кеткен Майра үлкен қызы Ақмарал екеуі Шудың орталық базарында киім-кешек сатумен айналысады. Екінші қызы - жоғарғы оқу орында студент. Кенже ұлы мектепте 9-сыныпта оқиды. Отбасы Шу қаласындағы жеке меншік үйде тұрады.

Ақмаралдың сөзінше, балалардың үлкені Ербол Ахметов екінші рет (2015 жылы – ред.) түрмеге отырғанға дейін жүк тасып, көлік жөндеп нәпақасын тауып келген.

Ақмарал Ахметова, өзін-өзі өртеген Майра Рысманованың қызы. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.

- Ол қамалардан екі ай бұрын мамам жол апатына түскен еді. Мен күнде жұмыстамын, сіңлім мен інім сабақта, мамама қарайтын адам жоқ, Ербол көбіне үйде болатын. Қосымша жүкші болып жұмыс істеді. Автокөлік шеберханасына барып көмектесіп тұрды. Мамам аварияға түсіп, төсек тартып жатып қалғаны қиын тиді. Ағам (Ербол Ахметов) үйленбеген, - дейді Ақмарал Ахметова.

Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің аты-жөнін атағысы келмеген қызметкерінің Азаттыққа айтуынша, Ербол Ахметов бірінші рет 2009 жылы «ақша бопсалаған» және «заңсыз қару сақтаған» деген айыптар бойынша сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

2014 жылы қарашада түрмеден босап шыққан оны 2015 жылы ақпанның 28-і күні ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері ұстап, «есірткі сақтаған» деген айып таққан. 2015 жылғы маусымның 15-і күні Шу аудандық соты үкімімен Ербол Ахметов айыпты деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас еркіндігінен айырылып, жазасын қатаң режимдегі колонияға өтеуге жіберілген.

Туыстары Ербол Ахметовке шығарылған сот үкімімен келіспейді. Ақмарал Ахметова ағасының сотты болуына полициямен арасындағы кикілжің себеп болды деп санайды. Ол анасының жергілікті биліктен әділет таба алмаған соң, Астанаға бас прокурорға шағымдануға келгенін айтады.