2014: Әлеуметтік оқиғалар
Жыл басында алты адамды көлігімен қағып, бір адамды мерт еткен Мақсат Үсенов есімді азаматтың қылмыстық жазаға тартылмай, жауапкершіліктен оңай құтылуы қоғамда наразылық туғызды. Жүргізушілік құқығынан айрылған Үсеновтің күз айларында тағы бір көлікпен соқтығысқаны белгілі болды.
Қаңтар айында елдегі үш банк - "Альянс банк", Kaspi Bank және "ЦентрКредит банктің" "банкротқа ұшырағаны" туралы қауесет тарап, жүздеген адам банктегі салымдарын қайтарып ала бастады. Соның салдарынан банктер ондаған миллиард теңге шығын көрген. Оқиғаға байланысты Дархан Сәбденов есімді азамат айыпты деп танылып, 20 күнге қамалды, мүліктері тәркіленді. Елде "сыбыс таратуға" қатысты жауапкершілік күшейтілді.
Ақпан айында бір күннің ішінде теңге 20 пайызға құнсызданып, бір доллардың құны 185 теңге болып кетті. Девальвацияның ізінше өріс алған қымбатшылық әлеуметтік наразылықтарға ұласты. Алматыда болған ең ірі наразылық акциясында полиция ондаған адамды ұстады.
Қытайда өткен спорт жарысынан кейін танымал болған қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова жайлы АҚШ, Ресей, Қытай, Қазақстан ақпарат құралдары жазды. Оның көркіне сүйсінген әлеуметтік желі қолданушылары спортшы қызға әртүрлі постерлер арнады.
Жас балаларымен бірге наразылық акциясына шыққан Астанадағы «Махаббат» кешені тұрғындарын арнайы жасақтың күшпен таратқаны туралы видеосюжет әлеуметтік желіде наразы пікірлер тудырды. Бұған қоса, Алматы, Астана, Қызылордадағы баспана даулары әлеуметтің назарына ілігіп, реакция туғызды.
Ақмола облысы Калачи ауылында тұрғындардың ұзақ ұйқыға кететін белгісіз дертке шалдығуы жиіледі. «Ұйқышылдық» дертінің басталғанына шамамен бірнеше жыл болса да, оның себебі әлі анықталмай жатыр. Жергілікті билік ауылды көшіру жолдарын қарастырып жатыр. Ресми дерек бойынша, онда 223 отбасы тұрып жатыр.
2014 жылы елде бензин бағасы қымбаттап, кейіннен тапшы бола бастады. "Мұнайлы елде бензинге жарымадық" деп наразы болған тұрғындардың кейбірі Алматыда флеш-моб та өткізді. Қымбатшылықтың себептері ретінде теңге девальвациясы, жанармай құнының маусымдық өсуі мен елдегі мұнай өңдеу зауыттарының техеологиялық модернизациядан өтпеуі айтылды. Бензин құны тек желтоқсан айында бұрынғы бағасына түсті.
Жаз айларында қазақ күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыс ақыны Александр Пушкиннің «сүйісіп тұрған» бейнелері салынған жарнамалық постер жобасы әлеуметтік желілер арқылы тарап, қоғамның бір бөлігінің ерекше наразылығын тудырған еді. Азаматтардың шағымынан соң сот даулы постерді шығарған Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігі 34 миллион теңге ретінде моральдық шығын төлеуді міндеттеді. Бұл шешімді халықаралық құқық қорғау ұйымдар сынады.
Астанадан 20 шақырым жердегі Қоянды ауылында биыл жер дауы қайта қозды. Ауылда «заңсыз салынғаны үшін» бірнеше баспана сүрілгеннен кейін тұрғындар наразылық танытты. Бұл дауға байланысты қазір бір адам қамауда отыр.
Тамыз айының соңында цезий-137 радиоактивті заты тиелген бір контейнер Маңғыстау облысында жоғалып, шамамен жарты айдың ішінде қайта табылған. Ядролық уранның бөлінуінен пайда болатын бұл радиоактивті зат денсаулыққа өте қауіпті және оны елді мекендер арқылы тасымалдауға тыйым салынған. Цезийді Қызылорда облысындағы Бәйгеқұм ауылынан полицейлер тапқаны хабарланды.
Жыл соңында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка елді мекенінде балалар жаппай уланып, ауруханаға түсті. Улану себебін жергілікті тұрғындар Қарашығанақ кенішінен күкіртті сутегі жайылуымен байланыстырса, мұнай-газ конденсатын өндіретін «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясы мұны жоққа шығарады.