Қылмыстың көбеюі видеокамераға сұранысты арттырды

Бақылау камерасы видеосынан скриншот. (Көрнекі сурет)

Жұрт «камера ұрлық пен тонаудан сақтайды» деп санайды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, видеокамера қаскүнемнен құтқара алмайды.
Алматыда тұратын Зарина Ибрагимова босанған соң жұмысқа шыққан. Баласын мемлекеттік бала бақшаға бергісі келмей, күтуші жалдаған.

- «Күтушілер балаларды ұрады, укол салып ұйықтатып тастайды, ұрлап кетеді» дегенді көп естідім. Сондықтан күйеуім екеуміз үйге бақылау камерасын орнаттық. Қазір балама алаңдамаймын. Бүкіл қимылы, жүріс-тұрысы камераға түсетінін білетін күтуші де өзін де дұрыс ұстайды, - дейді Зарина Ибрагимова Азаттық тілшісіне.

«Сауда Әлем» компаниясының директоры Есен Кенжебеков Азаттық тілшісіне «Видеокамера орнатқаннан кейін қызметкерлердің еңбек өнімділігі артты, ұйықтап отыратын күзетшілерден құтылдық. Сауда кезінде заң бұзушылықтар да азайды» дейді. Оның айтуынша, интернетке қосылған құрылғының көмегімен онлайн-видео және видеожазбалар архиві арқылы әлемнің кез келген нүктесінен компаниясын бақылай алады.

Коттедж үйдің иесі Нұрлан Табылов Азаттық тілшісіне «Үйіме жыл сайын бейнебақылау камерасын орнатамын. Бірақ ол ұры-қары мен тонаудан құтқармайды. Ұрылар әр түскен сайын қымбатқа орнатқан видеокамераларды сындырып тастайды» дейді.

КҮЗЕТШІ ОРНЫНА - ВИДЕОКАМЕРА

Алматы қаласында көбінесе Қытайда шығатын видеокамералар сатылады. Олардың бағасы да әр түрлі – 60 мың теңгеден (330 доллар) басталады.


"Стандарт мониторинг Алматы" компаниясының директоры Михаил Канабеевский. Алматы, 21 мамыр 2014 жыл.

Бейнебақылау жүйесін орнатып, қызмет көрсетумен айналысатын «Стандарт мониторинг Алматы» компаниясы директоры Михаил Канабеевскийдің айтуынша, соңғы кезде жұрттың видеокамераға сұранысы артқан. Видеокамера орнатқан Алматы тұрғындарының саны жыл сайын 20 пайызға өсіп отыр.

- Тұтынушылар көбінесе Қытайда шығатын сапасы төмен камера сатып алады. Кейбір жандар «бақылау камерасын орнатып қойсақ жеткілікті» деп ойлайды. Жұрт ұры-қарыдан камера қорғайды деп қателеседі. Бірақ ол сіздің өміріңіз бен мүлкіңізді 100 пайыз құтқара алады деп айта алмаймын. Видеокамераны пайдалану идеологиясының өзі дұрыс емес, - дейді Михаил Канабеевский Азаттық тілшісіне.

Компания директорының айтуынша, видеокамераны орнату ұры-қарыдан қорғамайды. Оның көмегімен қылмыстың қалай және шамамен қашан болғанын анықтауға, эпизодтарды қайталап көруге ғана болады. Бірақ полиция келгенше ұры қашып кетеді. Сондықтан ол «міндетті түрде видеорегистраторы бар видеокамера орнатқан жөн, ал ең дұрысы – үйді күзет сигнализациясы жүйесіне қосу керек» дейді

СҰРАНЫС ӨСКЕН

Осы салада қызмет көрсететін Global servise компаниясы директоры Владислав Цойдың видеокамералардың тиімділігіне қатысты пікірі бөлек.

- Алматы – ұрлық, тонау жиі болатын үлкен мегаполис. «Күзет», «ОТИС» деген күзет фирмалары қызмет көрсеткені үшін айына 20 мың теңге алады. Бірақ егер 60 мың теңге тұратын бейнебақылау камерасын орнатсаң, арзанға түседі. Ақшаңды бір рет қана жұмсайсың, - дейді Владислав Цой Азаттық тілшісіне.

Көрнекі сурет.

Оның кеңесіне қарағанда, «тез бұзылып қалатын, арзан бейнебақылау камерасын орнатуға болмайды». Айналып тұратын, пульті бар камераның бағасы да қымбат – 700 доллар. Төрт камералы дайын жинақтың бағасы 300 доллардан басталады.

- Қымбат видеокамераны орнату 90 мың теңгеге немесе одан да қымбат. Іссапарға кетіп бара жатқан адам үйін, жерін, жұмыс үстелін, үлкен қоймаларын өзінің телефоны, смартфоны немесе ноутбугы арқылы интернетке кіріп бақылай алады, - дейді Владислав Цой.

Алматыдағы видеокамералар нарығы туралы ақпарат жинаған Азаттық тілшісінің байқауынша, қалада шағын компаниялардың өздері кеңсесіне кемі бір бейнебақылау камерасын орнатып қойған.