Тәжіктер «аю жетектеген адамға» ескерткіш қоймақ

Талабшох Шейхов аюымен бірге.

Тәжікстан тұрғындары «Мария» есімді үлкен қоңыр аюымен Душанбе көшелерін думанға толтырған ерекше адамға ескерткіш қою үшін әлеуметтік желі арқылы ақша жинауға кірісті.

Душанбе тұрғындары оны «Аю адам» деп атап кеткен. Қасына маймаңдаған аюын ерткен ақ сақалды қария жиырма жыл бойы Тәжікстан астанасын аралап, жұртпен бірге суретке түсіп, тіпті кейде қоғамдық көлікке де мініп жүрген.

«ДУШАНБЕНІҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ»

«Аю адамды» білетін, оған құрметпен қарайтын тәжіктер адам мен аюға ескерткіш қою үшін әлеуметтік желілерде ақша жинауға кірісіп кетті. «Аю адам» - Талабшох Шейхов та, оның «серігі» Мария да 2013 жылы қайтыс болған.

«Студент кезімде оларды көру үшін қаланың орталығына әдейі баратын едім. Оларға ескерткіш қою деген – керемет бастама, себебі біздің балаларымыз да Душанбенің осындай ерекше тұрғындары болғанын білуі керек», - деп жазды Фейсбук қолданушысы Хосият Назарәлі.

«Иә, олар Душанбенің бет-бейнесі болатын. Ақша жинау идеясын қолдаймын!» - деп жазды Алексей Логиновский.

Бастамаға жүздеген адам қолдау білдіріп жатыр.

«ҚАРАПАЙЫМ МАРИЯ»

Бұдан бірнеше жыл бұрын тәжік басылымдарына берген сұхбатында Талабшох Шейхов туғанына алты-ақ апта болған қонжықты 1990-жылдардың басында көршісінің үйінен көргенін айтқан.

Қонжықтың енесін аңшылар атып алған. Ал көршісі қонжықты сатуды ұйғарған екен. Талабшох ақысына бір ешкі беріп, қонжықты үйіне алып келеді.

Талабшох Шейхов аюдың күніне 10-12 кило тамақ жейтінін айтқан.

Сол кезде Ресей телеарнасында жүріп жатқан Мексиканың әйгілі «Қарапайым Мария» сериалының құрметіне оған «Мария» деп ат қояды.

Талабшох Шейховтың «басқа» 13 баласымен бірге ол да бөтелкемен берген сүтпен қоректеніп, Тәжікстанның шығысындағы Жигатол ауданына қарасты Ялаш ауылындағы жұпыны үйде өсіп жатты.

Дегенмен, аю өскен сайын көп тамақ жейтін болды да, қожайынының бұл «қызын» асырауға жағдайы келмей қалды.

Бір сұхбатында Талабшох Шейхов аюдың күніне 10-12 кило тамақ жейтінін айтқан.

Талабшох «өз тамағын өзі тапсын» деген оймен Марияны ертіп, отбасын ауылында қалдырып, Душанбеге келіп қоныстанады.

ПРЕЗИДЕНТ АЛДЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТКЕН

Ол доңғалақты тақтаймен жүріп, балаларды арқасына мінгізіп, тұрғындарды көп қызыққа бөлейтін. Қожайыны оны үнемі қадағалап, мойнына қарғыбауын тағып жүретін.

Көп ұзамай екеуі Душанбенің ең әйгілі тұрғындарына айналды. Автобуста кетіп бара жатқан, тамақ жеп отырған немесе жан-жағына қарап көшені қиып өтіп бара жатқан аю мен адамды көрген халық мәре-сәре болып қалатын.

«Жабайы аңды қорлады» деп тәжік ақсақалын сөгіп жатқандар да бар

Бір сұхбатында Талабшох Шейхов тіпті бір жылы президент Эмомали Рахмонның қатысуымен өткізілген Наурыз мейрамына шақырту алғанын айтқан. Сол жолы президент оған 200 АҚШ доллар берген екен.

Дегенмен, ел ішінде «жабайы аңды қорлады» деп тәжік ақсақалын сөгіп жатқандар да бар.

«Байқұс аю. Оған қалай арқан байлап жатқаны есімде», - деп жазды Леся Маренкова есімді «Фейсбук» қолданушы.

Талабшох Шейхов сексеннен асып қайтыс болды. Екі ай өткенде аю Мария да өлді.

«Оларға ескерткіш қоюға тиіспіз. Халықты соншалық бақытқа бөлеп, күлкі сыйлаған жандарды ұмытпауымыз керек», - деп жазды Тахмина Сафарова есімді Фейсбук қолданушысы.