Күдікті шарт балабақша тапшылығын ушықтырған

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Талғар ауданы әкімдігі балабақшаға айналдыруды жоспарлаған қараусыз ғимарат.

Алматы облысы Талғар қаласында жоспарланған балабақша сол күйі ашылмаған. Оның ғимаратын сатып алу шарты прокуратураның күдігін оятқан.

Талғар қаласы ортасындағы бұрынғы лицейдің 10 жылдан бері бос тұрған ғимараты біртіндеп қирай бастаған. 2011 жылы жергілікті билік ғимаратты қайта жаңартып, балабақшаға айналдырамыз деген жоспармен оны жеке тұлғадан 259 миллион теңгеге сатып алған.

ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҒИМАРАТҚА КЕЗЕККЕ ТҰРУ

«Қалада тағы бір мектепке дейінгі тәрбие мекемесі ашылады екен» деген хабар тез тараған. Балабақшадан орын жетпей қиналып жүрген ата-аналар кезекке тұрып, тізім құрған. Виктор Павлов тізімге алғашқылардың бірі болып жазылған. Бірақ ұлы Илья балабақша табалдырығын аттамаған күйі биыл мектепке барған.

- Салынбаған әлгі балабақша кезегіне 1 мыңнан аса адам жазылдық. Мына жерден балам екеуміз жиі өтеміз, осы маңда тұрамыз. Қымбат болғандықтан, ұлымды жекеменшік балабақшаға беруге шамамыз келмеді. Айына 30 мыңдай теңге төлеуге жалақым жетпейді, - дейді Виктор Павлов Азаттыққа.

Алматы облысы Талғар ауданының білім беру бөлімі маманы Зүлфира Садықова.

Талғар аудандық білім беру бөлімі мамандары күрделі жөндеуді «тіпті ертең бастауға әзірміз» дейді. Олардың айтуынша, ғимаратты қайта жаңартуға бюджеттен 240 миллион теңге қарастырылған. Шенеуніктердің айтуынша, прокуратура сотқа талап-арыз бергендіктен, құрылыс жұмыстары әлі басталмай тұр. Талғар аудандық білім беру бөлімі маманы Зүлфира Садықова:

- Қазір балабақша кезегінде 3-6 жас аралығындағы 2 мың 354 бала тұр. Егер мына балабақша ашылса, балалардың көбіне орын тиер еді. Талғар қаласы мен ауданда балабақша мүлде жетіспейді. Бізде халық көп әрі өсіп барады, сондықтан балабақшаға зәруміз, - дейді.

КҮДІКТІ ШАРТ

Талғар аудандық прокуратурасы лицейдің бұрынғы ғимаратын балабақша етіп жаңарту процесіне не себепті араласқанын түсіндірді. Прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, біріншіден, аудандық білім беру бөлімі ғимаратты сатып алған кезде мемлекеттік сатып алу туралы заң бұзылған. Екіншіден, жергілікті биліктің даулы ғимаратты екі жыл бұрын жеке тұлғаға небәрі 10 миллион теңгеге сатып, кейін оны 259 миллион теңгеге қайта сатып алғаны прокурорлар күдігін туғызған. Прокурорлар бұл сату, сатып алу шарттарының астарында пайда табу мақсаты жатуы мүмкін деп болжайды.

- Сондықтан әлгі ақшаны мемлекетке қайтару үшін талап-арыз бердік. Бюджеттен 259 теңге бөлінген әрі осы 259 миллион теңгенің бәріне сатып алынған. Енді ғимаратты пайдалануға беру үшін тағы 240 миллионға жуық теңге қажет, - дейді Талғар ауданы прокурорының орынбасары Еркін Жұмағұлов.

Алматы облысы Талғар ауданы прокурорының орынбасары Еркін Жұмағұлов.

Талғар аудандық соты мен кассациялық алқа прокурорлардың уәжімен келіскен. Бірақ Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы қадағалаушы органның талап-арызын қолдамаған. Алқа шешімінде «Сот алқасы анықтағандай, прокурор Талғар ауданы әкімінің бұрынғы лицей ғимаратын сатып алу туралы қаулысының күшін жою туралы арызды сотқа азаматтық іс жүргізу кодексінің 280-бабында қарастырылған үш айлық мерзімнен кешіктіріп берген» деп жазылған.

Заңгер Бибігүл Әбдірахманованың айтуынша, заң саласында "судья, прокурор, тергеуші дәлелдер жиынтығына сүйеніп, заң мен ар-ұятын басшылыққа ала отырып, дәлел-айғақтарды өзінің ішкі сезім-түйсігі бойынша бағалай алады" деген норма бар.

- Меніңше, судьялар әлгі ғимаратқа қатысты шешім қабылдағанда осы түсінікті басшылыққа алуларына да болатын еді. Расында да балабақша мүлде жетпей жатқанда ата-аналардың қиындығын пайдаланып, бизнес жасау моральға қайшы, - дейді заңгер.

Алматы облысында ата-аналар аймақтағы балабақша тапшылығына қатысты жиі шағымданады. Балабақша кезегін екіден жеті жылға дейін күтетін отбасылар көп.