Тәуелсіз әрі демократиялық мемлекет құруға бет алған жұрттың өрекпіген көңілі әлі басылмаған 1995 жылдың күзінде Қазақстандағы бірнеше тәуелсіз телерадиоарналарда ашылған бірқатар сараптамалық және пікірталас тудырған бағдарламалар, әсіресе алматылық ТВ М телеарнасындағы журналист Сергей Дувановтың «Открытая зона» бағдарламасы көрермен назарын жаулап алды. Бағдарламаға оппозициялық саясаткерлер мен тәуелсіз саясаттанушылар ғана емес, билік өкілдері келетін. Ел президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев соңғы кездегі бағдарламаға жиі қатысқандардың бірі болды.
Сол күзде - 1995 жылдың қазанында ұлттық баспасөз және бұқаралық ақпарат агенттігі құрылып, оны Алтынбек Сәрсенбайұлы басқарды. Бір жылдан кейін билік әлгі агенттікті пайдаланып, күтпеген жерден «радиотележиіліктерге тендер» өткізгеннен кейін тәуелсіз радиотелекомпаниялар жұмысын тоқтатты.
ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕГІ «МАТРОС ЖЕЛЕЗНЯК»
Тәуелсіз Қазақстанда тәуелсіз ақпарат құралдарын алғашқы үлкен тазарту 1996 жылғы қарашаның басында мемлекеттік емес телеарналар мен радиостанцияларды жаппай жабудан басталды. Оларды «аэронавигацияға кедергі келтіреді» деген сияқты әлдебір техникалық сылтаумен өшірді. Кейін әлгі телеарналар мен радиостанциялардың кейбірін эфирге қайтарды. Журналист әрі баспасөз тарихшысы Андрей Свиридов «Ал ТВ М телеарнасы сияқты кей телеарадиоарналарды сол күйі қоспады» деп еске алады.
Бастығының эфирді тоқтату туралы нұсқауын тікелей эфир студиясына кіріп келген телемұнара күзетшісі хабарлады.
Андрей Свиридов «Қазақстандық БАҚ-тың еркіндігі мен сапасына қатысты проблемалар, 1995-98» («Проблемы свободы и качества казахстанских СМИ, 1995 – 98») деген кітабында «1996 жылғы қарашаның 20-сында әлгі арнада өткен соңғы телевизиялық кеш «салтанатты» аяқталды. Бүкіл тәуелсіз телерадиокомпания президенттерінің «дөңгелек үстелі» түрінде өтіп жатқан «Открытая зона» бағдарламасы хабарын телемұнараның бастығы Д.Күзетовтің қоңырауы бойынша үзіп тастады. Бастығының эфирді тоқтату туралы нұсқауын тікелей эфир студиясына кіріп келген «матрос Железняк» - телемұнара күзетшісі хабарлады» деп жазады.
«Открытая зона» бағдарламасының үзіндісі:
Your browser doesn’t support HTML5
Әлгі «матрос Железняк» деген адам Алматының шетіндегі әсем Көктөбенің үстінде орналасқан бас телемұнараның күзетшісі болып шықты. Ресейдің демократиялық жолмен сайланған соңғы парламенті – Құрылтай жиналысын 1917 жылдың күзінде қуып таратып, билік большевиктерге өткен кезде танылған тарихи кейіпкер матрос Железняк сияқты әлгі күзетші де телемұнараның күзет қызметі бастығының бұйрығы негізінде «Открытая зона» бағдарламасын тоқтатуды бұйырды.
1996 жылы күзде тәуелсіз электрондық БАҚ-тарды жабуға сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдин сол жылғы қазанның 15-інде қол қойған «Қазақстан Республикасындағы радиожиіліктер жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комиссия туралы» ол кезде жұрттың көбінің хабары болмаған үкімет қаулысы «заңдық» негіз болды. Әлгі қаулы БАҚ-та сол күйі жарияланған жоқ. Бірақ ондай қаулы барын жұрт бір айдан кейін – қарашаның 15-і күні бұл жайлы «Панорама» газетінде хабарлаған «Семейный канал» телерадиокомпаниясы президенті Ирина Кациевадан естіді.
Әлгі қаулыға сәйкес, хабар тарататын теле және радиожиіліктерге тендер жариялануы тиіс болды. Бірақ тәуелсіз телерадиокомпания басшылары бұл шарт жайлы екі айдай білген жоқ. Тек желтоқсанның 13-і күні «Казахстанская правда» бас ресми газетінде ведомствоаралық комиссия «Алматы қаласында теле және радиобағдарламаларды эфирде трансляциялауға лицензия алу құқығына ұсыныстарды қарайтын конкурс жариялайды» деген «конкурстық хабарландыру» жарияланды. Бірақ бұл кезде тәуелсіз телерадиокомпаниялар жабылып қалған болатын.
«СӨЗ ЕРКІНДІГІ ЭЙФОРИЯСЫ»
Әлгі кезеңде ТВ М телеарнасындағы Сергей Дувановтың «Открытая зона» бағдарламасын ғана емес, Ирина Кациеваның әуелі КТК-да, кейінірек «Семейный канал» телеарнасында жүргізген «Между строк» бағдарламасын да жапты. Бұдан бөлек, ТВ М телеарнасында Светлана Тараканова жүргізген «Дискурс – время говорить» хабары да жабылды. Өзге телерадиокомпаниялардың танымал бағдарламалары да жабылып жатты, бірақ ол кезде ресми тұлғалар мұндай шараларға қатысты бірден әрі жан-жақты комментарий беретін.
Мысалы, 1996 жылғы желтоқсанның 8-і күні Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Тотем» телеарнасының «Апта» бағдарламасына берген сұхбатында ТВ М телеарнасын өшіру себебін оның «оппозициялық сипатына» байланысты негіздеуге тырысты. Ол Сергей Дуванов пен Светлана Тараканованы «...Почта мен телеграфты басып алып, революция басталғаны туралы жариялаған Ленин және Коллонтаймен» салыстырды. «Желтоқсанның 9-ы күні «Между строк» бағдарламасының тікелей эфирінде (КТК мен «Семейный канал») Қазақстан президенті аппараты жанындағы адам құқығы комиссиясы төрағасы Жұмабек Басурманов «Открытая зона» бағдарламасы эфирге шықпауы тиіс тұлғаларды шақырады, сондықтан бағдарламаны жабу керек болды» деп мәлімдеп, бағдарламаға ешқашан қатысып көрмеген орыс ұлттық-радикал қозғалыстары белсенділерінің аты-жөнін атады» деп еске алады Андрей Свиридов.
Сергей Дуванов тәуелсіз телеарналар мен өзі жүргізген «Открытая зона» хабарының жабылғанын «мемлекеттік «Хабар» телеарнасы мен Қазақстанның ақпараттық кеңістігін баяғыда жайлап алған ресейлік БАҚ-тан да танымал болып кетті, бірақ билікті сынап жақпай қалғандықтан жауып тастады» деп түсіндіреді
Журналист Розлана Таукина 1990-жылдардың басында италиялық компоньонмен бірлесіп Қазақстанда «Тотем» телерадиоарнасын қалай ашқанын еске алады. Оның айтуынша, радиоэфир бірден іске қосылған, ал телеэфир бос тұрған. Сондықтан ол «Тотем» телеарнасына Сергей Дувановты шақырып, ол бағдарламаны тікелей телеэфирден жүргізе бастаған. Таукина Дувановтың бағдарламасы жұртқа бірден танылды деп еске алады.
... ешкімнің лауазымына қарамастан, саясаткерлердің бәрін студияға шақыратынбыз. Ол кезде бүкіл саяси элита Алматыда тұратын, сондықтан министрлер де, министрдің орынбасарлары да, департамент бастықтары да келетін. Қазіргідей емес, бас тартуға батылдары әлі жетпейтін кез, сондықтан эфирге келетін.Розлана Таукина
- [Саясаттанушы] Нұрболат Масанов студияның жиі қонағы болды, ешкімнің лауазымына қарамастан, саясаткерлердің бәрін студияға шақыратынбыз. Ол кезде бүкіл саяси элита Алматыда тұратын, сондықтан министрлер де, министрдің орынбасарлары да, департамент бастықтары да келетін. Қазіргідей емес, бас тартуға батылдары әлі жетпейтін кез, сондықтан эфирге келетін. Ал әлгі эфир тартыспен өтіп, кейде өткір мәселелерді қозғап, билікті ашық сынайтын. Ол заманда сын көп болды, жұрт бәрін ашық айтатын. Жұрттың бәрі сөз еркіндігін алдық деп масайрап, енді бәрін ашық, әділ, теледидардың «көзіне» тура қарап, жасқанбай айтуға болады деп санайтын заман еді, - дейді Розлана Таукина.
Тәуелсіз телерадиоэфирге қарсы басталған науқанда кейде балтамен шабу әрекеті тура мағынасында қолданылды. 1996 жылдың жазында біреулер «Тотем» телерадиокомпаниясы орналасқан ғимаратқа тартылған электр кабелін шауып кетті. Сондықтан Сергей Дуванов танымал бағдарламасын Алматының шетіндегі Көктөбедегі телемұнара ғимаратына көшіріп, «Открытая зона» бағдарламасын тікелей эфирде сол жақтан «Тотем» жиілігінде жүргізе берді. Ал 1996 жылғы қарашаның 20-сында кабельді қиып «әуре болмай», телемұнара күзеті қызметкерінің бұйрығымен оның бағдарламасын хабар тарату құрылғысынан ажыратып тастады. Тарих көрсеткендей, біржола өшірген болып шықты.