Былтыр маусымның 5-і күні Ақтөбеде және шілденің 18-і Алматыда болған қарулы шабуылдардан соң жұрт террордың себептері мен қауіпсіздік органдарының теракт бола қалған жағдайда оған қарсы әрекет ету мүмкіндіктері туралы ойлана бастады. Оның үстіне елде астыртын қарулы топ болуы мүмкін деген де күдік ұлғайды.
Қазақстанда қарулы шабуылдар бұрын да болып тұратын. Дегенмен, билік тек 2011 жылы Ақтөбе облысындағы екі полиция қызметкеріне жасалған шабуылды алғаш рет теракт деп атады. Сол кезде де, 2016 жылы жазда да билік бұл шабуылдарды «діни радикалдар» ұйымдастырды деген. Сонымен бірге билік өкілдері елде радикалды салафизмнің күш алып келе жатқанын айта бастады, ел ішінде салафизмге тыйым салу керек деген ұсыныстар айтыла бастады. ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Владимир Жұмақановтың айтуынша, Алматыдағы аудандық ішкі істер басқармасы мен ҰҚК департаменті ғимараттарының аумағында қарулы шабуыл жасаған Руслан Күлекбаев түрмеде «салафиттердің ықпалына түскен».
ІІМ: ТҮРМЕЛЕР ТУРАЛЫ
«Қазақстанның түрмелері діни экстремизм мен терроризм идеяларының ошағына айналды» деген пікірге жауап ретінде Ішкі істер министрлігі (ІІМ) бас бостандығынан айыру мекемелерінде жүргізілетін алдын алу шаралары мен тәрбие жұмыстары, тиісті тәртіп мұндай құбылыстардың қаупін азайтады деп мәлімдеді.
Азаттық жолдаған сауалға ІІМ: «Пенитенциарлық жүйеде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін арнайы контингентпен теологиялық және оңалту жұмыстарын жүргізетін мамандардың арнайы штаттық қызметі енгізілді. Биыл бес ай ішінде діни ұйымдардың өкілдері қылмыстық түзеу мекемелеріне 800-ден аса рет келді» деп жауап қайырды.
ІІМ деректеріне қарағанда, биыл теологтар, дінтанушылар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері экстремизм және терроризм тақырыбына 1500-ден астам дәріс өткізген.
ҰҚК: САЛАФИЗМГЕ ТЫЙЫМ КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ПА?
Азаттық радиосы ҰҚК басшылығынан салафизмге тыйым салу мәселесіне қатысты пікірлерін айтуды сұраған. Естеріңізде болса, былтырғы терактілерден соң ҰҚК-ның сол кездегі төрағасы Жұмақанов осы мәселені қозғаған еді.
Кейіннен оның өзі басқа қызметке ауыстырылды. Оның орнына премьер-министр қызметін атқарған Кәрім Мәсімов тағайындалды. Кейбір сарапшылардың болжауына қарағанда, Мәсімов экстремизм мен терроризммен күресуге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен тапсырма алған.
ҰҚК төрағасы болғалы Кәрім Мәсімов салафизмге тыйым салуға байланысты пікірін білдірген жоқ. Азаттықтың сауалына берген жауабында ҰҚК «Салафизмге жалпылама тыйым салу мәселесі ұлттық қауіпсіздік органдары құзыретіне кірмейді, бұл – дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапкершілігіндегі мәселе» деп жазған.
ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы діни экстремизм идеясының басты ошағы – түрмелер десе, енді біреулер бұл қатарға мешіттерді де қосқан. Кейбіреулердің айтуынша, әсіресе жұма күндері мешіттерден «сақалы қауғадай», «шолақ балақты» адамдарды көп кездестіруге болады. Ал ҰҚК-ның қазіргі басшысының пікірі басқа. Азаттыққа берген жауабында арнайы қызмет басшылығы түзету мекемелеріндегі арнайы контингент арасында радикалдық идеологияның таралуының алдын алу үшін ҰҚК-ның белсене қатысуымен ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінде теологиялық оңалту қызметі құрылған.
Азаттыққа берген жауабында ҰҚК «Қазіргі сәтте деструктивтік діни идеологияның таралу көзі – агрессивті интернет-насихат болып отыр, солардың ықпалымен Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни идеологияларды, соның ішінде салафизмді қолдаушылар радикалданып жатыр» деп жазды.
Кей сарапшылар Қазақстанда «этникалық және діни бағыттағы» жасырын қарулы топтар бар деп болжайды. Алайда, ҰҚК Азаттыққа жазған хатында мұны жоққа шығарды. «Қазақстанда, соның ішінде Алматыда қарулы астыртын террористік топ жоқ» деп жазады ҰҚК.
ҰҚК-ның БҰРЫНҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ПІКІРІ
Азаттыққа берген сұхбатында ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев «Ислам атын жамылған терроризмнің» ішкі және сыртқы себептерін айтып берді. Оның айтуынша, сыртқы себептің ең негізгісі – «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының күштері Ирак пен Сириядан тықсырылған соң ТМД елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан кеткендер елдеріне оралуға тырысады, дегенмен олар экстремистік идеялардың ықпалында қала береді.
Сонымен қоса, Қазақстанның оңтүстігіне Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, әсіресе «бұл бағытта қатаң күрес жүріп жатқан» Өзбекстаннан экстремистердің өтіп кету қаупі бар. Ал шығыс тарапты қарасақ, Қытайда радикалдық исламмен күрес деген ұранмен ұйғыр сепаратистерімен аяусыз күрес жүріп жатыр, соның кесірінен экстремистер Қазақстанға көшіп келуі ықтимал.
Әлнұр Мұсаевтың айтуынша, экстремизмнің таралуына түрткі болған ішкі себеп – СССР күйрегеннен соң бос қалған идеологиялық кеңістікті түрлі ислам ағымдарының толтыруы. Қазақтар мұсылмандықты ұстанып келіп, совет кезінде дін қысымға ұшырап, оның орнын коммунистік-атеистік дүниетаным басты. Мемлекет құрушы және келешекте үлес салмағы көбейе беретін ұлт – қазақтардың экстремистік ағымдар ықпалына көп түсуі бұл ағымдардың белсенділігінің артуына себеп болып отыр деп санайды Мұсаев. Оның айтуынша, халықтың білім деңгейінің төмендігінен кейбір адамдардың исламның дәстүрлі емес, экстремистік бағыттарына ауысуы да жағдайды ушықтырып отыр.
Оның айтуынша, ҰҚК-ның кейбір жедел қимыл қызметкерлері ҰҚК-ның бұрынғы жоғары шенді басшыларының қамқорлығына бөленген. Соның кесірінен ҰҚК-да салафизмге қатысты ерекше көзқарас қалыптасқан. Бірі оған тыйым салу керек десе, екіншісі салафиттерге жанашырлықпен қарайды. Былтыр ҰҚК-ның сол кездегі төрағасы Владимир Жұмақановтың өзі салафизмге тыйым салу мәселесіне келгенде жұрт арасында қарама-қайшы пікірдің бар екенін айтқан. Бірақ, ол мұндай қарама-қайшылық ҰҚК қызметкерлерінің арасында да кездесетінін айтпады.
ЭКСТРЕМИЗМ ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ
Тәуекелді бағалау саласына маманданған саясаттанушы Досым Сәтбаев діни астары бар терроризмнің өршуіне Совет Одағы тараған кезде ғана емес, қазірге дейін бос тұрған кеңістіктің жалған діни, экстремистік идеялармен толтырылып жатуы себепкер дейді. Оның айтуынша, мұндай алғашқы толқын 1990 жылдары Қазақстанға оңтүстік тараптан келді, және ол тек түрлі шетелдік насихатшылардың, солардың ішінде экстремистік идеяларды таратушы уағызшылардың ғана көмегімен емес, Ислам мемлекеттеріндегі діни оқу орындарына білім алуға кеткен қазақстандық студенттердің әсерімен де жүзеге асты.
Сәтбаевтың айтуынша, діни экстремистік идеялардың екінші толқыны 2000-жылдардың басынан Батыс тараптан – мұның алдына Ресеймен соғыс жағдайында болған Солтүстік Кавказ аймағынан келді. Қазақстанның батыс өңіріндегі біраз халықтың санасын жаулаған бұл идеялар кейіннен діни бетперде киген теракт күйінде сыртқа шықты дейді сарапшы. Бұл терактілер мемлекеттің терроризмнің алдын алу мақсатындағы идеологиялық, әлеуметтік, психологиялық және басқа жұмыстарды дұрыс жүргізбегенінің салдары болды дейді Досым Сәтбаев.
Діни экстремизм идеяларының үшінші толқыны «Әл-Қаида», «Ислам мемлекеті» сияқты террорлық ұйымдардың пайда болуынан соң басталды дейді сарапшы. Оның айтуынша, олар заманауи коммуникация құралдары, әсіресе әлеуметтік желі арқылы, өздерін жарнамалауда озық шығып, әсіресе білімсіз, жұмыссыз жастарды еліктіріп, қатарларына тарта бастады.
Сәтбаевтың айтуынша, Қазақстанда діни экстремизм идеяларының кең таралуының бір себебі – биліктің және арнайы органдардың қауіп-қатер төніп келе жатқан бастапқы кезеңді өздері көрмесе де, мамандар айтқан пікірлерге құлақ аса алмауы, я құлақ асуға онша құлық танытпауы. Мұндай зерттеу қорытындылары жоққа шығарылды, яғни билік «Қазақстанда терроризм жоқ, себебі оның болуы мүмкін емес» деген ұстанымда болды. Террормен күрестің стратегиялық тұрғыдағы бастапқы кезеңінің уақыты өтіп кеткен 2011 жылы ғана билік оның бар екенін мойындауға мәжбүр болды дейді сарапшы.
Сәтбаевтың айтуынша, Қазақстанның саяси элитасында Назарбаевтан кейінгі кезеңде дін басты орында болуы керек деп санайтын адамдар да болуы мүмкін. Сарапшының сөзіне қарағанда, қазір мұндай адамдардың мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қатарына да өту ықтималдығы бар. Екінші жағынан, діни экстремистік топтар өз идеяларын саяси элитаға тықпалауын жалғастыра береді. Осы тұста Сәтбаев былтырғы Ақтөбе мен Алматыдағы терактілердің артында салафиттер тұр ма, жоқ па деп ҰҚК мен ІІМ-нің өзара сөз таластырғанын еске салды.
Азаттыққа сұхбат берген Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис «ҰҚК терроризмнің, соның ішінде дін атын жамылған терроризмнің алдын алу үшін көп жұмыс тындырып жатыр» дейді. Ол соңғы кездері ҰҚК рөлінің күшеюіне де түсіністікпен қарайды. Дегенмен, ҰҚК күш қолдану, қудалау әдістерін тым көп қолданып кетсе, көрсеткіштерді арттырамыз деп шектен асып кетсе, бұл азаматтардың құқықтарының бұзылуына, қылмыстық істердің ойдан құрастырылуына алып келуі мүмкін дейді Жовтис.
ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрылғанына 25 жыл толуына орай «Казахстанская правда» газетінде шілденің 13-і жариялаған «Отанның сенімді қалқаны» деген мақаласында «Орталық Азия моджахеттері жамағаты», «Джунд-әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» сияқты құрылымдардың жойылғанын айтады. Бірақ радикалдық салафизмнің қаупі туралы жақ ашпаған.