Ақтөбедегі «төрт жарым театр» туралы

"Алақай" қуыршақ театрының әртістері. Ақтөбе, 1 қараша 2008 жыл.

Облыстық театрлар да «әлемдік деңгейде» өнер көрсеткілері келеді, сөйте тұра күнкөріс үшін асабалықпен айналысуға мәжбүр. Кейбірі атағы жоғын айтып налиды, кейбірі көрерменге деген махаббатын мылқаудың тілімен, үнсіз ишара арқылы білдіреді.

Облыс орталығында ресми есеп бойынша 5 театр бар. Бірақ, Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының қазақ және орыс труппасы 20 жылдан бері 1 ғимаратта тығылысып отыр. Жаңадан қазақ театры салынады дегелі де 10 жылдан асып барады. Ол ғимараттың әлі іргетасы да қаланған жоқ.

АСАБАЛЫҚТЫ ТАСТАҒАН ДРАМА ТЕАТР

Ахтанов театрында соңғы 5 жылда үш рет басшы ауысты. Шығармашылық адамдары үшін ауыс-түйістің үлкен сын болғаны айтпаса да түсінікті. Қазіргі басшы Жеңіс Қалқабеков бұрынғы ұжымынан (халық шығармашылығы үйі) бір топ адамды ілестіре келгенін айтады. Өйткені, аймаққа Алматыдағы өнер академиясын бітіргендер келмейді. Жас әртістерге баспана керек. Ал театр төлейтін жарытымсыз жалақымен пәтер жалдау мүмкін емес.

- Мұндағылар қарапайым нәрселерді білмейді. Театр этикасын айтпағанда, Станиславский дегеннің кім екенін естімегендер бар. Әртістердің негізі табыс көзі – той. Репетицияны ысырып қойып, асабалықпен айналысып жүргендердің біразын соңғы екі жылда әрең тәртіпке шақырдым, - дейді Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының директоры Жеңіс Қалқабеков.
Театр этикасын айтпағанда, Станиславский дегеннің кім екенін естімегендер бар. Әртістердің негізі табыс көзі – той.

Ленинград мәдениет институтының түлегі Жеңіс Қалқабеков «Ахтанов театрындағыдай бардакты» еш жерден көрмегенін айтады. Сөзіне қарағанда, той тойлап кететін әртістер мен қойылым кезінде дәлізде айғайлап, боқтық сөз айтып жүретін қызметкерлерді «әупірімдеп жүріп жөнге салған». Жуырда тігін цехындағыларды да «жаңартыпты».

Соның нәтижесінде Ахтанов театрында 20 жылдай еңбек еткен суретші-бутафорлар Айгүл Біржанова мен Галина Литовченко бір айдан бері жұмыссыз қалды.

- Басшымыз біздің қосымша қаржы тапқанымызды көп көрді. Жалақымыз жарытымсыз. 20-30 мың теңгенің айналасы. Сондықтан қосымша тапсырыстар алып жүргенбіз. Одан негізгі жұмысымызға еш кедергі болған жоқ. Әйтсе де, жаңа директор тырнақ астынан кір іздеп жүріп, ақыры Галина екеумізді жұмыстан шығарып тынды, - дейді Айгүл Біржанова.
Жалақымыз жарытымсыз. 20-30 мың теңгенің айналасы. Сондықтан қосымша тапсырыстар алып жүргенбіз.

Айгүл мен Галина қолдары қалт еткенде Ақтөбедегі «Екі езу» театрының тапсырысын орындаған. Өйткені, облыста сахналық костюмдер мен қуыршақ тігу ісіне маманданғандар жоқтың қасы.

- Мен олардың театрға тиесілі бояу, мата, басқа да материалдардан ара-тұра жымқырып қоятынын білетінмін. Халтураларына пайдаланатын. Үндегенім жоқ. Бірақ, дисциплинаға мұрын шүйіре қарағандарына төзе алмадым, - дейді Жеңіс Қалқабеков.

КӨҢІЛДІ «ЕКІ ЕЗУ» МЕН АТАҚСЫЗ «АЛАҚАЙ»

Ақтөбенің «Екі езу» атты тағы бір театры әу баста халыққа интермедиялары арқылы танылған болатын. Соңғы кездері балалар драматургиясына да ден қоя бастады. Театр директоры Нұрлыбек Жұбатқанның «Қайсар қоянға» дейінгі «Тапқыр тышқанына» кішкентай көрермендер қуана қол соққан еді. Шығармашылық ізденістер әртістерді қанаттандырып, ұжымның бірлігін нығайта түскен. «Екі езу» 2001 жылдан бері мемлекеттің қарауында. Мемлекеттік деген мәртебеге ие болғалы олар бұрынғыдай үй-үйді жағалап, репетиция өткізбейді. Әртістердің тұрақты табыстары да бар.

"Екі езу" эстрадалық-миниатюра театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан. Ақтөбе, 22 желтоқсан 2010 жыл.


- Мен демалыс күндері дайындық, басқа да іс-шаралар өткізбеуге тырысамын. Өйткені, әртістерім той-томалаққа барып, асабалықпен айналысады. Ән салады. Егер басшы ретінде олардың жағдайымен санаспасам, «Екі езуде» менен өзге ешкім де қалмас еді, - дейді Азаттықтың тілшісіне «Екі езу» эстрадалық-миниатюра театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан.

Ақтөбедегі өзге театрлардан бір ерекшелігі – «Екі езуде» көрермен тапшылығы болып көрген емес. Интермедия, шағын комедияларды сахналай жүріп ұжым Қазақстанды түгел дерлік аралап шықты. «Қазақ тілді аудитория бізді қай жерде де қуана қарсы алады» дейді театр директоры

Ал «Алақай» қуыршақ театрының әрбір маусымы орыс тіліндегі премьерамен ашылады. Әйтсе де ұжым басшысы Әсия Құрманалина «Театр ең алдымен әлемдік талаптарға жауап беруі тиіс» деген пікір айтады Қазақтың қуыршақ театры өнерін дамытуда өз үлесі зор деп санайтын «Алақайдың» директоры еңбегінің көп жағдайда еленбейтінін астарлап жеткізді. «Менде және әріптестерімнің бір де біреуінде атақ жоқ. Әрине, атақ көп нәрсені шешпес. Бірақ, шығармашылық адамына шабыт беріп, жаңа міндеттер жүктейді» деп қалды Құрманалина ханым сөз арасында.

"Алақай" қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина. Ақтөбе, 1 қараша 2008 жыл


Әсия Құрманалина Ақтөбедегі қуыршақ театрында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдар театрдың бас суретшісі болған. Ресейлік қуыршақ театрларының мектебін жанына жақын тұтады. Содан да болар, «Алақайдың» репертуарындағы қойылымдардың басым бөлігі орынборлық режиссерлердің қолдауымен сахналанған. Оған себеп – кадр тапшылығы. Бұл - Ақтөбедегі театрлардың бәріне ортақ проблема.

- Жергілікті театрлардың арасында шет мемлекеттерге барып жүрген біз ғана. Әртістердің тәжірибе жинап, кәсіби деңгейін жақсартуы үшін фестивальдерден қалмауға тырысамыз. Бірақ, теорияның аты – теория. Фестивальдарда көрсетілген кез-келген қойылым туралы пікір сұрасам, әріптестерім «күшті» немесе «білмеймін» деумен ғана шектеледі. Талдай алмайды. Өйткені, маман емес, - дейді Әсия Құрманалина.

ҮНСІЗ МАХАББАТ

«Мы вас любим» деп аталатын клоунада халық театрындағы әртістердің де арнайы кәсіпқой білімі жоқ. Соған қарамастан үнемі тынымсыз ізденіс үстінде. Халықтық театр саңыраулар қоғамының жанынан құрылған. Мүгедектікке бойұсынбай, шығармашылық жолына түскен әртістер соңғы кездері Қазақстан ғана емес, ТМД-ға да таныла бастады.

Театр клоунессасы Бота Үсенованың айтуынша, ай сайын 30 мың теңгедей жалақы алады.Оған қосымша тігіншілігінен түсетін табысы тағы бар.

- Мен сахнаға ақша, не атақ үшін шықпаймын. Мен үшін адамдармен аралас-құралас болу маңызды. Көрерменнің ыстық ықыласын естімесем де, көздерінен көріп шабыттанып кетемін, - дейді клоунесса.

"Екі езу" эстрадалық-миниатюра театрының "Квартиранттар" қойылымы. Ақтөбе, 13 наурыз 2009 жыл.


Қызылды-жасылды костюм киіп, ебедейсіз үлкен бәтеңкемен сахнаға шығатын клоундар әр қойылымның соңында үнсіз ғана көрермендеріне ым тілімен «Біз сіздерді сүйеміз!» деп ишара жасайды. Ақтөбедегі «ең тыныш» театрдың құрылғанына биыл 8 жыл толады.

«Ақтөбеде театр өнерін дамыту үшін нақты қандай іс-шаралар атқарылып жатыр»? деген сауалды облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдиноваға жолдағанбыз.

Табылдинова ханымнан «Облыста театр өнерін дамытуда басқарма тарапынан басқалай жағдай туғызу, көтермелеу, қолдау тұрақты іске асып келеді. Барлық облыстық театрлар гастрольдік ел ішілік және сырт елдерге сапарларға жіберілуде. Театрларға тәжірбиелі, көрнекті режиссерларды шақыра отырып, жаңа қойылым, спектакль көрсету де жоспарлы іске асуда. Облыстық театрлардың 20-дан астам жас актерлары шет елде, еліміздегі өнер оқу орындарында білімін жетілдіруде (өндірістен қол үзбей)» деген жазбаша жауап келді.

Азаттық тілшісі әртістердің өз ортасынан сұрап-білгенде, оншақты әртіс өз қаржыларына Бішкек пен Екатеринбургтағы өнер институтында сырттай білім алып жүрген болып шықты. Қалғандары Алматыдағы өнер академиясын қалапты. Ал ресми ақпарат бойынша Ақтөбеде жаңа театрдың құрылысы 2015 жылы басталуы тиіс.