Екі аптадан бері із-түзсіз жоғалып кеткен қазақ туристері Өзбекстан полициясынан бір-ақ табылды. Өзбек билігі оларға «шекараны заңсыз бұзды» және «елге қару-жарақ кіргізді» деген айыптар тағып отыр. Туристердің дені балалар болып шықты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, бейсенбі күні Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі өзбек тергеушісіне жолығып, ұсталған азаматтардың іздеу салынған Қазақстан туристері екенін анықтаған.
«ЕКІ АЙЫП ТАҒЫП ОТЫР»
Ол өзбек билігінің оларға екі айып тағып отырғанын жеткізді.
- Шекараны заңсыз кетіп өту мен тегіс оқпанды мылтықты елге кіргізгені үшін ересек туристер айыпталып отыр, - дейді Ілияс Омаров шілденің 28-і күні Азаттық тілшісіне.
Екі аптадан бері Өзбекстанда қамауда жатқан 12 қазақстандық туристің 9-ы кәмелетке толмаған жасөспірімдер екені айтылған еді. Олардың ең кішісінің жасы – тоғызда екен.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бұл балалар қазір Ташкент облысына қарасты Янгиюль ауданындағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы бөлімшеде отыр. Ал ересектері (3 адам) Кибрай ауданындағы реабилитация орталығында.
- Қазір балалардың ата-аналары Ташкентте жүр. Олар қазір балаларымен кездесуге шыққан болулары керек. Тергеуге байланысты балаларды шілденің 30-на дейін босатпайды, - дейді Ілияс Омаров.
«Ересек туристердің үстінен қылмыстық іс қозғалған ба?» деген сұрағымызға ол: «Әзірге, қозғалмағанын білемін. Бірақ жағдай тез өзгеруі мүмкін» деп жауап берді.
Бейсенбі күні түске дейін Ташкентте жүрген туыстары жергілікті ақпарат агенттіктеріне балаларға 1 миллион сом (шамамен 80 мың теңге) көлемінде айыппұл салғанын айтып еді. Түстен кейін оларға хабарласа алмадық. Себебі, олардың біріне телефонмен сөйлескені үшін өзбек полициясы айыппұл салып үлгерген екен.
«БҰЛ ШЕКТЕН АСҚАНДЫҚ!»
Ұсталған үш ересек адамның аты-жөні белгілі. Бұлар - альпинизм бойынша спорт шебері Ербол Оразалин, альпинист Марс Садықов және бокс тренері Хардын Файзуллин.
Бұл азаматтарды жақсы танитын турист, блогшы әрі Шымкент тұрғыны Алексей Гончаров екі апта бойы қазақстандық туристерді қамауда ұстап, Қазақстан жағына еш хабар бермеген өзбек полициясының әрекетін сынайды.
- Екі апта бойы қамап, не туыстарымен, не Қазақстанның елшілігімен, ешкіммен хабарласуларына мүмкіндік бермеген. Балалар бұл кезде моральдық зақым алған. Олардың не жазығы бар? Бұл шектен асқандық, - дейді Алексей Гончаров.
Оның айтуынша, жыл сайын осы маңға табиғатты тамашалауға келетін тәжірибелі альпинист Ербол Оразалин бастаған топтың адасуы мүмкін емес. «Олар шекараны кессе де, қалай болған күнде де өзбек полициясының әрекетін еш нәрсе де ақтай алмайды» дейді блогшы.
- Менің пікірімше, олар (туристер - Азаттық) емес, өзбек шекарашылары біздің территорияға кіріп кеткен сияқты. Оның үстіне ол жерде кімнің территориясы екенін анықтайтындай белгілер жоқ. Теория жүзінде олар адасуы да мүмкін. 100 метр бер жақтан - 100 метр ар жақты асып кетуі мүмкін. Әйтсе де, бұл шекарашылар жәй ескертумен шектелсе де болатын еді ғой, - дейді Алексей Гончаров бейсенбі күні Азаттық тілшісіне.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғаты әсем аймақтардың бірі - Майдантауға шығамыз деп жоспарлаған 12 адамнан құралған қазақстандық саяхатшылар тобы шілденің 20-ы таудан түсулері керек еді. Бірақ олар хабар-ошарсыз кеткен болатын.
Бұл топты құтқару шараларына 12 адам қатысып жатқан болатын. Оларды Өзбекстан шекарашыларының шілденің 14-інен бері ұстап отырғаны тек сәрсенбі шілденің 28-і күні анықталған.