Кәсіпкер Мейіржан Өндіргенов былтыр мамыр айында «адамды бас бостандығынан заңсыз айырып, бопсалады» деген айыппен қамалған. Жергілікті жұртқа танымал кәсіпкер қамалар алдында облыстық мәслихат депутаты болып отырған. Оның негізгі бизнесі Ақтөбедегі жолаушы тасымалдау саласы болған еді.
Тергеушілер ақтөбелік кәсіпкерге қылмыстық кодекстің бірнеше бабы, атап айтқанда «алаяқтық», «ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету», «адамды бас бостандығынан заңсыз айыру», «қылмыстық жолмен алынған ақша немесе мүлікті заңдастыру» бойынша айыптар таққан болатын.
ҮКІМ
Сот барысында тағылған айыптардың көбі алынып тасталып, «алаяқтық» (190-баптың 4-бөлімі 2-тармағы - мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру) бабы ғана қалдырылды. Осы бап негізінде тамыздың 1-і күні шыққан үкім бойынша, кәсіпкердің миллиондаған доллар қаражаты тәркіленіп, өзі төрт жылға бас бостандығынан айырылатын болды.
Мейіржан Өндіргеновпен бірге осы компанияның вице-президенті Ербол Әділов үш жылға сотталды. Үкімде олардың жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс екені көрсетілген.
Үкімде «бюджеттен жымқырды» деген қаражатты Мейіржан Өндіргеновтен өндіру үшін оның иелігіндегі қаражат мемлекет пайдасына тәркіленетіні айтылды. Сотта кәсіпкердің үйі мен жұмыс орнынан «3 миллион 292 мың доллар, 1 миллион 811 мың еуро, 161 мың теңге және 326 мың Ресей рубльі», ал банктегі есеп-шотынан «89 мың 259 доллар мен 84 миллион 583 мың теңге» қаражат табылғаны хабарланып, сот шешімімен олардың мемлекет пайдасына алынатыны мәлім болды.
Үш адвокат қорғаған 43 жастағы Өндіргеновтің үкімі оқылған тамыздың 1-і күні сот залына кісі сыймай қалды. Судья Ахметқали Молдағалиев шешімді қапырық залда бір сағат бойы оқыды.
Тергеу Мейіржан Өндіргеновті Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» серіктестігі арқылы бюджеттің 4 миллиард 500 миллион теңгесін қолды қылды деп айыптаған еді. Үкім оқылған кезде бюджеттен қолды болған қаржы көлемі 900 миллион 542 мың теңге екені айтылды.
ҚОСЫМША ЕКІ ҚАУЛЫ
Үкімді оқып шыққан судья Өндіргенов ісіне қатысты екі жеке қаулы қабылданғанын мәлімдеді. Оның бірі Ақтөбе облысы прокуратурасына жолданады. Судьяның сөзіне қарағанда, Мейіржан Өндіргеновтің үстінен қозғалған қылмыстық іс сапасыз жүргізілген. Айыпталушыларға аудиторлық тексеру тағайындалғаны алдын ала хабарланбаған. 30-дан астам куәгерден қазақ тілінде ғана сөйлейтіндеріне қарамастан жауап орыс тілінде алынған. Өндіргеновтің «үйі мен кеңсесінен табылған қаржы мен айыптау актісіндегі қаражат арасында айырмашылық бар» дейді судья. Осыларға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тартумен енді прокуратура айналысады.
Екінші қаулы Ақтөбе әкімдігіне жолданбақ. Сот қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бюджет қаржысының қолды болуына жол ашты деп санайды. Мемлекеттік мекеме Өндіргеновтің меншігіндегі «Автопарк» серіктестігі тұрмысы нашар адамдарды тегін тасымалдағаны үшін 2009 және 2015 жылдар аралығында субсидия бөліп отырған. Бірақ кәсіпорынның қаржыны қалай пайдаланғанын тексермеген. Атқарылған жұмыстар актісіне қол қойып, қаржы бөлу үшін қазынашылық басқармасына жолдап отырған.
АДВОКАТТАР МЕН ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ УӘЖІ
Сотта Өндіргеновтің құқығын қорғаған адвокат Берік Жақыпов Мейіржан Өндіргеновтің 2015 жылы мамырдың 30-ы күні «бас бостандығынан заңсыз айыру, бопсалау» айыбымен қамауға алынғанын, бірақ бұл айып сот процесі кезінде расталмағанын айтады.
Ол кәсіпкердің бұрынғы серіктесі Бауыржан Пірмановтың «Өндіргенов менен «Ақжол ЛТД» серіктестігі жарғылық капиталының 10 пайызын бопсалады, кеңсесіне қамап ұстап, қорқытып-үркітті» деген айыбы дәлелденбегенін баяндап, «кәсіпкер былтырғы мамыр айынан бастап, үш ай бойы тергеу изоляторында жазықсыз отырды» деп санайтынын мәлімдеді.
Өйткені, оның абақтыға түсуіне себеп болған бап дәлелденбеді, ал «алаяқтық» бабы 2015 жылдың тамыз айында ғана тағылды, - дейді адвокат.
Өндіргенов жетекшілік еткен «Емшан» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Ербол Әділов сол жылы желтоқсан айында ұсталған еді.
Әзірше үкімнің көшірмесі Мейіржан Өндіргеновті қорғаған үш адвокат Өркен Төлебаев, Берік Жақыпов пен Ирина Осокинаға берілмеген. Сондықтан адвокаттар толық пікір білдіре алмайтындарын айтты. Тек Берік Жақыпов кәсіпкердің әрекеттерін «алаяқтық деп емес, түсінбестік деп санайтынын» мәлімдеді.
Бұл алаяқтық емес, бұл жерде түсінбестік болған. Ол түсінбестіктер әкімдік, ЖКХ тарапынан болған. Заңды қолдану тәртібін түсінбеген. Қысқасы, осы жағдай туындауына себепкер жайттар көп. Бұл жағдай кезінде ескерілмеген майда-шүйдеден қалыптасқан. Үкімге наразылық білдіреміз бе, жоқ па - оны әзір ақылдасқанымыз жоқ - дейді Берік Жақыпов.
Азаттық тілшісі сот үкімі жария етілген соң сыртта топтасып тұрған бір топ азаматтан пікір сұраған еді. Өздерін «Әділов жағынанбыз» деп қысқаша ғана таныстырған ер адам «Ербол бостан босқа кетті» деп басын шайқады. Ал өзін «Серік Әбдіжәми» деп таныстырған азамат «табысты кәсіпкердің сотталуы оның бизнесіне көз алартқандардың ісі болуы мүмкін» деген пікір айтты.
Қазақстан қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» аталатын 190-бабында «бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау не сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікті ірі мөлшерде иеленген» адамның мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге сотталатыны көрсетілген.