Тұманбай Молдағалиевтың «поэтикалық портреттер галереясы»

Тұманбай Молдағалиев, ақын, Қазақстанның халық жазушысы.

Қазан айының 10-ы күні 76 жасында ақын Тұманбай Молдағалиев өмірден өтті. Қазақ әдебиетіне соғыстан кейін келген Тұманбай Молдағалив Хрущевтің кезіндегі саяси «жылымықты» да, онан кейінгі «кемелденген социализм» мен тоқырау, «қайта құру» жылдарын да, Қазақстан тәуелсіздігін де көріп кетті.

«Соғыстан соңғы өртеңге шыққан» жастар арасынан әдеби ортада «лирик ақын» ретінде мойындалған оның шығармашылығында «портреттер галереясы» ерекше орын алды. Бұл галерея соңғы жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған өлеңдермен толықты.

ЛИРИК АҚЫН

Басқа ақындар секілді уақыт талабына сай «Ұлы октябрьді» («Қазақ әдебиеті», 7.11.1979) жырлады, «Ұлы Отаным СССР-ді» («Социалистік Қазақстан», 31.12.1982), комсомолды («Жас өмір туралы жыр». «Социалистік Қазақстан, 20.3.1958) өлеңге қосты

Алайда ол қазақ әдебиетінде ең бірінші лирик ақын ретінде есте қалды. Қазақ ақындары да, әдебиеттанушы ғалымдары оны ең әуелі лирик ақын ретінде мойындайды.

«Тұманбай Молдағалиев қазақ жырындағы лирикалық поэманың хас шеберлерінің бірі немесе бірегейі. ...Саясаттың салқын қабағы жібіп, темір тізгін сәл босаған сәтте жас Тұманбай көптің көптің көкейіндегі көптен күткен арманның нәзік сырын дәл баса білді. Оның тонды жарып шыққан бәйшешектей қарымды да қызулы жырлары шынында да өлең өлкесіне көктем шуағын алып келген құбылыс болды» деп жазады ақын Несіпбек Айтұлы.

Тұманбай Молдағалиев композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Сейдолла Бәйтереков, Әсет Бейсеуовтердің халық арасында кең тараған бірқатар әндерінің сөзін жазды. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Шақырады көктем» атты әндердің;

«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып,
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей» деген сөзі әлі күнге ел аузынан түспейтін «Құстар әнінің» де өлеңін жазған Тұманбай Молдағалиев еді.

«ЖҰРТТЫҢ ЖАНЫНАН ЖАҚСЫЛЫҚ ҚАНА ІЗДЕГЕН...»

Ақын Мұзафар Әлімбаев «поэтикалық портреттер галереясы жөнінен Қазақстандағы ешбір ақын Молдағалиевпен таласа алмайды» деп жазады. «Бұл – ақиқат. Тұманбайдың жыр кітаптарында мадақталғандардың өзі қаншаға барар екен? Кемеңгерлерінен бастап кенжелеріне дейін, халық жетекшілерінен бастап қарапайым шопанға дейін санап шығу қиынға түседі» дейді ол.

Алайда Тұманбай Молдағалиевтің мадақтаулары мен арнауларының өзі жанға жайлы, жұмсақ теңеулерімен ерекшеленді.

«...Әлем ән салып тұрады. Сол әнге құлағын үйреткен, сол әнге жүрегімен берілген, жұртының жанынан жақсылық қана іздеген іздеген ағаң мен боламын, қарағым» деген еді ақынның өзі соңғы жылдары «Айқын» газетіне берген сұқбатында.

«МАҒАН ҚОНҒАН АҚЫНДЫҚ СІЗГЕ ДЕ ҚОНҒАН О БАСТА»

Тұманбай Молдағаливтің поэтикалық портреттер галереясында тәуелсіздіктен кейін жиі кездесетін образдардың бірі – Қазақстанды 1989 жылдан басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев еді.

Баспасөз бетінде Тұманбай Молдағалиев есімі «Елім менің» әнінің сөзіне орай алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге аталды.

1998 жылы Қазақстанның тәуелсіз ақпарат құралдарының бірі – «Дат» газеті «Нұрекең мен Тұмекең... өлеңнің авторы кім екен?» деген мақалада
Тұманбай Молдағалиевтің «Елім менің» («Егемен Қазақстан» газетінің

Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңі туралы "Дат" газетінде жарияланған мақаланың көшірмесі, 2 қараша 1998 жыл.

1996 жылы 6 наурыздағы нөмірінде жарияланған) деп аталатын өлеңін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазағым менің» («Ана тілі» баспасынан жарық көрген кітапта жарияланған) деген өлеңімен қатар қойып, газет бетінде жариялады.

Тұманбай Молдағалиев көп ұзамай бұл мақалаға «Егемен Қазақстан» газеті арқылы (7.11.1998) қайтарған жауабында «Елім менің» деген өлеңді Нұрсұлтан Назарбаев жазғанын, ал өзінің тек аздаған түзетулер ғана енгізіп редакциялағанын айтты.

«Өткен жылы Астананың тұсаукесер тойында әнші Бекболат Тілеуханов өзінің әнімен Нұрекеңнің сөзін сахнадан айтып шықты. Мен Нұрекең өзі жазған өлеңіне өзінің иелік еткенінен қуандым» деп жазады жауап мақалада Тұманбай Молдағалиев.

«Концерттен кейін фуршет басталар алдында залға кірген Нұрекеңді тойға келгендер бағанағы орындалған өлеңімен құттықтай бастады. Нұрекең залға қарап: «Әй, бауырлар, мен бұл өлеңді Тұманбаймен бірге жазғам. Тұманбай қайда, Тұманбай? Алдымен сол кісінің құттықтаңдар» деді. Мен ортаға шығып, Нұрекеңнің қолын алдым. Нұрекең маған: «Тұмеке, осы өлеңді екеуміз Парижден Алматыға ұшып келе жатып жазып едік қой. Соны айтыңызшы мына жұртқа» деді.

Мен жұртқа қарап: «Нұреке, бұл өлеңді сіз жаздыңыз, мен аздап редакцияладым. Мен өмір бойы редактор болып жұмыс істеймін. Өзім редакциялаған жыр кітаптарына соавтор бола берсем, менің кітаптарым үлкен бір сарайға да сыймауы мүмкін. Өз жазған шығармаңызға енді өзіңіз иелік ете беріңіз. Маған қонған ақындық сізге де қонған о баста. Ән-өлеңіңіз құтты болсын» дедім.

«КӨҢІЛІҢ КІМГЕ СУЫНДЫ...»

Қазақстанның астанасы Ақмола қаласына көшіп жатқан тұста Тұманбай Молдағалиевтің «Ақмолаға өкімет көшкенде» (Президентке хат) деген көлемді өлеңі «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде (7.11.1997) жарық көрді.

«Еліңді күзет күндіз де,
Самсаған сары сан қолдан,
Жол болғай саған, президент,
Қайда да барсаң жол болғай» деп бастаған ақын республика астанасының Ақмолаға көшуіне орай қоғамда қалыптасқан екіұдай сезімді де білдіре кеткен еді:

«Бастаған мына қауымды,

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 15 шілде 2008 жыл. (Көрнекі сурет)


Бәрің де аман тұрыңдар.
Мен кетсем, Алатауымды
Күзетер басқа кімің бар.

Лапылдап, лаулап жанды отым,
Тағады бұған кім айып.
Мен кетсем, арман Алматым
Жетім қалар мұңайып.

...Бірге де жүріп әкеңмен,
Көңілің кімге суынды.
Дүниеге бізді әкелген,
Ұмытпа Жетісуыңды...»

Ақын бұл өлеңі арқылы «көшке ілеспей қалып қойғандар» мен республика орталығын ауыстыруға қарсы шыққандардың ой-пікірін Қазақстан президентіне өлеңмен жеткізгендей болды.

Бірақ іле-шала Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақын-жазушылармен кездескен бір жиында Тұманбай Молдағалиевтің осы өлеңіне «өкпесін» айтып, «астананың басқа жаққа емес, өз еліміздің солтүстігіне көшіп бара жатқанын» ақынға «түсіндірді». Ақынның Астана туралы толғаулары мұнан кейін «өз арнасына» түсті («Астана туралы ой», «Егемен Қазақстан», 15 мамыр 1998 жыл).

«БАСҚАРА БЕР ЕЛ ЖҰРТЫҢДЫ, БАСҚАРА БЕР...»

Тұманбай Молдағалиев шығармашылығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған арнау өлеңдер өз алдына бір шоғыр болып көрінеді.

Бұрын да «Президентім» («Қазақ әдебиеті», 10.10.1995), «Ел басы ағамыз» («Балдырған», №7, 2000) деп жырлаған ақын, әсіресе 2005 жылдан бастап Қазақстан президентін орайы келген сәтте тұрақты түрде құттықтап тұратын ақындардың біріне айналды.

2005 жылы «Жетісу» газетінде «Ел үшін» (13 тамыз), «Егемен Қазақстан» газетінде «Сөзіңе басын иіп ел тұрады» (16 тамыз) деп аталатын өлеңдері жарық көрсе, сол жылғы президент сайлауы кейін ақындық шабытын еселегендей болды.

2005 жылы 4 желтоқсанда президент сайлауында «Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыс алып, жеңіске жетті деп» хабарланғанда ақынның «Жетісу» газетінде «Халықтың ұлы» (6 желтоқсан), «Егемен Қазақстанда» «Жұлдызыңды биіктен тағы көрдім» (6 желтоқсан) деген өлеңдері қатар жарияланды. Ал жаңа жыл қарсаңында «Еліме, Елбасыма бақыт әкел» («Егемен Қазақстан» 30.12.2006), Қазақстан президентінің инаугурациясы қарсаңында «Махаббатына халықтың айналдың сен» («Егемен Қазақстан». 11.01.2006) дейтін өлеңдерін халыққа ұсынды.

Қазақстан президентін «Сенің туған күніңде» («Егемен Қазақстан» 6.7.2009), «Нұрекеңнің туған күні» («Астана ақшамы» 8.8.2010) деп аталатын өлеңдерімен құттықтаса, Нұрсұлтан Назарбаевқа деген «халық

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін сайлаудағы жеңісімен құттықтаған "Нұр Отан" партиясы мүшелерімен бірге. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.

сүйіспеншілігін» «Басқара бер ел-жұртыңды, басқара бер» («Егемен Қазақстан» 28.12.2010), «Сенің жолың – ұлы жол» («Жетісу», 1.1.2011), «Ел бақытын күзеткен» («Егемен Қазақстан», 25.3.2011) деген жыр жолдарымен жеткізді.

«АЛДА ШАУЫП БАРА ЖАТЫР АҚ АТПЕН»

Ақын Тұманбай Молдағалиев биыл да Қазақстан президентін туған күнімен құттықтаған еді. «Алда шауып бара жатыр ақ атпен» («Егемен Қазақстан», 6.7.2011) деген мақаласында ақын өзіне «Егемен Қазақстанның» басшысы Сауытбек Абдрахманов телефон шалып, «Елбасының туған күніне арнап мақала жазуын сұрап», қолқа салғанын айтқан.

«Мен көңілімдегі қуанышымды жасыра алмай: «Сөзсіз жазамын, бірақ мақаланың орнына өзім бала күннен машықтанған өлең жазсам қайтеді?» дедім. Мақаладан гөрі өлең жазуды қуаныш көретін көңілімді жасыра алмадым. «Бізге керегі – мақала» деді інім. Мен келістім. Әйтпесе, «Балыққа қара судан терең оңай, ақынға қара сөзден өлең оңай» деп Кенен ата айтқандай, қаламыма жыр жолдары алдымен оралып тұра¬тыны рас та ғой» деп жазады ақынның өзі.

Тұманбай Молдағалиев бұл мақалада «Нұрсұлтан Әбішұлын оның Қазақстаны жақсы көреді. Былтыр Қазақстанда өткен дүниежүзілік саммит Нұрсұлтанның халықаралық беделін аса биікке көтерді. Біздің Президентіміздің ерекше тұлға екеніне дүниенің көзі жетті. ...Оның ұлы бейнесіне, ұлы істеріне ылғи да басымды иемін» деп жазды.

«Өлең жазудан басқа ештеңе қолымнан келмейтінін жұрт біледі» деген ақын Нұрсұлтан Назарбаевтың президент болып қайта сайлануына орай:

«Халқының бойға жиған махаббатын,
Бәйгеден тағы келді, інім, атың.
Ешқашан айнымайтын айтқанынан
Жүрек бар қазағыңда сені ұғатын» деген толғау жазып, Алтайдан Атырауға дейінгі қазақ жерінің атынан тағы да құттықтап жіберді.

Алайда Қазақстан президенті тек Тұманбай Молдағалиевтің ғана емес, қазақтың басқа да көптеген ақын-жазушыларының портреттер галереясына еніп кеткен еді.