Түрмедегі туыстарын көре алмағандар әлі алаң

Павлодар колониясының алдына жиналып туыстарымен кездесуді талап етіп тұрғандар деп сипатталған адамдар. Суретті тұтқындардың бірінің туысы жіберді. 16 қыркүйек 2014 жыл

«Ішкі әскер кірді» деп хабарланған Павлодар түрмесінің алдында жиналғандардың кейбірі қамаудағы туыстарының «соққыға жығылғанын» хабарлады. Облыстық ҚАЖД оны жоққа шығарады.

Павлодар қаласындағы «ішкі әскер кіргізілді» деп хабарланған АП 162/4 қатаң режимдегі колония алдына жиналған ондаған адам қыркүйектің 16-сы сейсенбі күні де тарқамады. Олардың қамаудағы туыстарымен кездесуге рұқсат алған кейбірі Азаттыққа «қыркүйектің 15-і күнгі түрмедегі тексеруді ұйымдастырушылар 70-ке жуық тұтқынды ұрып-соғып, жалаң қабат киіммен аулада ұзақ отырғызып қойғандары» туралы хабарлады. Ал не туыстарымен, не түрме басшылығымен кездесе алмай амалы таусылған адамдардың бір бөлігі Павлодар облыстық әкімшілігіне барып, талаптарын жеткізуге тырысқан.

ӘКІМШІЛІККЕ ТАЛАП ҚОЮ

Есімін атамаған түрмеде туысы бар әйелдің айтуынша, бір топ наразы азаматты облыстық әкім орынбасарының көмекшісі қабылдапты.

- Біз оларға түрмеден ішкі әскерді алып шығаруды, жақындарымызды тым болмағанда бес минутқа көрсетуді сұрадық, - дейді ол.

Тұтқындардың туыстары қыркүйектің 16-сы күні түстен кейін Азаттық тілшісіне әкімшілікке барған адамдарға ғана түрмедегі жақындарын көруге біртіндеп рұқсат бере бастағанын айтты. Азаттық тілшісі кездесудің жай-жапсары туралы Павлодар облыстық әкімшілігіне хабарласқанымен еш жауап ала алмады.

Павлодар түрмесінің алдында тұрған ішкі әскер деп сипатталған адамдар. 15 қыркүйек 2014 жыл. Суретті тұтқындардың туысы жіберді.

Тұтқындардың туыстарының айтуынша, сейсенбі күні түстен кейін колонияға жиналған адамдардың саны жүзге таяған. Наразы әйелдердің бірі – Анастасия Якушина түрме әкімшілігінің ата-аналардың кездесу туралы талаптарын орындаудан әлі бас тартып отырғанын айтады.

- Біз тым болмағанда үш адам тізіммен кіріп тұтқындарды көріп шығуды өтіндік. Өздері айтқандай оларды ұрмап па екен? Бірақ колония әкімшілігі мұны орындаудан бас тартып отыр. Колония бастығы мүлдем кездесуге шықпайды, - деді Анастасия Якушева Азаттыққа.

Қыркүйектің 15-і дүйсенбіден бастап Павлодар колониясына «ішкі әскер кіргізіліп, тұтқындарды жаппай жазалап жатыр» деген бейресми хабар тараған. Тұтқындардың үрейленген ондаған туысы содан бері түрме алдында тұр. Олардың арасында «қысымның салдарынан түрмеде көптеген адамның өлгені» туралы қауесет тарай бастаған. Алайда Азаттық тілшісі бұл хабар туралы нақты дерек таба алмады.

«ӨЗГЕЛЕРГЕ КЕДЕРГІ ЖАСАП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің тәрбие жұмыстары жөніндегі бастығы Борис Гаврилюктен колониядағы кешеден бері туған жағдайдың себебін түсіндіріп беруді сұрады. Гаврилюк «тұтқындардың туыстары жайдан-жай айғайлап, жұртты дүрліктіріп жатыр» деп ойлайды. Оның сөзінше, прокуратура өкілдері де, түрме әкімшілігі де тұтқындардың туыстарына «тінту шаралары жүріп жатқанын, ешкімнің соққыға жығылмағанын» хабарлаған.

- Түзету мекемесінің күшімен күнделікті жоспарланған жаттығулар, тінту шаралары жүріп жатады. Әскери бөліммен бірігіп кезең-кезеңмен өтетіндері де бар. Мұның барлығы әскери бөліммен және жоғары басшылармен келісілген. Және бұл шара жарты жылда бір немесе төрт айда бір барлық облыстарда және колонияларда өтіп тұрады, - дейді Борис Гаврилюк.

ҚОСЫМША: "Қапастағы Қазақстан" атты парақшамызды оқыңыз

Павлодардағы колонияда 1100 сотталған адам жазасын өтеп жатыр. Гаврилюк бір мезгілде олардың барлығын туыстарымен кездестіру қиын екенін айтады. Қыркүйектің 15-і күні тұтқындардың туыстары түрме әкімшілігінің ұзақ мерзімді кездесулерге тыйым салғанын хабарлаған. Облыстық ҚАЖД өкілі «ұзақ мерзімді кездесу тоқтатылды» деген ақпаратты да жоққа шығарып, колония алдында жиналып тұрған ата-аналардың өзге сотталушылардың туыстарына «мерзімді кездесуге бөгет жасап жатыр» деп кінәлады.

Қазақстан колонияларындағы өзін жарақаттау актілері туралы «түрмеде заңсыздық көп, колония басшылығы тұтқындарды қорлап, кемсітеді, ұрып-соғады» деп мәлімдейтін тұтқындардың туыстары жиі хабарлайды. ҚАЖК колониялардағы наразылықты көбіне «түрме әкімшілігінің тәртіп орнату мен «режимді» бұзуды тоқтатуға тырысу әрекеті» деп сипаттайды.

Тұтқындарды азаптау және қатыгез әрекеттерге байланысты Қазақстан халықаралық ұйымдардың сынына жиі ұшырайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «елдегі түрмелерде азаптаулар мен тұтқындардың ауыр жағдайы үйреншікті құбылысқа айналған» деп Қазақстан билігін сынайды.