Басылымға 20 миллион теңге айып салынды

Тамара Еслямова, «Уральская неделя» басылымының бас редакторы. Алматы, 29 наурыз 2011 жыл

«Уральская неделя» газеті жабылып қалуы мүмкін. Жергілікті компаниялардың бірі «іскерлік беделге нұқсан келтірді» деген айыппен газеттен ірі моральдық өтемақы талап етіп отыр. Ал баспасөз қорғау ұйымдары болса, моральдық өтемақы көлемінің дәлелденбегінін айтып отыр.

Батыс Қазақстандағы «Уральская неделя» басылымының бас редакторы Тамара Еслямова сейсенбі күні арнайы жиын өткізіп, өзі басқарып отырған тәуелсіз басылымның жақын арада жабылып қалу мүмкін екенін мәлімдеді.

САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ДАУЫ

Оның айтуынша, биылғы наурыздың 3-і күні Орал қалалық соты «Уральская неделя» басылымынан моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге өндіріп беру туралы «СПП Металлоконструкция» ЖШС-нің өтінішін қанағаттандырған. Компанияның сотқа шағымдануына 2010 жылғы қарашаның 11-і күні шыққан «Облыс әкімі неге алаңдайды?» атты мақаласы түрткі болған екен. Мақалада автор (Замира Космурзиева – ред.) Орал қаласындағы президенттік мектепті салу бойынша жарияланған тендерді жеңіп алған «СПП Металлоизделия» кәсіпорнын сынға алған.

- Бұл мақаланы жазған тілшімізден кеткен қателікті мойындаймыз. Мақалада кәсіпорынның өзі дұрыс көрсетілмеген. Яғни, онда «СПП Металлоизделия» емес, «СПП Металлоконструкция» болуы керек еді. Дегенмен екеуінің де құрылтайшысы бір адам. Бұл кәсіпорынның иесі Сұлтанов мырзаның жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің атаулары бір-біріне ұқсас болып келеді. Мақаланың тағы бір жерінде компанияның салық органдарына қарыз мөлшері (400 миллион теңге) дұрыс көрсетілмеген. Бұл санды телефонмен айтқан ақпарат көзі өзінің сотта жауапкер болатынын естіген кезде «мен оны айтқан жоқпын» деп сөзінен тайқып шыға келді. Бірақ, бұл мақалада кәсіпорынның іскерлік беделіне еш нұқсан келтірмейтіндей көрсетілген, - дейді Тамара Еслямова наурыздың 29-ы күні Алматыда өткен жиында.

Ол осылайша редакциядан кеткен қателіктерді мойындайтынын айта келе, бірақ, соған бола газет үшін өте қомақты қаржы төлетуге мәжбүрлеген сот шешімімен келіспейтінін де жеткізді. «Мұнан кейін басылым жабылуы мүмкін. Себебі басылымда оны төлейтін мүмкіндік жоқ» деді ол.
Оның айтуынша, жергілікті аймақта мұндай жағдай басылымдар арасында болып тұрады. Бірақ, олардың ешқайсысына осыншалықты қомақты өтемақы төлеу туралы бұрын-соңды талап қойылмаған.

«МОРАЛЬДЫҚ ШЫҒЫННЫҢ ҚҰНЫ ДӘЛЕЛДЕНБЕДІ»

Кәсіпорын мен газет арасында болған сотқа қатысқан құқыққорғаушы, Адам құқықтарын қорғау бюросының Орал қалалық бөлімшесінің бастығы Павел Кочетковтың айтуынша, сот біржақты өткен, «екі жақтың мүмкіндігі тепе-тең болмаған».

- Бұдан бөлек, Азаматтық заңнамаға сәйкес, шағым иесі өзіне келген моральдық шығынды немесе іскерлік беделіне нұқсан келгенін дәлелдеп шығуға тиіс. Шағым иесі сонымен қатар шығынның дәл сол мақаладан келгенін дәлелдеуі қажет болатын. Бірақ, мұны шағым иесі дәлелдей алмады. Сондықтан сот тек болжамға сүйене отырып, моральдық шығынның көлемін анықтады, - дейді Павел Кочетков наурыздың 29-ы күні Азаттық тілшісіне.

Бұл мәселе турасында «СПП Металлоконструкция» ЖШС-іне хабарласқанымызбен, қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз кәсіпорын иесі Мақсұт Сұлтановтың орнында жоқ екенін айтты.

Өткен жылы да «Уральская неделя» басылымынан жергілікті құрылыс компанияларының бірі газетте жарияланған мақала үшін моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге талап етіп, жергілікті сот шағымды бүтіндей қанағаттандырған болатын. Кейіннен газет үстінен шағым түсірген компания арызын қайтып алып, газет жабылмай аман қалған болатын.

Он жылдан астам жарық көріп келе жатқан басылым бұл жолғы шағымның нендей жарға ұрындырарын білмей отыр.