ФБР іздеген қазақстандықтың туыстары қобалжулы

АҚШ-та «қаржылық алаяқтық жасады» деген күдікке ілінген қазақстандық Әлішер Омаров. VKontakte әлеуметтік желісіндегі Әлішер Омаровтың атынан ашылған аккаунттағы сурет.

АҚШ-та «қаржылық алаяқтық жасады» деген күдікке ілінген қазақстандықтардың екеуіне ресми іздеу жарияланды. Олардың бірінің туыстары Азаттыққа балаларының «алаяқтарға алданғанын» айтады.
Азаттық тілшісі АҚШ-та «қаржылық алаяқтық жасаған» деген күдікке ілінген қазақстандықтардың ішіндегі Федералдық тергеу басқармасы (ФБР) ресми түрде іздеу жариялағандардың туыстарымен сөйлесті.

АҚШ-та ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады деп айыпталған ТМД елдерінен шыққан 55 адамның үшеуіне қазанның 3-і күні іздеу жарияланды. Олардың екеуі – Қазақстан азаматтары деп көрсетілген 23 жастағы Ермек Досымбеков пен 25 жастағы Әлішер Омаров.

Азаттық тілшісі Әлішер Омаровтың Алматыда тұратын жақындарын тауып сөйлесіп көрген еді. Ұлдары туралы тараған соңғы хабарларға қобалжып тұрған Әлішердің әке-шешесі Азаттық тілшісіне берген сұхбатында оған іздеу жарияланғанын білмейтінін, қылмыстық іс жайлы жұма күні ғана естігендерін айтты. Бірақ олар ұлдарының қаржылық алаяқтыққа ұрынғанынан хабардар болып шықты.

«БАНКТЕН АЛДАП ЕСЕП-ШОТ АШҚЫЗҒАН»

Әке-шешесінің айтуынша, 2011 жылдың күзінде Алматыдан бірнеше жас қазақстандық тіл курстарын оқу үшін АҚШ-қа аттанған. Ағылшын тілін меңгеріп жүріп жастар өздерінің «алаяқтыққа қалай ұрынып қалғанын білмеген».

АҚШ ФБР-і іздеу салған Қазақстан азаматтары Әлішер Омаров (сол жақта) пен Ермек Досымбеков.

- Олар жас қой, ештеңе түсінбейді. Ең алғаш рет барған кезде біреулер оларға «жұмыс береміз, пәтер жалдауға көмектесеміз» деп алдап, банктен есеп-шот ашқызған. Бұл балалар есеп-шотта не болып жатқанын қарамаған. Тек Нұрбек деген бала өткен жылдың көктемінде өзінің есеп-шотында 80 мың доллар көлемінде қаржы барын біліп, қорқып жапқызып тастапты. Бірақ ақшасына тиіспеген. Жанындағы балаларға да солай істеуге кеңес берген, - деді аты-жөнін атамауды өтінген Әлішер Омаровтың әкесі.

Әке-шешесінің айтуынша, АҚШ-та ағылшын тілі курсын оқып жүрген Әлішер мен онымен бірге дәріс алған қазақстандық студенттер содан бастап, алаяқтық жайлы сезіп, «көмек қолын созған» адамдардан біржола қарым-қатынастарын үзген. Былтырғы көктемнен бастап елге қайта бастаған жастар осы уақыт бойы кімге шағымданарын білмеген.

Туыстары Әлішер Омаровты «еңбекқор, өзгеге жаны ашып тұратын, қарыз алғанды ұнатпайтын» адам ретінде сипаттайды. Олардың айтуынша, Әлішер АҚШ-та күндіз ағылшын тілін оқып, түнде қосымша жұмыс істеп нәпақасын тапқан.

- Ұлымыз ешқашан жамандық жасап көрген емес. Біздің ойымызша, оларды біреулер өздерінің қаржылық алаяқтық істеріне пайдаланған сияқты. Енді бұларды кінәлі қылып отыр, - дейді Әлішердің шешесі Азаттыққа.

Жақындарының айтуынша, АҚШ-та Әлішер Омаров Евгений, Нұрбек және Мадлен сияқты таныстарымен бірге жұмыс істеп, бірге тұрған.

Әке-шешесінің сөзінше, ФБР іздеу салған Әлішер Омаров қазір Қазақстанда. Азаттық бұл мәліметті нақты тексере алмады және Әлішердің өзімен де тікелей кездесіп, сөйлесе алмады.

«Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі Әлішер Омаровтың атынан ашылған аккаунттағы сурет.

Азаттық тілшісі тапқан дерек бойынша, 25 жастағы Әлішер Омаров Алматыда туған. Төрт ағайынды (бір аға, екі қарындасы бар). Үйленген, бір баласы бар. 2006 жылы Алматыдағы орта мектепті бітірген соң Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқыған (2006-2010 жж.)

2012 жылы АҚШ-тың Сан-Диего университетінің Intensive English бағдарламасы бойынша ағылшын тілі сертификатын алған. Бір жылдай «Эйр Астана» әуе компаниясында жұмыс істеген.

«Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі Әлішер Омаровтың атынан ашылған аккаунттағы суреттері мен постарына қарап оның бокс, суда жүзу мен шетелдік автокөліктерге деген қызығушылығын байқауға болады.

Қазанның 3-і күні ФБР іздеу жариялаған екінші қазақстандық – Ермек Досымбеков туралы әзірше қандай да бір мәлімет табу мүмкін болмады. ФБР таратқан мәлімдемеде ол «23 жастағы бойы 172 см, салмағы 68 кг, қара шашты, қоңыр көзді жігіт» деп сипатталады. Оның да соңғы тұрағы – Сан-Диего қаласы деп көрсетілген.

«ҒАСЫР АЛАЯҚТЫҒЫ»

Өткен аптада ТМД елдерінен шыққан 55 азаматқа АҚШ-та «ірі алаяқтық жасады» деген айып тағылғаны, олардың 16-ы қазақстандық екені белгілі болды. Әлішер Омаровтан бөлек, айып тағылған өзге қазақстандықтардың арасында 22-26 жас аралығындағы Евгений Сотников, Станислав Иванов, Ренат Таланов, Евгений Иванов және Мадлен Оспанова есімді азаматтардың аты аталады.

АҚШ-та «қаржылық алаяқтық жасады» деген күдікке ілінген қазақстандық Әлішер Омаров. VKontakte әлеуметтік желісіндегі Әлішер Омаровтың атынан ашылған аккаунттағы сурет.

Осы азаматтардың ісіне байланысты Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қазанның 4-і күні АҚШ үкіметі мен әділет министрлігіне арнайы сұрау жолдаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, елшіліктің сұрауына әзірге жауап түспеген.

ФБР таратқан ақпарат бойынша, төрт топтан тұратын күдіктілер 2 мыңнан аса америкалықтың дербес деректерін ұрлап алып, олардың атынан АҚШ-тың мемлекеттік салық қызметіне өтініш жазып, 20 миллион АҚШ долларынан асатын көлемде артық төленген салықты қайтаруды талап еткен. АҚШ-тың салық басқармасы оларға 7 миллион доллардан астам ақша төлеп үлгірген. Төрт топты да армян текті Армения мен АҚШ азаматтары басқарған. Олар мақсаттарын жүзеге асыру үшін АҚШ-қа қысқа мерзімге оқуға келген орыстілді студенттерді пайдаланып отырған. АҚШ баспасөзі бұл қылмыстық жоспарды «ғасыр алаяқтығы» деп атады.

ФБР алаяқтыққа байланысты төрт қылмыстық іс қозғалып, қыркүйектің 26-сында 22 адам қамауға алынғанын хабарлады. Еркіндікте жүрген 33 күдіктінің біразы елден шығып кеткен. Қазір АҚШ-тан кетіп қалған 21 күдіктіні кері қайтару шаралары жүріп жатыр.