Өзбек азаматтарының өтініштері орындалмады

Өзбек босқынының зайыбы сотта куәлік етіп тұр. Алматы, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Алматыда босқын мәртебесін сұрап жүрген бір топ Өзбекстан азаматтарының шағымдары қаралып жатыр. Әзірше ешқайсысының өтініштері қанағаттандырылған жоқ. Құқыққорғаушылар босқындарды Өзбекстанға бермеуге шақырып отыр.

Дүйсенбі күні №2 Алмалы аудандық сотында қатарынан үш сот отырысы өтті. Онда төрт өзбек азаматының шағымы қаралды. Олар - Әлішер Хошимов, Ұлықбек Остонов, Сухроб Бозоров және Шухрот Холбаев.

Бірінші сот процесі түстен кейін, сағат екіде басталды. Онда қазір Алматыда ҰҚК тергеу изоляторында қамауда жатқан Әлішер Хошимовтың шағымы қаралды. Сот басталысымен Хошимовтың адвокаты Анжелика Рахимбердиева судьяға «сотқа Хошимовтың өзін қатыстыру» туралы, істің барысына әсер етуі мүмкін қосымша құжаттарды тарту туралы өтініш жасады. Бірақ судья Садықов ешбір өтінішті қанағаттандырмады.

ДӘЛЕЛ МЕН ДӘЙЕК

Ең әуелі сөз алған адвокат Анжелика Рахимбердиева Хошимовтың Өзбекстаннан кетуіне не себеп болғанын баяндады. Адвокаттың айтуынша, Өзбекстанның құқық қорғау орган өкілдері Хошимовты Каримов режиміне қарсы шыққан адамдарға қатысы бар деп айыптап, тіпті жалған куәлік жасауға күштеп итермелеген. Осы айып бойынша үш жыл түрмеде отырып шыққан Хошимов құқық қорғау органдарының «қара тізіміне» де оңай іліккен көрінеді.
Өзбек азаматы Шухрот Холбаевтың жұбайы Рита Әбішева. Алматы, 13 желтоқсан 2010 жыл.


Адвокаттың сөзіне қарағанда, елде бұл тізімге ілінген адамдарға тыныштық жоқ. Оларды құқық қорғау органдары кез-келген уақытта ұстап, үйін тінтіп, тіпті қамай алады. Елде қандай да бір саяси толқулар болған сайын полиция өкілдері өзін де, отбасын да мазалай берген соң, Хошимов 2009 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға кетеді. БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссарына өтініш беріп, мандаттық статусқа ие болады.

- Ол келе сала босқын мәртебесіне ие болады. Мен бұл жерде босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссар оның айтқандарын бірден қабылдап, қажетті куәлік бергенін ерекше атап өткім келеді, - деді Анжелика Рахимбердиева дүйсенбілік сот отырысында.

Сотқа жауапкер ретінде келген Алматы қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты Көші-қон полициясы маманы Гүлзада Нұрмақина шағымы қаралып жатқан өзбек азаматының әр кезде берген сұхбаттарындағы жауаптары бірдей еместігін алға тартты. Оның өз елінде қудаланғаны туралы нақты құжаттар мен дәлелдері болмағанын айтып, судьядан жазда комитет шығарған шешімді күшінде қалдыруын сұрады.

- Мәселен, 2009 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстанда болған ол (Хошимов – авт.) интернет арқылы Өзбекстандағы 17 жастағы ұлының ұсталғанын естиді. Бірақ ол бұл сөздерінің дәлелі ретінде ешқандай құжат көрсете алмады. Ол сонымен қатар Алматы қалалық көші-қон департаментіне босқын мәртебесін беру туралы өтініш жасаған кезде де қажетті құжаттар әкеле алмады, - деді Көші-қон полициясы маманы Гүлзада Нұрмақина.

СҰРАҚ-ЖАУАП

Сот отырысының талқылау бөлігінде адвокат жауапкерге бірнеше сұрақ қойды. Адвокат жауапкер тарабының Хошимовке қатысты мәліметтері аз екенін, арнайы комиссияның шешімі заңсыз екенін дәлелдеуге тырысты. Ал жауапкер жағы мұны жоққа шығаруға ұмтылды.

Адвокат: - Хошимовтың қандай экстремистік немесе террористік ұйымдардың әрекетіне қатысқаны турасында нақты деректер бар ма?

Жауапкер: - Тек қызметтік қолдану аясында (для служебного пользования) пайдалануға болатын материалдар бар.

Осының ізінше адвокат бұл деректер шағымды қарау барысында өте маңызды болғандықтан оны алдырту жөнінде өтініш жасады.

Дүйсенбі күні бұдан басқа тағы үш азаматтың ісі қаралды. Өткен жұмада басталып, аяқталмаған Ұлықбек Остоновтың шағымы бойынша сот отырысы түскен кейін кешігіп барып басталды. Судья Тілеубаев шағымды қанағаттандырған жоқ. Ол осыған дейін Толипов, Болтаев, Пулатов, Жалолхонов және Холтураевтың шағымдарын да мақұлдамай тастаған еді.

Ал Әлішер Хошимов, Сухроб Бозоров және Холбаевке қатысты шешім ертең жарияланады.

Бұл жолғы сот отырысына бірқатар ақпарат құралдары («Республика», BBC ағылшын қызметі), ЕҚЫҰ бақылаушысы, т.б. қатысты.