ҚАЖД: Тұтқын Курамшин аштық жариялаған

Қоғамдық белсенді Вадим Курамшин. Алматы, 10 тамыз 2011 жыл.

12 жылға сотталған қоғамдық белсенді Вадим Курамшин қолжазбасының тәркіленгеніне наразылық ретінде түрмеде аштық жариялағанын СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттыққа растады.

ҚОЛЖАЗБАНЫ ТӘРКІЛЕУГЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Вадим Курамшин сәуірдің 27-сінен бастап аштық жариялаған. Бұл туралы ақпаратты Азаттық радиосының сауалына сәуірдің 30-ы күні жолдаған жауабында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті (СҚО ҚАЖД) растаған.

Онда сотталған Вадим Курамшиннің «Ағарту жол – саяси тұтқын мойындаулары» атты қолжазбасын алып қойған себепті сәуірдің 27-інен бастап ас ішуден бас тартқаны айтылған. «122 беттен тұратын қолжазбаны 2015 жылы 15 сәуірде азаматша Е.Н.Курамшинамен (сотталған В.Р.Курамшинның жұбайы) қысқа кездесу барысында сотталған В.В.Валовтан тәркіленген» делінген ресми органның хатында.

СҚО ҚАЖД-нің тұтқын Вадим Курамшинге қатысты Азаттыққа ресми жауабы. 30 сәуір 2015 жыл.

ҚАЖД жауабында тұтқын қолжазбасы тәркіленіп, тиісті құқыққорғау органдарына тексеру жүргізу үшін жіберілгені айтылған. Тексеріс құқық бұзу белгілерін таппаған соң қылмыстық іс қозғалмаған.

Департамент қолжазбаның тұтқын Курамшинге қайтарылатыны және мекемеде құқық бұзуға жол бермеу мақсатында колониядан тыс жерге хат-хабарларды жіберу жөнінде қосымша түсініктеме жүргізілетіні туралы хабарлаған.

ЖАЗАҒА ТАРТУ

Солтүстік Қазақстан облысындағы халық арасында «Жаман сопка» аталып кеткен ЕС-164/4 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Вадим Курамшинның сәуірдің 27-сінен бастап аштық жариялағаны туралы бұған дейін Азаттыққа оның әйелі Екатерина Курамшина хабарлаған еді.

– Вадимге өзі түрмеде отырғанда жазған кітабының 120 беттен тұратын («Исповедь политзаключенного») бірінші томын [түрме басшылығы] қайтармай отыр. Онда 1999-2005 жылдар арасындағы түрмедегі өмір туралы жазылған. Ішінде «Жаман сопка» туралы бірде бір сөз жоқ. Түрме әкімшілігі алдымен жазбаны өздері тексеріп, кейін маған беруге рұқсат еткен. Кейін мен барған күні көзімше өздеріне алып қалды. Әлі күнге дейін қайтарған жоқ, - деді ол.

ЕС-164/4 түзеу колониясы жергілікті халық "Жаман сопка" атап кеткен жерде орналасқан. Солтүстік Қазақстан облысы.

Сонымен бірге ол өткен аптада Вадим Курамшинге түрме әкімшілігі ескерту беріп, жазаға тартқан деп хабарлады.

– Түрме әкімшілігінің айтуынша, Вадим жатпайтын уақытта кереуетке қисайып жатқан-мыс, - деді Азаттыққа Екатерина Курамшина.

Ол түрме әкімшілігі бұған дейін былтыр Вадим Курамшинге ескерту бермекші болғанын, бірақ тұтқынның өзі белсенді араласуының арқасында екі бірдей ескерту алынып тасталғанын айтты. Екатерина Курамшина мұның барлығын түрме әкімшілігі тарапынан жасалынған «Вадимді жеңілдетілген режимге көшірмеудің амалы» деп бағалайды.

– Осы бір-екі күнде арнайы комиссия Вадимнің жеңілдетілген режимге көшу туралы өтінішін қарауы тиіс. «Жаман сопкада» отырған үш жыл ішінде бірде бір тәртіп бұзуы, ескертуі болмаған. Енді міне, түрме басшылығы қолынан келгенше жеңілдетілген режимге көшірмеудің амалын істеп отыр, - дейді ол.

Азаттық тілшісі сәуірдің 27-сінен бері Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 қамау мекемесіне бірнеше рет хабарласқанымен, басшылықтан түсініктеме алу мүмкін болмады. Телефон тұтқасын көтерген қызметкерлер басшылық «территорияда жүр», «кетіп қалды» немесе «колония ішінде сот болып жатыр» деген жауаптар айтумен болды.

Тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған қоғамдық белсенді Вадим Курамшин 2012 жылы бопсалау бабы бойынша айыпталып, 12 жылға сотталған. Курамшин мен оның жақтастары үкімнің саяси астары бар деп санайды. 2013 жылы Вадим Курамшинге адам құқығы саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлық берілген.