Шарын ауылын қызыл су басып жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқыны. 30 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шарын ауылының тең жартысын қызыл су басып қалды. Тұрғындар мұны әкімнің жауапсыздығынан көреді, ал ауыл әкімі Арджан Розиев «кездейсоқ жағдай болды» деп ақталады.

Бізге Шарын ауылынан хабарласқан Ермек Темірбеков есімді азамат бұған себеп болған енжарлық екенін айтады. «Сартоғай, Шарын шатқалынан ағып шығатын өзен-сулар осы ауылдың басында орналасқан бөгесінге келіп тіреліп, онан әрі басқа арнаға бұрылып кететін» дейді ауыл тұрғыны.

АУЛАДАҒЫ СУДЫҢ ТЕРЕҢДІГІ 1 МЕТРГЕ ЖАҚЫНДАДЫ

Ауылдың жартысына жайылған қызыл су қазірдің өзінде екі үйді құлатып үлгерсе керек. Ермектің айтуынша, оның үйіне кірген судың тереңдігі 30 сантиметрге жеткен. Ал ауладағы судың тереңдігі 1 метрге жақындапты

– Су бөгейтін тосқауылды көтеру керек болатын.. Бұл туралы ауыл әкіміне де ескерткенбіз, – дейді Ермек. – «Бөгетті көтер, көтер» дедік. «Ой, тасымайды, тасымайды» деп, керек қылмады. Енді. міне, бір-ақ күнде ауылд су алып кетті.

Судың басында жүрген ауыл әкімі Арджан Розиевке хабарласқанымызда, ол тұрғындардың бұл сөзін жоққа шығарды.

– Өтірік. Бұл салынғалы бұзылмаған тоспа болатын. Жаңа көпір жасап жатқан жерден бір қиыншылық туып қалды. Құдай бұйыртса, бүгін кешке дейін жұмысты жасап бітіреміз. Қазірдің өзінде суды басқа арнаға бұрдық, – деді әкім.

Арджан Розиевтің айтуынша, ауылда туыстары жоқ сегіз отбасыны орта мектепке көшіріп, ас-сумен қамтамасыз етіпті. Арнайы комиссия құрылып, судан зардап шеккендерді тізімге алып жатса керек. Осыны айтқан әкім мырза бұдан кейін байланысты үзіп жіберді де, қалта телефонын қайта көтермей қойды.

ҮЙІН СУ АЛҒАНДАР ТУЫСТАРЫН САҒАЛАП ЖҮР

Ермектің үйінде 70-ке келген қарт анасы, келіншегі мен 9 айлық нәрестесі бар. Кешеден бері туыстарын сағалап жүр екен. Үйден тек құжаттарын ғана алып шығыпты. Тұрғындардың айтуынша, Шарын ауылында 6-7 мың адам тұрады. Ауа райы да әдеттегідей жылы. Тек түнде ғана аздап суытатын болса керек.

«Бұл қызыл судың басып кетуі – жауапсыздықтың салдары. Бөгесінді жылдағыдай көтеріп тастағанда мұндай әурешілік болмас еді» дегенді айтады осы ауылдың тағы бір тұрғыны Ерсін Тамырбеков. Оның да үйін су алып кеткен.

– Міне, 24 сағат болды алысып жатқанымызға. Суды тоқтату мүмкін емес. Кеше осы уақытта қызыл су ауылға жайлап ене бастаған болатын. Дәл қазір менің ауламдағы судың тереңдігі 80 сантиметрге жетті, – деді Ерсін Тамырбеков.

– Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында ауылдағы екі орта мектепті дайындап қойды. Бірақ ағайын-туыстарын жағалаған тұрғындар онда орналасқан жоқ, – дейді Ерсін. – Түс әлетінде екі үйдің қабырғасы құлап қалды. Тек адам аман, әйтеуір. Ал қора-жайды айтып керегі жоқ. Шамамыз келгенше тұрғындарды туыстарына көшірісіп жатырмыз.

Ерсін Тамырбековтың айтуынша, қызыл сумен әлек болған әкімшілік зардап шеккендерге әлі ешқандай жағдай жасамапты. Сондай-ақ ол әкімнің «дамба жұлынып кетті» деген сөзін де жоққа шығарды. «Дамбаны жұлатындай ешқандай тасқын болған жоқ. Қата-қата биіктеген мұз бөгеттен асып кетті. Бұл содан келіп жатқан су» дегенді айтты Ерсін Тамырбеков.