Басы жарылған тұтқынның анасы «құлап қалды» болжамына сенбейді

Түрмеде басы жарылған Ескендір Түгелбаев абақты ауруханасында жатыр. Фото отбасылық архивтен алынды.

Шығыс Қазақстан облысында түрмеде басы жарылып, сөйлей алмай қалған тұтқынның анасы енді сотқа жүгінбек. Ал түрме басшылығы «арнайы құралдар тұтқынның өмірлік маңызды емес дене органдарына ғана қолданылған» дейді.

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шуақ кентіндегі жалпы режимдегі ОВ-156/18 колониясында отырған Ескендір Түгелбаевтың басы жарылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазір ол Семей қаласындағы ОВ-156/15 түрме ауруханасында жатыр. Түрме билігі оның денсаулығын «бір қалыпты орташа» деп бағалайды.

Алматы қаласы тұрғыны Несіпкүл Алпысбаева баласының жарақат алу себептерін анықтауды талап етеді. Ол Азаттық тілшісіне асыранды баласы Ескендір түрмеде басы жарылып, сөйлей алмай қалғандықтан, енді сотқа жүгінетінін айтады.

Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап бүкіл құзырлы органдарға жазған шағымына тұшымды жауап алмағанын айтады. Түрме жүйесі шенеуніктерінің мәлімдеуінше, «талмасы ұстап құлаған кезде Түгелбаев басын өзі жарып алған». Бірақ билік түрмедегі тінту кезінде тұтқын Түгелбаевқа «арнайы құралдар қолданылғанын» мойындайды.

«ӨМІРЛІК МАҢЫЗДЫ ЕМЕС» ОРГАНДАР

Маусымның 1-і күні Азаттық сайтында «Жоспарлы тінтуден» кейін басы жарылған тұтқын сөйлей алмады» деген мақала жарияланған соң редакцияға Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығы Талғат Молдажановтан ОВ-156/18 колониясында мамыр айында «жоспарлы тінту шаралары» жүргізілгенін хабарлаған хат келді.

Ол басын жоғарыда аталған шара кезінде немесе мекеме қызметкерлерінің әрекеті салдарынан емес, дертінің ұстамасы қозып, құлаған кезде жарып алған.
Талған Молдажанов.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығы «Қазақстан Республикасы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының 59, 62-баптары негізінде жүргізілген іс-шаралар кезінде мекеме әкімшілігінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқаны үшін тұтқын Е.Түгелбаевқа арнайы құралдар қолданылған. Тұтқынның өмірлік маңызды емес дене органдарына арнайы құралдарды қолдануды прокуратура заңды деп таныған әрі медициналық қызметкерлер мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен тиісті акт толтырылған» деп жазады.

Талғат Молдажановтың жазуынша, тұтқын Ескендір Түгелбаевтың басы арнайы құралдарды қолданғаннан жарылмаған. Департамент бастығы «Ол басын жоғарыда аталған шара кезінде немесе мекеме қызметкерлерінің әрекеті салдарынан емес, дертінің ұстамасы қозып, құлаған кезде жарып алған» деп мәлімдейді.

Тұтқынның анасы «Түгелбаевтың жағдайы қазір тұрақты, ешқандай симптомы жоқ» деген мәліметке сенбейді. Алпысбаева «баламның әрең жүргенін әрі сөйлей алмайтынын өзім көрдім» дейді.

— Баламның «ептеп күбірлегені болмаса», сөйлей алмайтынын оның өзі де растап отыр емес пе? Сонда, ол баламның мұндай халін қалыпты деп санай ма? Түрме дәрігерлеріне мүлде сенбеймін. Мынадай халде жатқан балам өз құқығын қорғауға дәрменсіз, - дейді ол.

АНАНЫҢ БОЛЖАМЫ

Несіпкүл Алпысбаева баласы «басын талмасы ұстап құлаған кезде жарып алған» деген болжамға сенбейді.

— Қайдағы ауру, қайдағы ұстаманы айтып отыр? Балам сап-сау адам болатын, - дейді Алпысбаева.

Ескендір Түгелбаевтың жарақаты. Фото отбасылық архивтен алынды.

Несіпкүл Алпысбаева 24 жастағы асыранды баласы Ескендір Түгелбаев мамырдың 12-сі күні Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шуақ кентіндегі жалпы режимдегі ОВ-156/18 колониясына әскер кіргізіп, тінту жүргізген кезде аяусыз соққыға жығылған деп санайды. Ол «баламның басын ойып жіберген ғой деймін, ал сынған сүйек миға кіріп кетіп, үш-төрт күн ес-түссіз жатқан» дейді. Алпысбаева президент Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік орган басшыларына шағымында «Түгелбаевқа шұғыл түрде нейрохирургиялық операция жасап, кейін түрме ауруханасына жіберген» деп жазған.

Ол «мені бәрінен бұрын бас сүйегі жарылып, миына зақым келгендіктен, сөйлей алмай қалғанын пайдаланып, Ескендірдің өзін кінәлі еткілері келетіні ашындырады» дейді. Енді Алпысбаева баласын жарымжан еткен іске қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп, оның мүддесін қорғайтын адвокат жалдамақ әрі Қазақстандағы адам құқығы бюросының көмегіне жүгінбек.

Несіпкүл Алпысбаева «Балама жиірек барып, қалай емдеп жатқандарын қадағалау үшін оны тұрғылықты жеріне жақын түрмеге ауыстыруын талап етемін» дейді.

Тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысатын азаматтық белсенді Руслан Оздоев Азаттыққа «жоспарлы тінту» шаралары кезінде тұтқындарды аяусыз соққыға жығатын, тіпті жарымжан етіп тастайтын жағдайлар жиі кездесетінін айтады. Құқық қорғаушы «Кейде мұндай соққыны көтере алмаған тұтқындардың өліп кететіндер кездері де болады. Бірақ түрме жүйесі кінәлі жандарды анықтап, жазаға тартудың орнына, оларды жасырып қалуға бар күшін салады. Ал басы жарылып, миы зақымданған Ескендір Түгелбаевтың ауыр жарақатына қатысты түрме басшылығы қандай позиция ұстанатыны айтпаса да белгілі» дейді.