30 қаңтарда қазақстандық жанкүйерлер фристайл мен шаңғыдан алтын күткен. Фристайлдың акробатика түрінен Сочи олимпиадасында үздік алтылыққа енген Жанбота Алдабергенова негізгі фаворит болған. Бапкерлер жарыс алдында 2011 жылғы Азиаданың қола жүлдегері Жібек Арапбаевадан да жүлде күтетінін айтқан.
Алдабергенова іріктеу кезеңінде 77,14 ұпаймен бірінші орын алып, супер финалға өткен. Екінші нәтиже көрсеткен беларусьтік Лера Ляскевич Алдабергеновадан алты ұпай аз жинады. Қытайлық Чжи Инин 69,94 ұпай алды. Ал Жібек Арапбаева 69,89 ұпай жинап төртінші орынмен супер финалға өтті.
ВИДЕО: Қысқы универсиадада фристайлдан күміс жүлдені иеленген Жібек Арапбаеваның жарыстан кейінгі пікірі.
Your browser doesn’t support HTML5
Шешуші сын алдында Азаттық тілшісімен тілдескен Жанбота Алдабергенова “Бұл жарысқа желтоқсаннан бері дайындалдық. Басты мақсат - жеңіске жету. Алтынға таласта басты қарсыласым қытайлық және белорусь атлеті болады” деген.
Жібек Арапбаев мен Жанбота Алдабергенованың жарысын тамашалауға Шымкенттен ата-аналары арнайы келіпті. “Табаған” спорт кешенінде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да жүрді.
Супер финалда қытайлық Чжи Инин мен Жібек Арапбаева өз секірістерін таза орындады. Ал Жанбота Алдабергенова сальто айналып, жерге түскен сәтте тепе-теңдік ұстай алмай, құлап қалды. Белорусьтік Лера Ляскевич те супер финал кезінде жерге түсе бере құлап қалды.
Қорытындысында қытайлық Чжи Инин - алтын, Жібек Арапбаева - күміс, Жанбота Алдабергенова қола медаль иеленді.
- Іріктеу кезеңіне төртінші орынмен шықтым. Бұл спортта сәттілік басты рөл ойнайды. Супер финалда қолаға таласамын деп ойладым. Қарсыластарым мықты. Мойындаймын, менің секірісім қарсыластарымнан қарағанда нашар. Бірақ басқа қыздар секірген кезде құлап қалды. Мен де, бапкерлер де Жанбота алтын алады деп ойладық, - дейді Жібек Арапбаева.
Ал Жанбота Алдабергенова «қатты толқыдым» дейді.
- Өз еліңде жарысқа қатысқан қиын. Жерге қонар кезінде қателік жасадым. Жарыс алдында медальды да өзіміз алсақ деп жоспарлаған едік, болмады. Енді 1 ақпанда командалық жарыста алтынға таласамыз, - дейді ол.
Осы жарысқа қатысқан тағы бір қазақстандық Ақмаржан Қалмұрзаева бесінші орынмен шектелді.
Шаңғымен бес километрге жүгіруде Анна Шевченко қола медаль иеленді. Ол екінші орын алған ресейлік Анна Нечаевскаядан екі секундқа қалып қойды. Тағы бір ресейлік Лилия Васильева Универсиада чемпионы атанды.
Универсиаданың бірінші күнінен кейін Қазақстан бір күміс, екі қоламен жалпы есепте бесінші орында тұр. Төрт алтын, төрт күміс, бір қоламен Ресей бірінші орында келе жатыр.
Алматыда 29 қаңтарда басталған қысқы универсиада 8 ақпанда аяқталады.