Ақтаулық жас режиссердің "Соңғы күнә" фильмі

Жас режиссер Хайролла-Сұлтан Хисами The Last Sin ("Соңғы күнә") атты қысқа метражды фильмін Алматыдағы жабық көрсетілімде таныстырды. Алматы, 20 қаңтар 2017 жыл.

Нью-Йорк киноөнері академиясы студенті Хайролла-Сұлтан Хисами туған жерінде The Last Sin ("Соңғы күнә") атты тырнақалды қысқа метражды фильмін көрсетті. Қазақстандық режиссер бір күн ішінде әрі үш мың долларға түсірген картина АҚШ кинофестивалінде жағымды пікірлер алған.

"ДІНДАР АЗҒЫННЫҢ" САЗАЙЫН ТАРТТЫРУ

Фильм оқиғасы шөл далада өрбиді. Құла түзге тән ландшафт, өсімдіктер, кесіртке, қойдың өлексесі көрсетілген картинадағы екі кейіпкердің бірі -қарақшы, бірі - діни қызметші. Шөл далаға қымбат бағалы спорт көлігімен келген әлдебір гангстер машинаның жүк салғышындағы адамды сүйреп шығарып, қолына күрек ұстатып, шұңқыр қаздырады. Көлік қожайынының әлгі адамға деген өктемдігіне қарап, көп ұзамай қан төгіліп, шұңқыр молаға айналатынына еш күмән қалмайды.

Қарақшы діни қызметшіні не үшін бұлай қатал жазалауды ұйғарғанын кейіпкерлер арасындағы қысқа диалогтан аңғаруға болады. Қарақшы оны "Астыңда - сәнді көлік, басыңда - зәулім үй. Сен діни қызметшісің бе, әлде порнофильм түсіретін режиссерсің бе?" деп қысайды. Діни қызметші құдай жайлы, оған деген сүйіспеншілік туралы бірдеңе деп міңгірлейді. Қарақшы болса "12 жастағы өрімдей қызға да құдайды жақсы көру керек деп айттың ғой. Оған "құдай деген мен деген шығарсың" деп "тәрбиелік" сарындағы сөзін жалғастырады. Діни қызметші кішкентай қызды азғырып, қорлаған деген айыпқа іліккен тәрізді, ал қарақшы "халық кегін алушы" ретінде көрінеді.

"Соңғы күнә" фильмінен көрініс. Алматы, 20 қаңтар 2017 жыл.

Шұңқыр қазылып бітті. Камера біресе көкжиекті, біресе шұңқыр жаққа қарай тапаншадан бірнеше рет оқ атқан гангстердің бет-жүзін көрсетеді. Бірақ оқты діни қызметшіден әдейі қиыс атады. Оқ біткеннен кейін қарақшы кетіп қалады, ал есеңгіреп қалған діни қызметші көкке қарап, құдай туралы тағы бірдеңелер айтады.

СЕМЕСТРЛІК ТАПСЫРМА

"Соңғы күнә" қысқа метражды фильмінің режиссері 20 жастағы Хайролла-Сұлтан Хисами - Ақтау қаласының тумасы. Ол Нью-Йорк киноөнері академиясының режиссерлік факультетіне мектепті тәмамдаған соң бірден түскен. Оқуының екі жылы бітіп, енді екі жылы қалған режиссердің айтуынша, "Соңғы күнә" фильмі - семестрлік тапсырма. Академия сайтындағы ақпаратқа қарағанда, негізі, академияда лекциялар курсы практикалық сабақтармен ұштастырылған. Әр студент өзі жазып, түсірген әрі монтаждаған жобасына өзі продюсерлік етеді, бұған қоса, курстастарының жұмысына қатысып, құнды тәжірибе жинайды. Оқуды бітірер кезге қарай академия түлектерінде кейінгі шығармашылық карьерасына көмектесетін қомақты портфолиосы болады.

Академия фильм түсіруге арналған киноаппаратураны студенттеріне тегін береді. Ал қалған қаржыны табуды студенттер өз мойнына алады. Хайролла-Сұлтан Хисамидің айтуынша, оның жобасын әке-шешесі қаржыландырған. Фильмнің жалпы бюджеті - үш мың доллар. Кәсіби актерлер Хосе Розетто мен Рэнди Мориске қаламақы да сол ақшадан төленген. Біріншісі америкалық сериалдарға түсіп, басты рөлдерде де ойнаған. Кинолентаны түсірген топта 12 адам жұмыс істеген. Оларға дұрыс жағдай жасау үшін Хайролла-Сұлтан ас бөлмесі, әжетханасы бар дөңгелекті үй жалдаған. Фильм бюджеті шағын болуы сондықтан.

2016 жылғы сәуірде фильмді түсіруге бір күн кеткен. Режиссер қара жұмыс істеуге де тура келгенін айтады. Мысалы, гангстер діни қызметшіні "көмбек" болған шұңқырды өзі қазған.

Қазақстандық режиссер Эдуард Табишев. Алматы, 20 қаңтар 2017 жыл.

Хайролла-Сұлтан Хисами алғашқы кәсіби тәжірибені АҚШ-та режиссердің ассистенті болып қосымша жұмыс істеп жүріп жинаған. Ал қазақстандық режиссер Эдуард Тәбішевтің "Еркелаш" сериалындағы басты рөлі – Хисамидің кинодағы алғашқы қадамы. Бұған қоса Эдуард Тәбішев - Хайролла-Сұлтанның жерлесі. Сондықтан Алматыдағы кинкөрсетілімге ол да келді.

"Соңғы күнә" фильмі Official selection DMOFF және Finalist IndustryBoost Competition on IndieWire деген екі кинофестивальде жағымды пікірлер алып үлгерген. Режиссер өзге фестивальдерге де қатысуға өтініш берген, қазір шақырту күтіп жүр. Ол былтыр қазан айында Алматыда өткен "Бастау" кинофестиваліне қатысуға да өтініш беріпті. Бірақ әлдебір себеппен фильмді қабылдамаған. Картинаның жабық көрсетілімдері Ақтау мен Алматыда өтті.

БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР

Алматыдағы көрсетілімнен кейін көрермендермен әңгіме кезінде Хайролла-Сұлтан өмірлік мақсаты туралы айтып берді. Ол Қазақстанды, оның тарихы мен мәдениетін әлемдік кинематографта лайықты деңгейде көрсеткісі келеді. Академияны бітірген кезде қорғайтын жұмысын қазақстандық тақырыпқа түсіруден үміттенеді. Оған тарихи жанр көбірек ұнайды.

- Жаңа заман тарихы тақырыбына фильм түсіруіңізге болады ғой. Мысалы, алғашқы президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың қалай ең көп дауыс алып, Қазақстан президентіне айналғаны туралы? – деген сұрақ қойды оған Азаттық тілшісі.

Тосын сұрақ болғанына қарамастан, Хайролла-Сұлтан оған бірер секундтан кейін жауап берді.

- Бұл тақырып мені қызықтыруы мүмкін. Қай жағынан алуды ойластырып, ұтымды бір сәтін таңдауыма қарай, - дейді ол.

Қазақстан кинематографистер одағы теңтөрағасы Ахат Ибраев (оң жақта) пен жас режиссер Хайролла-Сұлтан Хисами. Алматы, 20 қаңтар 2017 жыл.

Бірақ сөз ыңғайынан оны "бағзы заман" тарихы қызықтыратыны түсінікті болды. Әңгіме кезінде Азаттық тілшісі "шетелдік курстастарың мен оқытушыларың Қазақстан туралы біле ме?" деген тәрізді дәстүрлі тақырыпты да қозғады. Негізі, шетелдіктердің көпшілігінің Қазақстан жайлы пікір "Борат" фильмі арқылы қалыптасқан.

- Ол фильмді түсіруге не түрткі болғанын айта алмаймын, жай әзіл шығар деп үміттенемін. Мен еліміздің бай тарихын көрсетпекпін, - дейді Хайролла-Сұлтан Хисами.

"Немен әуестенесіз?" деген сұраққа режиссер "өз келешегіне инвестициялауды" жөн көретінін айтып, білімін өздігінен жетілдіруді сүйікті ісі ретінде атайды. Нью-Йорк киноөнері академиясы сайтының орыс тіліндегі блогында академия түлектерінің сәтті жобалары туралы жазылған. Академия студенттерінің жартысы шетелдіктер болғандықтан, олар америкалықтар ғана емес, ішінде бірнеше қазақстандық та бар шетелдік түлектерге де арналған.