Онлайн алаяқтар адам таңдамайды

Көрнекі сурет

Facebook аккаунты мен электрондық поштасы бұзылған құқық қорғаушы Евгений Жовтис оларды қайта қалпына келтіргенін, бірақ барлық ақпаратын жоғалтқанын айтады. IT мамандар Азаттыққа мұндай жағдайдан қалай сақтану керектігі туралы кеңес берді.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис әлеуметтік желідегі аккаунты мен поштасының қайта қосылғанын хабарлады. Оның сөзінше, поштасындағы барлық байланыстар мен өзіне жеке азаматтар жолдаған арыз-өтініштер жойылып кеткен.

- Ескі поштам қалпына келді, бірақ іші – тап-таза. Парольді мүмкіндігінше күрделендіріп, өзгерттім. Бұдан бұрын поштама менен басқа біреудің кіретінін, телефонымның тыңдалатынын сезгем. Бірақ осылайша бұзылуы алғаш рет болып отыр, - деді Азаттыққа сәуірдің 2-сі күні құқыққорғаушы.

Сәуірдің 1-і күні құқық қорғаушының атынан оның әлеуметтік желідегі «достарына» қаржылай көмек сұраған хат келген. Онда «Мен Лондонда конференциядамын. Менің сөмкемді, мобильдік телефоным мен жеке затттарымды ұрлап кетті. Мен құқыққорғау органдарымен мән-жайды анықтап жатырмын, бірақ маған қаржылай көмек керек. Лонданда жүрген мен үшін ақша алудың ең жақсы жолы - Western Union немесе MoneyGram. Егер көмектесе алмасыңыз маған хабар беріңіз. Евгений Жовтис» деп жазылған.

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл



Ағылшын тілінде таратылған хат, Жовтистің хат алысып жүрген таныс-достарына, Facebook-тегі «В. Козлов, И. Винявский мен С. Сапарғали мен саяси қуғының өзге де құрбандарына бостандық» атты топтың парақшасына да келген.

НИГЕРИЯЛЫҚ ІЗ

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро мамандарының анықтауынша, Жовтистің поштасын хакер Нигерияда отырып бұзған.

- Осыған ұқсас жағдай өткен жылы басқа бір қазақстандық құқық қорғаушының басында болған. Мәтіні дәлме-дәл келіп тұр. Қарапайым нигериялық қаржылық айлаға ұқсайды, - деді құқық қорғаушы Андрей Гришин.

Ал Евгений Жовстистің өзі бұл іске қатысты бірнеше божам айтады.

- Біріншіден, алаяқтар ісі боулы мүмкін, себебі хаттың мәтіні – халықаралық деңгейдегі алаяқтардың ісіне келеді. Екіншіден – арнайы жасалған операция болуы мүмкін. Мақсат – поштамды бұзып, ішінде не бар екенін көріп, білу. Үшіншіден – күлкі күніне орай, қалжыңбас хаккерлердің ісі болуы да ғажап емес, - деді ол.

ҚАУІПСІЗДІК

Пошта, әлеуметтік желідегі жеке адаммен, жекелеген топтардың парақшаларын бұзып кіру фактілері бұған дейін де болған.

Мәселен өткен жылы Facebook-те құрылған «25 ақпан – қарсылық күні» («25 февраля - день несогласия») атты қауымдастықтың модераторына хакерлік шабуыл жасалып, қолданушылар мен мүшелер парақшаға кіре алмай қалды. Қауымдастық модераторы Бақытжан Төреғожинаның поштасы да бұзылып, оның атынан поштадағы бар контактілерге спам жіберілді.
Мамандар танымал адамдар ғана емес қарапайым интернет қолданушылар да поштасына «бөтендерді кіргізіп алады» дейді. Оған себеп – интернет сауаттылықтың аздығы.

Аршат Оразов, IT маман


- Қарапайым құпия сөздерді (пароль – ред.) дұрыс қоя алмайды. Мәселен, мен құпия сөзді мейлінше қиын етіп қоямын – үлкен-кіші әріптерді, символдар мен сандарды араластырамын. Арзанқол ресурстарға емес, ірі ресурстардан пошта ашқан жөн. Және соңғы кезде пайда болған ерекшелік – электрондық поштаның құпия сөзін, мобильдік телефонға байлап қою да бар, - деді Азаттыққа пікір білдірген интернет маманы Аршат Оразов.

Ол өз поштасын бұзуға тырысқандардың болғанын, алайда телефонға келіп түсетін қосымша СМС-парольдің оған жол бермегенін айтты. IT маман маңызды, әрі құпия ақпаратты поштада сақтамаған жөн деп ескертеді.

САУАТТЫЛЫҚ

«Сұрақ-жауап» сайтының жетекшісі Ербол Серікбай, Қазақстанның өз электрондық пошта қызметінің жоқтығы, ондағы ақпараттардың «жасырын, не ашық түрде Ресейдің қолына түсуіне жол береді» деп санайды.

- Өйткені қазақстандықтардың қолданып отырған ресурстарының барлығы ресейлік. Бұдан бөлек, бізде маңызды, әрі құпия ақпарат жіберу кезінде – ешкім қорғалған хаттамамен (защищенный протокол) жұмыс жасамайды. Ол дегеніңіз – ақпаратты жасырын түрде, шифрлап жіберу. Бұдан бөлек, дұрыс поштаны таңдай білмейді, көбі арзан ресурстарды пайдаланады, - дейді маман.

Оның сөзінше, поштаға түсетін спамдардың зиян екенін де көпшілік елемейді. Ал құпия сөзді телефонға жалғау функциясын көпшілік әлі меңгере алмай жатыр.

- Көп жағдайда қолданушылар телефон нөмерлерін, ұмытып қалған құпия сөзін қайта қалпына келтіру үшін қолданады. Дегенмен сол функцияның ішінде «поштада қандайда бір өзгерістер болса, мәселен хат келсе, алдымен телефонға СМС жібер» деген таптырмас мүмкіндікті біле бермейді. Ол автоматты түрде қосылмайды, сондықтан оны «қызметтер» арасына кіріп тауып, көрсету керек, - дейді Ербол Серікбай.

«Антивирус бағдарламасын жасайтындардың вирусты да жасамайтынына кім кепіл» деген сұхбаттасымыз мүмкіндігінше сенімді сайттарға кіріп, күдікті хаттарды ашпауға кеңес береді.