11 қазанға қараған түні Алматы әужайына Израильден жеткен ұшақ қонды. Содан бірнеше сағат бұрын Тель-Авивтен ұшып шыққан арнайы рейс 166 адамды Қазақстанға аман-есен жеткізді. Олардың 124-і – Қазақстан азаматтары.
Алғашында Тель-Авив – Алматы рейсі 8 қазанға жоспарлаған. Бірақ Air Astana әуе компаниясы Израиль мен ХАМАС радикал тобы арасында басталған соғысқа бола, рейсті тоқтатты. Қазақстан өз азаматтарын Израильден алып кету үшін репатриациялық рейс әзірлеп жатқаны жөнінде 9 қазанда белгілі болды.
Тель-Авивтен рейс келер алдында Алматы әуежайының шетелден келетін жолаушыларды күтетін залда адам қаптап кетті. Бірақ олардың көбі жолаушыларды қарсы алуға келген туыстары мен достары емес, журналистер мен операторлар еді.
Жанна есімді әйел Израильге туыстарына кеткен туған сіңлісі мен күйеу баласын күтіп тұр:
– Құдайға шүкір, сіңлімнің көрер жарығы бар екен. Жұмада ғана ол Ашкелонда болған (ХАМАС тобы Газадан ең көп бомба атқан Израильдің қаласы – ред.) Жүйкесі әбден жұқарды, әрине. Соңғы сәтке дейін шыдауға тырысты. Бірақ ұшар алдында телефонмен сөйлескенімізде еңіреп жылап жіберді. Екеуміз екі жақта тұтқаны ұстап тұрып, еңкілдеп жыладық.
– Израильге туристік сапарға кеткен туыстарымды күтіп алуға келдім, – дейді Дария есімді Алматы тұрғыны. – Осыған дейін барынша хабарласып тұруға тырыстық. Байланыс үзіліп кете берді, бір кездерде мүлде болған жоқ. Туыстарым оларды күтіп алған адамдардың, гидтердің нұсқауын бұлжытпай орындаған. Олар үнемі қасында болған. Қонақүйден шықпай, тек нұсқаумен жүріп-тұрған. Соғыс басталған уақытта нақты қай қалада болғанын білмеймін. Бірақ олар әскери іс-қимылдарды көрмеген шығар деген үміттемін. Сондай-ақ Қазақстан елшілігі мен Air Astana компаниясы тез хабарласып, жақын арада алып шығамыз деп айтыпты.
Тель-Авивтен жеткен ұшақ Алматы әуежайына қонар-қонбастан журналистердің алдына Air Astana әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Әділ Дәулетбек шығып, қазақстандықтардың елге оралуына қатысты кейбір жайттарды мәлімдеді.
– Бүгін Air Astana әуе компаниясы А321 ұшағымен Тель-Авив – Алматы эвакуациялық рейсімен 166 жолаушыны жеткізді, оның басым бөлігі – Қазақстан азаматтары, – деді Әділ Дәулетбек. – Израильдегі ахуал 7 қазан күні күрт нашарлап кеткендіктен Air Astana әуе компаниясы ұшуды тоқтатқан болатын. Тек бүгін ғана компанияның эвакуациялық рейс шығаруға мүмкіндігі болды. Тель-Авив әуежайында бірде-бір Қазақстан азаматы қалған жоқ. Бәрін алып шықтық.
Ұшақ қонғаннан кейін тура жарты сағаттан соң жолаушылардың жүгін бере бастады. Сол сәтте олар ондаған фотоаппарат пен камераға тап болды. Мұндайды күтпеген жолаушылар сасқалақтап қалды, көбі журналистердің сұрағына жауап беруге құлық танытпады..
– Біз Израильдің солтүстігінде болдық. Ол жақ тыныш, – деді Тель-Авив – Алматы рейсінің жолаушысы Айсұлу. – Әрине, қорықтық. Өйткені қай жағыңа зымыран түсетінін білмейсің. Тезірек қауіпсіз жерге барғымыз келді. Бір жақсысы, байланыс, интернет үзілген жоқ. Біз Израильге 10 күнге демалуға барған туристпіз. Қазақстанға 18 қазан күні қайтуымыз керек еді.
Өскемен қаласының тұрғыны Ольга Родина Израильдегі туыстарымен көрісуге бір айға барыпты. Бірақ бір аптадан соң кері оралуына тура келген.
– Біз Рамлада болғанбыз (соғыстың бірінші күні бомбаның астында қалған Израиль қаласы – ред.). Әрине, қатты қорықтық. Мен зымырандарды көрдім, жарылыстардың даусын естідім. Есеңгіреп қалдық, үйге қайтқым келді, – дейді Ольга. – Алғашында бәрі есеңгіреп қалғанға ұқсайды. Әуе компаниялары да ештеңе айтпады. Не істерін білмей, ұшамыз ба, ұшпаймыз ба деп ойланған шығар. Бірақ біздікілер өте шапшаң қимылдады, бәрі өте жақсы ұйымдастырылған: чат, елшілік. Қуанышымызда шек жоқ. Ұшып келген соң бәріміз бір-бірімізді құшақтап, сүйіп, тіпті жылап та алдық. Өйткені қатты қорықтық қой.
Осы кезде Жанна сіңлісін көрді. Екеуі бірін-бір қапсыра құшақтап едәуір тұрды, жылап та алды.
– Елшілік өте жақсы жұмыс атқарды. Күні бойы байланыста болды, өтініштеріміздің бәріне жауап берді, – дейді әйел. – Соғыс басталған уақытта біз шекарадан 250 шақырым қашықта едік. Тель-Авивке келе жатқанда жарқ-жұрқ еткен оттарды, танкілерді көрдік. Денем мұздап кетті, қатты қорықтым. Ол жақта туыстарымыз, достарымыз қалды. Соларды уайымдап тұрмыз.
Кардиолог дәрігер Айнұр Ғұмарова Израильге «Болашақ» бағдарламасымен білімін көтеруге барған. Бірақ дереу елге оралуға мәжбүр болды.
– Соғыстың кесірінен оқуымыз аяқсыз қалғаны өкінішті. Бірақ әрі қарай жалғастырғымыз келеді. Бәрі тынышталған соң қайтадан баратын шығармыз, – деді Айнұр Ғұмарова.
Тағы бір қазақстандық Үміт Желдібай соғыс кезінде Хайфада болған. Айтуынша, Қазақстанның кейбір азаматтары Израильге емделуге кеткен. Операцияның уақытын шегергенімен олар денсаулығына байланысты елге орала алмай қалыпты.
– Қазір олар аурухананың бомбадан қорғанатын жерін паналап, зымырандардан жасырынып отыр, – дейді әйел.
Израиль мен ХАМАС радикал қозғалысының арасында соғыс басталғанына 11 қазанда бес күн болды. Сәрсенбі күні таңертең тараға мәлімет бойынша, Израильде ХАМАС шабуылынан 1200 адам қаза тапқан. Ал Израильдің қарымта шабуылдарынан Газа секторында қаза тапқан адам саны 900-ге жеткен. Құрбан болғандар арасында Таиланд, Аргентина, АҚШ, Ресей және т.б. елдердің азаматтары бар деп хабарлап жатыр.
Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) елге тұтқиылдан шабуылдаған ХАМАС тобы кепілге алып кеткен израильдіктердің отбасына ол жөнінде хабарлауға офицерлерін жұмсаған. Израиль тарапының есебінше, қазір шамамен 100-150 израильдік тұтқында отыр. ХАМАС Израиль Газа секторының бейбіт тұрғындарына ескертусіз оқ ататын болса, кепілдегі адамдарды өлтіреміз деп қорқытып отыр.
БҰҰ есебінше, Израиль күштерінің қарымта шабуылынан Газа секторында кемінде 790 үй қирап, 5 мыңнан астамы бүлінген. Инфрақұрылымға зақым келіп, 400 мыңға жуық адам кәріз жүйесі мен сусыз қалған.