«Трибуна» газетіне қатысты ескі дау қайта қозды

Қазақстан қорғаныс министрлігі зейнеткері Көпесбай Жәмпейісов. Алматы, 18 наурыз 2014 жыл.

Оппозициялық «Трибуна-Саясат алаңы» газетінің бұрынғы құрылтайшысы зейнеткерге «моральдық зиянның» өтемақысын төлемегені үшін қозғалған іс бойынша тергелген. Редакция зейнеткерге қатысты қателігін мойындайды, бірақ қомақты айыппұл газеттің жабылып қалуына ұласты деп шағынады.

21 сәуір күні Алматы қаласының тұрғыны әрі «Алаң Жұрт» жеке меншік кәсіпорны басшысы Әсем Әлмұхамбетқызын Алмалы ауданындағы полиция учаскесіне мәжбүрлеп жеткізген. Қорғаныс министрлігінің зейнеткері, оставкадағы бірінші дәрежелі капитан Көпесбай Жәмпейісовтің сұхбатын жариялаған кезде келтірілген «моральдық зиянның» өтемақысын төлемегені үшін қозғалған іс бойынша Әсем Әлмұхамбетқызын адвокат Жанар Балғабаеваның қатысуымен тергеген.

Бұл жанжал 2013 жылы – Жәмпейісовтің «редакция халық менталитетін сынаған сөзімді биліктің менталитетін сынады деп бұрмалап жариялады» деген шағымынан басталған. Редакция қателігін кезінде мойындаған, бірақ зейнеткердің талап-арызы биліктің ойдан шығарған саяси себептермен қудалау амалына айналды дейді. Жәмпейісовке өтемақы төлеу мерзімін редакция созып алғаны себепті енді іс оппозициялық газеттің бұрынғы өкілін тергеуге дейін жеткен.

ПОЛИЦИЯҒА КҮЗЕТ КҮШІМЕН ӘКЕЛУ

Әсем Әлмұхамбетова «Мені полицияға күштеп әкелгенінен шошып қалдым. Әдетте мұндай шараны кісі өлтіргендер мен кәнігі қылмыскерлерге ғана қолданады деп ойлайтынмын, бірақ мен ондай адам емеспін ғой. Ал өтемақы төлеу мәселесіне келсек, оның жартысынан көбін төлеп қойғанбыз» дейді Азаттық тілшісіне.

Екі жыл бұрын Алматының Медеу аудандық соты «Саясат алаңы» газетінің сол кездегі құрылтайшысы ретінде Әсем Әлмұхамбетовадан «моралдық зиянның» өтеуі ретінде Көпесбай Жәмпейісовтің пайдасына екі миллион теңге (сол кездегі бағам бойынша шамамен 11 мың доллар) өндіруге қаулы еткен. Зейнеткер «Саясат аланы» газеті редакциясы сұхбатын «Биліктің менталитеті – әміріңді жүргіз, халықты тона, қолайлы сәтті пайдаланып қал» (орысша түпнұсқасының тақырыбы - «Менталитет нашей власти – властвуй, грабь народ, пользуйся моментом». – Ред.) деген тақырыппен жариялап, «ауыр моралдық жапа шектім» деп санайды.

Зейнеткер Көпесбай Жәмпейісовтің оппозициялық «Трибуна» басылымына берген сұхбатының тақырыбы.

Ол кезде газет өкілдері «екі миллион теңгені төлеуге редакцияның шамасы келмейді, соттың бұл шешімі іс жүзінде оппозициялық газетті жабумен тең» деп мәлімдеген болатын. Шынымен, иелері «Трибуна – Саясат алаңы» деп бейресми атаған «Саясат алаңы» газеті шығуын тоқтатқан. Кейін оның орнына біраз уақыт «Трибуна – Ашық алаң» газеті шығып тұрды. Қазір «Трибуна – Саяси қалам» деген бейресми атауға ие «Саяси қалам» газеті шығып жүр.

Редакция Жәмпейісовтің өтемақысын екі жыл бойы төлемеген. Биыл сәуірдің басында сот орындаушылары «Трибуна – Саяси қалам» газеті басшылығына қарсы сот шешімін орындамау бабы бойынша үш жылға дейін жаза қарастырылған қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған. Бұл хабардан кейін газет басшылығы 1,3 миллион теңге төлеген. Бұған қарамастан, 21 сәуір күні «Трибуна – Саясат алаңы» газетінің құрылтайшысы Әсем Әлмұхамбетқызын полиция учаскесіне мәжбүрлі түрде жеткізіп, қорғану құқығы бар куәгер ретінде тергеген.

РЕДАКЦИЯ АҚША МЕН АСТАР ІЗДЕЙДІ

«Трибуна – Саясат алаңы» газеті өкілдері «зейнеткер Көпесбай Жәмпейісов бізді саяси астары бар себеппен сотқа берді» деп екі жыл бұрын мәлімдеген болатын. Олардың болжамынша, билік оппозициялық газетті жоюға «тапсырыс беріп», оны билікшіл зейнеткердің қолымен тұншықтыруды ұйғарған. Редакция бұл болжамынан ескі жанжал жаңадан қайта өршіген кезде де айнымай отыр.

Көпесбай Жәмпейісов «азаматтық талап-арызымда ешқандай саяси астар жоқ» деп мәлімдейді. Ол 2014 жылдың қаңтарында өткен сот процесі кезінде «мақала тақырыбына мен айтпаған сөздерді қосып, ауыр моральдық жапа шектім» деген болатын. Ол бұл позициясын қазір де ұстанып отыр. Әлгі оқиғадан екі жылдан кейін жанжал қайта қоза бастады.

Қоғамдық белсенді Инга Иманбай билікке қарсылық жиынында сөйлеп тұр. Алматы. 25 ақпан. 2012 жыл.

Мысалы, 13 сәуір күні Tribunakz.com газетінің сайтында билікшіл партиялардың бірінің жетекшісі осы партия мүшесі Көпесбай Жәмпейісовтің «қолымен» кек алуды ұйғарған деген сарында жазылған мақала жарияланды. Газет пікірінше, Жәмпейісов сот шешімі бойынша тиесілі өтемақыны төлеуді талап етуді дәл осы себеппен күшейткен. Бірақ басылым «бұл – газетті жою емес, оны әзірше тұқыртып алуды көздеген амал» деп болжайды. «Трибуна – Саяси қалам» газетінің өкілі Инга Иманбай бұл позицияның дәлелі ретінде «Жәмпейісов – газет мақаласында сыналған әлгі билікшіл саясаткердің партияласы, серігі» деген уәж келтіреді.

Ал Көпесбай Жәмпейісов Азаттыққа сот кескен екі миллион теңге (теңгенің күрт девальвациясынан кейін бұл сома қазір шамамен алты мың долларға тең) өтемақыны екі жыл бойы төлемей қойған соң оны талап етуді күшейткенін айтады. Жәмпейісовтің сөзінше, былтыр тамағындағы қатерлі ісікті алдыру үшін операция жасатқан, сондықтан ол кезде бұл проблемамен айналысуға шамасы болмаған. Көпесбай Жәмпейісов «Трибуна» бренді бойынша шығатын газеттің өзін «қаралап жазуды» әлі жалғастырып келе жатқаны ашуын келтіргенін айтады.

Осы аптада «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы әлемдегі сөз еркіндігінің ахуалы туралы 2016 жылғы есебін жариялады. Ұйым әзірлеген «Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде» Қазақстан 180 елдің ішінде 160-орында тұр. Қазақстан бұл позициядан үш жыл қатарынан қозғалған жоқ. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы экономикалық дағдарыстың тереңдеуі мен «елбасы» атағы бар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жасының ұлғая түсуі «паранойя» мен БАҚ-қа «бақылау орнатуды көксеуді» күшейтіп отыр деп мәлімдейді.

Қазақстанда интернетке бақылау күшейгенін мәлімдеген ұйым сарапшылары «билікке жақпаған журналистер мен басылымдарды саяси астары бар талап-арыздар бойынша соттар арқылы қудалайды» деп жазады.