Желтоқсанның 26-сы күні Қазан қаласындағы Карим Тинчурин атындағы саябақта Қытайдың Шыңжаң аймағында "тәрбиелеу лагерьлерінде" отырған мұсылмандарды қолдау акциясы өтті. Шараға Бүкілтатарлық қоғамдық орталықтың (БТҚО) оннан астам белсендісі қатысты.
БТҚО белсенділері Қытай билігінен Шыңжаңдағы этникалық азшылықты құрайтын
түркі халықтары өкілдері мен мұсылмандарға қатысты қудалау саясатын тоқтатуды талап етті.
Шараға қатысушылар "ҚХР төрағасы Си Цзиньпин! Шыңжаңға БҰҰ өкілдері мен құқыққорғаушыларды кіргізуіңіздіталап етеміз!", "Қытайдағы түркі мұсылмандарға геноцидті доғаруды талап етеміз!", "Тәрбиелеу лагерьлері" тұтқындарына бостандық берілсін!", "АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция! Қытайдағы геноцидті айыптауды талап етеміз!", "Фашистік Германия 1938 = Қытай 2018", "Татарлар! қандас бауырларымыз ұйғырларды бірге қорғауға жұмылайық!", "Концлагерь тұтқындары - ұйғырлар мен қазақтарға бостандық берілсін!" деген жазулар ұстап шықты.
БТҚО "Қытай өз аумағында ислам діні мен түркі халықтарына қарсы ашық соғыс жариялаған" деп мәлімдеген.
БТҚО төралқасының жетекшісі Фарит Закиев (суретте сол жақта) "Idel.Реалии" сайтына бұл акция "Қытайдағы геноцидке айналып бара жатқан этноцидке әлем қауымдастығының назарын бұру" мақсатын көздейтінін мәлімдеген.
- Біздің пікірімізше, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері - АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Франция — Қытайды ассимиляция саясаты үшін айыптауы және билік "тәрбие лагерьлері" деп атайтындарға айрықша назар аударулары керек, - дейді Фарит Закиев.
Бүкілтатарлық қоғамдық орталық (БТҚО) мәлімдемесінде Шыңжаңда "ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар, дүнгендер мен өзге де мұсылман халықтары геноцидке ұшырап" жатқаны айтылған.
БТҚО өкілдерінің мәлімдеуінше, "Қытайдың мұсылмандарға қатысты жүргізіп отырған саясаты 1938 жылғы фашистік Германия саясатын еске салады".
БТҚО белсенділері Ресей президенті Владимир Путиннен Қытай билігінің Шыңжаңдағы этникалық азшылықты құрайтын мұсылмандарға қарсы жүргізіп отырған саясатын айыптауын талап еткен.
БТҚО "Ресейдің барлық қоғамдық, ұлттық және мұсылман ұйымдарын ұйғыр халқымен бірге ынтымақтастық акциясын өткізуге" шақырған.
Қытайда шамамен 8 мыңға жуық татар өмір сүреді. Олардың басым көбі XIX ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басында Үрімжіге қоныстанған татар кәсіпкерлердің ұрпақтары.
Шыңжаңда этникалық азшылыққа қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен бастап түсіп жатыр. Азаттық Шыңжаңда қамауға алынған, Қазақстанға орала алмай жатқан Қытайдағы қазақтар туралы бірнеше рет жазған.
Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch халықаралық ұйымы таратқан арнайы баяндамасында Қытайдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлеріндегі" ауыр жағдай туралы айтқан. Ұйым қытай билігін сынап, Пекинді тұтқындарды босатуға шақырған.
2018 жылы қыркүйекте Қытайдағы адам құқығы жөніндегі бюро өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықтарда қысым жасалмайды. Ондағы адамдар біліктілігін көтеріп, тренингтен өтеді. Кейін жақсы жұмысқа орналасып, негізгі заңдарды үйренеді" деп мәлімдеген. Ұлыбританиядағы Қытай елшісі Лю Сяомин де Шыңжаңдағы этникалық азшылықты жәбірлеу туралы пікірлерді жоққа шығарған.
БҰҰ дерегі бойынша, Қытай билігі "экстремизммен күрес орталықтарында" шамамен бір миллионға жуық ұйғырды ұстап отыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскенін хабарлаған. 2018 жылдың басынан бері қытай тарабы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат берді. Сондай-ақ, министрліктің мәлімдеуінше, Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққан.
Қытай мемлекеттік кеңесі желтоқсанның 12-сі күні "Қытайдағы реформа мен ашықтықтан 40 жыл өткеннен кейінгі адам құқығы саласындағы прогресс" атты ресми баяндамасын жариялаған. Онда Қытайдың "адам құқығын құрметтейтіні және халықаралық міндеттемелерді орындайтыны" айтылған.
Қытайда мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерьлері бар екені шамамен бір жыл бұрын белгілі болды. Белсенділер "түрме" деп атайтын осындай мекемелерде миллионнан астам адам отырып шыққан.
Америкалық конгресмендер Марко Рубио мен Крис Смиттің айтуынша, 500 мыңнан бір миллионға жуық адам Қытайда осындай лагерьлерде "қайта тәрбиелеуден" өтті не қазір өтіп жатыр. Лагерьлердегі "оқытуды" америкалық заң шығарушылар "қазіргі кездегі ұлттық азшылық өкілдерін жаппай бас бостандығынан айырудың" ең ауқымды түрі дейді.