"Бәрінің көкейінде кек қайнап тұр". Костенко шахтасында қаза тапқандардың туыстары әділетсіздікке шағымданды

Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің туыстары "Шахтерлер даңқы" ескерткішінің алдында. 5 желтоқсан 2023 жыл.

Қарағандыдағы Костенко шахтасында болған апат кезінде отағасынан, ұлынан айырылған отбасылар енді-енді есін жиып, өтемақы төлеу мәселесі, әділетсіздік, бюрократиялық қиындықтар туралы ашық айта бастады. Олар шахтадағы проблемаларды баяндап, апатқа кінәлі адамдар жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қорқатынын жеткізді.

"СОЗЫЛЫП КЕТТІ, АЛДА ӘЛІ СОТ БАР"

Афина бүлдіршін әкесі, 26 жастағы шахтер Тимур Сосновский қайтыс болғаннан кейін екі аптадан соң дүниеге келді. Ол Костенко шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің бірі. Жер астында екі жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген. Анастасия Сосновская 22 жасында жаңа туған нәрестесімен жесір қалды.

– Мен оған жұмыс ауыстыр дедім, бірақ Майқұдықта одан басқа тұрақты жұмыс жоқ. Жақында ғана көлік сатып алғанбыз, ол қуанып жүрген. Өте ақылды жігіт еді, энциклопедияларды, ғылыми фактілерді, тарихты жақсы көретін. Қызым да әкесіне тартып ақылды болса екен дейтінмін. Енді міне, тағы бір жайт жығылғанға жұдырық болды: балама сақтандыру төлемін алу үшін ДНҚ-тест тапсырып, күйеуім баламның әкесі екенін дәлелдеуім керек. Созылып кетті, алда әлі сот бар. Сәбиімді қолыма алып, әрлі-берлі жүгіруім керек, – дейді Анастасия Сосновская.

Иван Костенко атындағы шахтадағы апаттан қаза тапқан Тимур Сосновский.

Үш жастағы егізі мен сегіз жасар ұлы бар Жанзақовтар отбасы Жаңа жылды әкесіз қарсы алды. 32 жастағы Айзат демалыстан жұмысқа шыға салысымен опат болған. Бұл шахтада алты жыл еңбек еткен. Қаза тапқаннан кейін әйелі оның телефонынан дұға жасап тұрған суретін көрген. Марқұм оны ауысымға кірер алдында түсірген. Әйел мұнысы тегін емес дейді.

– Ол бірдеңеден қорыққан, сол күні апатты жағдай болатынын сезген сияқты. Қатардағы қызметкер сезсе, басшылық бәрін білген болып тұр. Қаншама адамның өмірі қыршыннан қиылды. Олар тек өндіріс жоспарын ғана ойлап, қауіпсіздікке бас қатырмаған. Апаттың алдын алуға болар еді, оған сенімдіміз. Сертификатталмаған конвейер таспасы салдарынан "Қазақстан" шахтасында болған жырылыстан кейін мұндай таспалар басқа шахталарда да өртенуі мүмкін деп ойламағаны ма сонда? Ол шахта мен компанияның ғана кінәсі емес. Мемлекеттік инспекция неге жауап бермейді? Бәрін түрмеге қамау керек. Апат болған күні әкімдік пен компания уәдені үйіп-төкті, қатырып жұмыс істеп жатқандай көрінуге тырысты, ал біз өтемақы төлеу туралы келісімге қол қойғаннан кейін жоқ болып кетті. Ал оған қол қоймасаң, пәтерге ақша ала алмайсың, – дейді Тілек Жанзақовтың жесірі.

Айзат Жанзақов та жер астында қаза тапқан.

Марқұм шахтер Дәмір Қалимуллиннің әйелі жеті жасар қызы салған суреттерді көрсетті. Қыз бала біріншісі суретті апаттан кейін әкесі құтылып шығады деген үмітпен өткізген күндерде салған. Екінші суреттің астына: "Әке, мен сені мәңгі есімде сақтаймын", – деп жазған. Дәмір 32 жаста еді, шахтаға жұмысқа тұрғанына бір жылдан енді асқан. Жер бетіндегі жұмысқа ауысу үшін тау-кен колледжіне оқуға түсіпті. Бірақ үлгермеген. Отбасы пәтер жалдап тұрады. Асыраушысы қаза тапқаннан кейін төленген өтемақыға пәтер сатып алған.

Марқұм шахтер Дәмір Қалимуллин қызымен бірге.

– Дамир 200 метр көтерілгенде аман қалушы еді. Қызым күнде жылайды, күйзеліп, ауырып қалды, ауруханаға түстік. Маған да, ата-анама да қиын соғып жатыр. Психологтар көмектеспейді. Бәрінен бұрын неге ренжідім, айтайын ба? Шахта алдыңғы ауысымда өртене бастаған екен, соған қарамастан біздікілерді төменге түсірген. Күйеуімнің қазасы есеңгіретіп кетті. Онымен қоймай, бізді жүгіртіп, бірдеңе дәлелдетіп, қыруар қағаз жинатып қойды. Жинаған қағаздарымыз жоғалып кетіп жатыр. Енді өлместің күнін кешіп, қызымды асырау үшін жәрдемақы алайын десем, басқа қалаға барып, жүгіріп, құжат жинауым керек. Бірінші апарған құжаттарымды жоғалтып жіберіпті. Қайтадан бардым. Енді ресми жұмыс істемейтінімді дәлелдейтін анықтама апаруым керек, – дейді Юлия.

Дәмір Қалимуллиннің қызы салған сурет.

Зейнетке шығуына екі жыл қалғанда қаза тапқан марқұм Леонид Ещенконың қызы 28 қазан күні жер астында болған апатты "қасақана кісі өлтіру" деп есептейді. Марқұмдардың отбасы қаза тапқандарға арналған мемориалды жұмысберуші компания күйеуінің, ұлының өмірін жалмаған шахтаның алдына емес, қаладағы ең көрнекі жерге орнату керек деген талап қойып отыр.

– Адам өліміне жол берді. Көбіміз бұл кездейсоқ апат екеніне сенбейміз. Іске қатысты мәліметтер бермейтініне, кімді қамағанын айтпайтынына наразымыз. Бәрінің көкейінде кек қайнап тұр, біреуді өтірік кінәлі етіп шығармай, шын кінәлілер жазасын алсын, – дейді шахтердің қызы Юлия. – Көпшілігі өз құқын білмеді. Ақпарат іздей бастаған кезде көзі ашылды. Сақтандыру өтемақысы берілуге тиіс екенін де білмеген. Бізге берілмейді деді. Денсаулығына байланысты жарты жыл жұмыс істемеген өгей анам да [сақтандыру өтемақысын] алмайды екен. Асыраушы мәселесі де сот арқылы шешіледі екен. Оған да ашуымыз келді. Отбасы жағдайы мүлде ескермейілді.

ӘДІЛДІК ІЗДЕУ, АҚПАРАТТЫҚ АЗДЫҒЫ

Марқұм Виталий Мордасовтың артында үш баласы мен жұбайы қалды. Туыстары оның шахтаға қызметкер жетіспейді, жұмыс өте көп және еңбекті жеңілдету үшін әріптестер ақша жинап, құрал-сайман сатып аламыз деп айтқанын еске алды. Қаза тапқан басқа шахтерлердің де туыстары мұны растады.

– Құрбым әкемнің құжаттарын алуға келген. Оған әкелерің азамат екен, бригасымен бір айлық жоспарды орындады депті. Бұл нағыз күпірлік қой. Еңбек министрі Тамара Дүйсенова шахтерлер бір жарым миллион теңге жалақы алады деді, одан соң жалған ақпарат берілген деп, онысы үшін кешірім сұрады. Мұның бәрі жоғарыдағылардың қалай ойлайтынын көрсетеді. Министр бұлай десе, неге өтемақы сонша аз деп, біз назарылық білдірдік, – деп қынжылады марқұм Виталий Мордасовтың қызы Екатерина.

Иван Костенко атындағы шахтада опат болған шахтер Виталий Мордасов.

– Сұрағымызға көңілге қонымды жауап табу өте қиын, – дейді жесір Юлия Мордосова. – Қайғылы оқиғадан бір апта бұрын ол бірдеңені сезгендей мазасызданып жүрді. Сол кезде кеншілер шахтадағы жағдайды, қауіп төніп тұрғанын бір ауыздан айтып, дабыл қақса, біз – әйелдер мен аналар – оларды шахтаға жібермес едік, тексеруді, жұмысты тоқтатуды талап етер едік. Жұмыскерлерге сөгіс беріп, сынай бермей, шахтаның жұмысын бақылау керек. Енді алдымыздан тағы бір әділетсіздік шықты: басында басқаша айтқанымен, сақтандыру төлемдерін бүкіл отбасына бермейді екен. Тұрғын үйге де лимит қойды, оған дейін көп сома береміз деп айтқан. Кіші баланы оқытамыз, шахтаға жұмысқа тұрғызамыз деді, бірақ мен жер астындағы емес, жер бетіндегі жұмыс керегін айттым.

Қаза тапқан тау-кен қызметкері Ринат Қадыровтың ұлы жаназа күні билік өкілдері отбасы неге мұқтаж болса, соның тізімін жасауға тапсырма береді. Василий қысқа көмір сұраған және мүмкін болса, емге алған несиесін жауып беруін өтінген. Оның эпилепсия ұстамасы бар, операциядан кейін толыққанды жұмыс істей алмайды. Бірақ өтінішін орындамаған. Марқұм Василий – оның өгей әкесі, бала күнінен соның тәрбиесінде болған, анасы екеуі заңды некеде.

– Әкем тірі болғанда ешкімге кіріптар болмас едік. Қиналғаннан көмек сұрадым. Облыс әкімі "көмектесеміз" деді. Құжаттарымды тапсырдым. Біраз уақыттан соң бас тартты. Себебін сұрап едім, ешкім мардымды жауап бермеді. Заңгермен кеңесіп, президент әкімшілігіне хат жаздым, ол жақтағы хатымды Қарағандыға кері жіберген. 26 желтоқсан күні отбасы мүшелеріне бәрін төледік, бердік деген жауап келіпті. Ал мен қайда қалдым? Біздің хатымызды оқымағанға ұқсайды, – деп налиды Василий Магада.

Марқұм Владимир Катаманның ұлы іздеп тапқан үйді жұмысберуші сатып әперуге келіспеген. Жылжымайтын мүлік таңдау құқығы марқұмның отбасына тиесілі (адам басына 18 шаршы метр есебімен) деген ұжымдық келісім-шартқа сүйенген Катамандар әулеті өзіне лайықты пәтерді табады. Бірақ оны қабылдамаған. Марқұмның ұлы компаниямен келісім-шартқа қол қоюдан бас тартқан.

– Басында шектеу болмайды деген, енді соманың лимитінен асып кеттіңдер дейді. Біз керемет үй сұрап отырған жоқпыз, кәдімгі пәтер. Осы талабымызды орындауға міндетті деп ойлаймын. Сақтандыру төлемдері де көңіл көншітпейді. Шахтердің жалақысынан жыл сайын қомақты ақша ұстап қалып отыратын. Бірақ олар тек асырауында адамы, отбасында мүгедек немесе кәмелетке толмаған баласы барларға ғана төлейді екен. Ондай болмаса, берілмейді деді. Марқұмдардың басына тас орнатуға қатысты да дау көп: адамдар үнемдеді, өйткені оларға сатып алыңдар да, чек көрсетіңдер деді, ал ұжымдық шартта компания ақшаны бірден аударады деп жазылған. Түсінгенім, көпшілігі алпауыт компаниямен салғыласуға қорқып, келісімге қол қойған сияқты. Мен заңгер жалдадым, анықтаймын, – деді марқұмның ұлы Александр.

Иван Костенко атындағы шахтада опат болған кеншілердің суреттері. Қарағанды, 5 желтоқсан 2023 жыл.

Марқұм Владимир Леушиннің ұлы Денис туыстары қаза тапқаннан кейін қиын жағдайға тап болған отбасыларға дұрыс ақпарат берілмей жатыр дейді. Тіпті қайырымдылық көмек алу мәселесінде де: бүгінге дейін көптеген ұйым ақша аударған, бірақ ол ақша халықтың бәріне жетпеген. Халықтың көкейіндегі сұрақтардың бірі: машина жасау компаниясы бөлген 200 миллион теңге мен спорт қорынан бөлінген 5 миллион теңге қайда?

– Әнші Димаш Құдайберген марқұмдардың отбасына ақша аударғанда менің 14 жастағы өгей қарындасыма ештеңе тимеді. Бірақ кәмелетке толмаған балалардың бәрі бір миллион теңгеден алды деп есеп берген. Одан соң ERG компаниясы 400 миллион теңге қаражат бөлді деді, бір ай бойы адамдар ештеңе білмеді, кейін сұрастырғаннан кейін ғана ақша табылды. Біреудің қайғысын біреулер пайдаланып кетпесе екен деймін. Ақша қазір құнсыз, баға шарықтап тұр, – дейді марқұмның ұлы.

Иван Костенко атындағы шахта. Қарағанды, 28 қазан 2023 жыл.

2006 жылы Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан 41 кенші қаза тапқаннан кейін олардың жесірлері құрған "Шахтерлер отбасы" ұйымындағылар кеншілердің туыстары бюрократиялық қиындықтармен бетпе-бет келетінін жақсы білеміз дейді. "Өз басымыздан өтті", – деді бірлестік өкілі Наталья Томилова.

– Ол кезде түскен ақшада есеп болмаған, бірақ марқұмдардың отбасы оның бірін де алған жоқ, біреулердің есепшотында қалып қойды. Төлем кезінде алалау да болды, – дейді Томилова. – Көп мәселені сотсыз-ақ шешуге болады. Бірақ адамдарды асыраушысынан айырылғанын дәлелдеу үшін сотқа сандалтады. "Шахтерлер отбасына" хабарлассын, неден бастау керегін түсіндіреміз, өйткені олар арсыз адвокаттарға түсіп қалуы мүмкін. Оның бәрі басымыздан өтті: адвокаттар ештеңе істемей, бізден ақша алып, соңында бәрін өзіміз істедік. Бірақ сол кезде осының бәрін бастан өткермесек, жесірлердің "Шахтерлер отбасы" ұйымы құрылмас еді.

ШАХТА ИЕСІ АУЫСҚАНҒА ДЕЙІН ДЕ, АУЫСҚАННАН КЕЙІН ДЕ ТЫНЫШТЫҚ

Костенкодағы апаттан кейін Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы көмір шахталарының және Теміртаудағы ірі металлургия комбинатының иесі "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық келісім-шарт бұзылатынын мәлімдеді. Үнді-британ милилардері Лакшми Митталдың компаниясы 1990 жылдары Қазақстандағы жекешелендіру кезінде кен орнының барлық активін сатып алды. Бірақ қанша сомаға сатылғаны жария болған жоқ.

Иван Костенко атындағы шахтада 2023 жылғы 28 қазанда өрт шығып, салдарынан жер астында жұмыс істеп жатқан 46 кенші қаза тапты.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртау" активтері 286 миллион долларға сатылғанын, қазақстандық авторетейлер Андрей Лаврентьев деген азамат кәсіпорынның жаңа қожайыны атанғанын мәлімдеді. Қазір компания Qarmet деп аталады, директоры – біраз уақыт мемлекеттік қызмет атқарып, кейін өндіріске қайта оралған "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының бұрынғы атқарушы директоры Вадим Басин. Билік жаңа инвестор өндірістік және әлеуметтік міндеттемелерді өз мойнына алғанын да хабарлады.

Qarmet шахталарда жер астын позициялау және радиобайланыс жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады, бұл диспетчерге жұмысшылардың жер астындағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Қарағандыға келген вице-премьер Роман Склярға компания "шахталардың техникалық жарақтарында айтарлықтай проблемалар" бар деді, бірақ ол қандай проблема екені айтылмады. 28 желтоқсанда Үкімет отырысында 2024 жылға арналған негізгі міндеттердің біріжұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс көлемін ұлғайту екені айтылды.

Азаттық компанияға Qarmet деп аталмай тұрғынында қайтыс болғандардың отбасына төленетін өтемақылар туралы түсініктеме беру жайында ресми сұрау жолдады. Ол кезде бас директор Вадим Басин болған, бірақ редакцияға жауап түскен жоқ. Кейін Азаттық компанияның баспасөз қызметінен ресми сұрақтың мәселесі не болып жатқанын сұраған, ол да сол күйі жауапсыз қалды.

Жақында Теміртауда Qarmet-тің жаңа полиция мен жедел жәрдем көліктерін тапсырған іс-шарасы өтті. Оған билік өклідері де қатысты. Шара барысында компания бас директоры: "Біз қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты көңіл бөлетінімізді білетін шығарсыздар, бұл тек комбинатқа немесе шахталарға ғана қатысты емес", – деді. Жарияланған фотосуреттерде сыйлық табыстаушылар күлімсіреп тұрды. Мұны көрген қаза тапқандардың туыстары жабырқап қалды, жақындарын жоқтап, ақша мен әділеттілікке жетуге тырысып жүрген олар мұны қорлау деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қарметтің" жаңа инвесторы. Андрей Лаврентьев деген кім?

"МІНДЕТТЕМЕЛЕР ОРЫНДАЛМАСА, ХАБАРЛАСЫҢЫЗДАР"

Қарағанды облысының әкімдігі Азаттықтың билік жергілікті халыққа қандай көмек көрсетті және қаза тапқандардың отбасы білдірген шағымға қалай жауап береді деген сұрағына құқықтық және ұйымдастырушылық жағынан қолдау көрсетіп, коммуналдық, денсаулық сақтау, білім жөніндегі мәселелерін жеке шешіп жатырмыз деп қысқа ғана жауап қайтарды.

Еңбек министрлігі Азаттықтың сұрағын Қарағанды облысының еңбек инспекциясына жолдады. Ол жақтағылар мемлекет пен жұмысберуші тарапынан көмек көрсетіліп жатыр деп мәлімдеді.

"Мемлекеттік міндеттемелер: асыраушысынан айырылғандарға санына қарай жәрдемақы ( асырауындағы 1 адам – базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 0,92 шамасы). Әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыға қосымша қаза тапқан адамның жалақысына байланысты болады; жерлеуге арналған жәрдемақы – БЖЗҚ-дан 324 300 теңге", – деп хабарлады еңбек инспекциясы.

Биліктің мәліметінше, компания қаза тапқандардың отбасына мынадай көмектер көрсеткен: марқұмдарды жерлеу және еске алу асына жұмсалатын шығындарды; мазар/ескерткіш орнату шығындарын төлеген; қаза тапқандардың кредиттерін төлеп берген; қаза тапқандардың отбасына бір жылдық жалақының 10 есесі көлемінде өтемақы төлеген; қараша айынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға (23 жасқа дейінгі балаларға-тек оқу кезеңіне) жұмысберушінің қаражаты есебінен сақтандыру төлемдерін жасаған. Сонымен қатар, балаларды оқыту, санаторийде сауықтыру, лагерьлерде демалту, 1 маусым мен 1 қыркүйекте балаларға бір жалақы мөлшерінде көмек ақы беру, жаңа жылдық сыйлықтар жасау, көмір бөлу, отбасы мүшелерін (жұбайларын, балаларын) Qarmet компаниясына жұмысқа орналастыру да бар.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Иван Костенко атындағы шахтада өрт шыққанда жер астындағы жұмыс орнында қалып қойған кеншілерді құтқару шаралары жүріп жатқан кезде, олардың туыстары хабар күтіп кәсіпорын ғимаратында отыр. Қарағанды, 29 қазан, 2023 жыл.

Бірақ билік марқұмдардың туыстары көтерген қазіргі проблемаларға қатысты жауап бермеді. Жұмысберуші міндеттемелерін орындамаған жағдайда марқұмдардың туыстары компаниянға, көміршілер кәсіподағына, ал мемлекет міндеттемесін орындамаған жағдайда – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жүгіну керек дейді.

Бас прокуратура желтоқсан айында "көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді" деген күдікпен шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамынан жеті адамның ұсталғанын мәлімдеді. "Шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылау жүргізбеген" "АрселорМиттал Теміртау" және өңірдегі ТЖМ өндірістік қауіпсіздік департаментінің лауазымды тұлғаларының іс-әрекетіне баға берілетіні хабарланды. Қаза тапқандардың туыстары нақты кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кете ме деп алаңдайды.

– Жергілікті басшылық бақылау жүргізбесе, инвестор өзгергеннен не пайда? Соңында кім жауап береді? – деп ашынады Виталий Мордосовтың жесірі.

Осы сұрақ 2022 жылы Ленин шахтасында болған жарылыста қаза тапқан бес кеншінің туыстарын да мазалайды. Төрт қызметкердің үстінен іс қозғалды. Алайда марқұмдардың отбасы шахта басшылығы мен көмір департаментін, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының топ-менеджерлерін жауапкершілікке тартуды талап етуде.

– Қаза тапқандарды, олардың отбасын мазақ етуді доғарсын. Миттал кетсе кеткен шығар, бірақ Биджу Наир мен Джелсон Батиста жауап беруге тиіс. Ал олар елден кетіп қалды. Прокуратура шу көтермеңдер дейді. Неге тек төрт адамды жауапқа тартты? Олар түрмеге қамалса, шығады, ал менің ұлым қайтып келмейді. Ленин шахтасының кеншілері қазір шахтаға баруға қорқамыз дейді. Ол жақты бұрғыламайды, газ шығармайды, тағы да жарылуы мүмкін, – дейді 2022 жылы қаза тапқан шахтердің анасы Галина Инкина.