Алматыда Қырым татарлары депортациясын еске алды
Алматыда Қырым татарлары диаспорасының өкілдері 1944 жылы совет өкіметі Қырым түбегінде жүргізген депортация құрбандарын еске алуға жиналды. Еске алу шарасы мамырдың 18-і күні түс кезінде Қырым татарларының "Ватандаш" мәдени орталығында депортация құрбандарына құран бағыштаудан басталды. Шараға қатысушылар арасында депортация қасіретін басынан өткерген ақсақалдар да болды.
Қырым татарларының "Ватандаш" мәдени орталығы төрағасы Сеит Бабалиев еске алу шарасында сөйлеп тұр. "Ватандаш" орталығының мәліметінше, Қазақстанда қазіргі уақытта үш мыңға жуық Қырым татарлары тұрып жатыр.
Қырым татарларының "Ватандаш" мәдени орталығы төрағасының орынбасары Васпие Алиярова депортация құрбандарын еске алу шарасына қатысып отыр. Қырым татарлары бұл күнгі еске алу шарасын «Унутма»(«Ұмытпа») деп атайды.
"Ватандаш" мәдени орталығындағы кездесуде көрсетілген Қырым татарларының 1944 жылғы депортациясы туралы бұл суретті автор Сейітуәли Ганиев ата-анасының айтқан естеліктері бойынша жазған.
Қырымнан 13 жасында депортацияланған Якуб Эминов кездесуге қатысушыларға өзі куә болған оқиғаларды айтып тұр.
Левиза Хамидулина Қырым татарларының депортациясы тақырыбына жазған өлеңін оқып тұр. Қырым түбегіндегі қазіргі жағдай бұл кездесуде айтылған жоқ. Диаспора өкілдері қасіретті оқиғалар мен оның құрбандарын еске алуға арналған шараны саясиландырғысы келмейтіндерін айтады.
Қырым түбегінен күштеп жер аудару құрбандарын еске алу шарасын өткізу үшін Алматының орталық саябағына жиналған Қырым татарлары диаспорасының өкілдері.
Алматының орталық саябағына жиналған Қырым татарлары диаспорасының өкілдері бірге "Гузяль Қырым" ("Әсем Қырым") әнін шырқап тұр. Бұл ән күштеп жер аударылған Қырым татарларының туған жерге деген сағынышынан туған.
Кемал Бекиров Қырымнан мәжбүрлеп жер аудару туралы өзінен үлкен туыстарынан естігенін әңгімелеп тұр.
Зулиха Коплеуова Қырым татарларын депортациялау тақырыбына жазылған өлеңді оқып тұр.
Қырым татарлары диаспорасының өкілдері Алматының орталығы саябағындағы депортацияланған халықтар аллеясында Қырым татарларының ұлттық белгісі – тарақ тамғасын бейнелеп шырақ жақты.
Депортация құрбандарын еске алу шарасында жанған шырақты қызықтап тұрған бала.