Пандемиядағы екінші Құрбан айт
35 жастағы Ербол Ислам құрбандық үшін сатып алған қойын сойдыру үшін қайынатасының үйіне әкелді.
Шәймардан Қасен бірнеше апта бұрын ұстаға 10 мың теңге беріп арнайы жасатқан пышағын қайрап отыр.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 500 мың адамға жақындады. Соңғы тәуліктерде күніне 5 мыңдай адамнан Covid табылып жатыр. Құрбан айт күні бұл дерттен 73 адамның көз жұмғаны хабарланды.
Шәймардан қария былтыр құрбандыққа шалатын қойды 50 мың теңгеге алған. Биыл бір қошқар 70 мың теңге болыпты.
Пандемияға байланысты жұрт құрбандық малын өз үйінде сойды. Малды онлайн таңдап, сойдырып жатқандар да бар.
Шәймардан Қасен сойылған қой терісін жайып жатыр.
Күйеу бала Ербол екі қошқардың бас-сирағын үйітті.
Ербол Ислам қайын атасы сойып берген қошқар етін көршісімен бірге көтеріп барады. Ол еттің бір бөлігін мұқтаж жандарға таратады.
Қазан астын жағу.
Құрбандыққа сойылған қой етінің бір бөлігін иесі өзіне алып қала алады. Әйелдер құрбандық малының етін қазанға асып жатыр.
63 жастағы Қанай Шолай 15 күн бұрын коронавирус вакцинасының екінші дозасын алған. Ол пандемия басталғалы қонаққа бару және шақыру азайғанын айтады.
Екі қойды сойып болған отбасы түскі ас ішіп отыр.
Ақмола облысы Қараөткел ауылындағы мешіттің сыртқы көрінісі. Бүгін жұрт мұнда карантин ережелерін сақтап, айт намазын оқыды. Ақмола облысы індеттің таралуы бойынша сары аймақта жатыр, ал қызыл аймақтағы Нұр-Сұлтанда намаз оқуға тыйым салынды. Сондықтан кей қалалықтар ауылдарға барып, намазға қатысқан.