Қырғызстанда қазан айында өткен президент сайлауына түскен Омурбек Бабановқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын осы елдің бас прокуратурасы қарашаның 4-і күні хабарлады.
ҚОС БІРДЕЙ АУЫР БАП
Бабановқа қарсы қылмыстық істі Қырғызстан бас прокуратурасы қозғаған. Ресми ақпаратта "Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті - ред.) депутаты Омурбек Бабановқа және басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздық қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны" жазылған.
Қырғызстан бас прокуратурасы "тергеуге дейінгі тексеру кезінде Жогорку Кенеш депутаты О. Бабановтың 2017 жылы 28 қыркүйек күні сайлауалды науқаны барысында Ош қаласы Әмір Темір ауданының негізінен ұлты өзбек тұрғындарымен кездескені анықталды. Бабанов олардың дауыстарын алу мақсатында кездесуде этникалық өзбектердің құқығы шектелетіні, елде ұлттар теңдігі жоқ екені, мемлекеттік органдар тарапынан өзбектерге қысым жасалатыны туралы пікірлер айтып, мұндай жағдайға белсенді түрде қарсылық көрсетуге шақырған" деп хабарлайды.
Қырғыз бас прокуратурасы қылмыстық істің осы елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолданғанын жазады.
ВИДЕОЛАР "ЖАЛҒАН ӘРІ МОНТАЖДАЛҒАН"
Омурбек Бабановтың өзі бұған дейін әлгі кездесуде айтқан сөздері бұрмаланғанын, электрондық БАҚ беттерінде тараған видеолардың "монтаждалғанын" мәлімдеген болатын.
Бабановтың Оштағы кездесуінің видеолары сол күні-ақ (28 қыркүйек - ред.) интернет арқылы тараған. Азаттықтың Қырғыз қызметі әлгі кездесуде Бабановтың "сайлау кезіндегі заң бұзушылықтарға қарсы тұра білу керек екенін айтқанын", "Интернетте оның "Тізе бүккенше қасқайып өлген артық", "егер полиция қызметкері өзбектерге қол тигізсе, ол жұмыстан шығарылады" деген сөздері тарағанын" жазады.
Бабановтың жақтастары оның "Тізе бүккенше қасқайып өлген артық" деген сөздерін "сайлаушыларды белгілі бір кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлеген кезде көнбеуге шақырғаны" деп санайды.
Алайда кейбір азаматтар Бабановтың бұл сөздеріне наразы болған. Қырғызстан орталық сайлау комиссиясына 19 арыз түсіп, комиссия оған сайлауға 4 күн қалғанда (қазанның 11-і күні - ред.) үшінші ескерту берген болатын.
Бабановтың сайлау штабы әлеуметтік желілерде тараған видео "жалған" әрі "монтаждалған" деп мәлімдеген.
"НАЗАРБАЕВПЕН КЕЗДЕСУ" ДАУЫ
Кейбір сарапшылар Бабановтың Қырғызстанда қазанның 15-і күні өткен президент сайлауында үлкен дауға қалуына оның осы саяси дода қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі әсер етті деген пікір айтады.
Қазақстан президенті қыркүйек айының орта шенінде Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабановпен кездескен еді. Қыркүйектің 20-сы күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі нота жолдап, Назарбаевтың Бабановпен кездескеніне наразылық білдірген. Бішкек мұны "Қазақстан жағының Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы" деп бағалаған.
ВИДЕО: Қырғызстан Қазақстанға нота жолдады (20.09.2017)
Your browser doesn’t support HTML5
Мұнан соң, сайлау таяған қазанның 8-і күні Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Омурбек Бабановты сынап, Қазақстан билігіне қарата "Қазақстан байлығын тонап жатыр" деген сарында қатты сөздер айтқан.
БАБАНОВ-НАЗАРБАЕВ КЕЗДЕСУІНЕН БАСТАЛҒАН ДАУ НЕГЕ ҰЛАСТЫ?
Атамбаев Бабановты "қазақстандық олигарх" Болат Өтемұратовпен байланыстырған. Қырғыз президенті сол сөзінде "Назарбаев Бабановпен кездескенде "Қырғызстанда өзің сияқты жас президент болғаны жақсы" деді. Бірақ бізде сайлауға түсіп жатқан ең үлкен кандидат Назарбаевтан 20 жас кіші. Жас президент кімге керек? Бізге ме, Қазақстанға ма?" деп мәлімдеген. Атамбаев Қазақстан Бабанов арқылы Қырғызстан сайлауына араласып отыр деген емеурін білдірген. Атамбаевты кейбір сарапшылар өз саясаты үшін "сыртқы жау" образын пайдаланды" деп айыптаған.
ВИДЕО: Атамбаевтың Бабанов пен қазақ билігін сынаған сөзі (8.10.2017)
Your browser doesn’t support HTML5
Атамбаевтың осы сөзінен екі күн өткенде, яғни қазанның 10-ы күні Қазақстан Қырғызстанмен шекарасындағы тексерістерді күшейтіп, қырғыз тарапынан түрлі тауар тиеп келетін жүк көліктерінің шекарадан өтуі күрт қиындап кеткен еді.
Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасына барған тілшінің көргені
ВИДЕО: Екі үкімет кәсіпкерлерді зар қақсатты (18.10.2017)
Your browser doesn’t support HTML5
Кейбір сарапшылар "Бабанов пен Атамбаевтың егесінен, әсіресе Атамбаевтың Назарбаевты сынаған сөзінен басталды" деп болжайтын тәжіке әлі толастамай тұр, яғни Қырғызстан кәсіпкерлерінің тауарларын сырт нарықтарға шығару, шекарадан еркін өту проблемасы әзірге шешілген жоқ. Қазақ-қырғыз үкімет дауы Қырғызстан шағымдары арқылы Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразия экономикалық комиссиясына дейін жетті.
Ал Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі, қазіргі депутаты Омурбек Бабанов қазанның 15-і күні өткен Қырғызстанның президент сайлауында 33 пайыз дауыспен жеңіліп, Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) үміткері Сооронбай Жээнбеков 54 пайыз дауыспен жеңген болатын. Бабанов сайлаудан кейін "билікті басып алатын ойы жоқ екенін, бұл сайлаудың Қырғызстан халқын біріктіруі керек екенін" айтқан. Ол елден кетпейтінін мәлімдеп, "біз болашақта жеңеміз" деген.
ЖЭЭНБЕКОВТІҢ УӘДЕСІ
Сайлау науқаны кезінде, қазанның 4-і күні, қырғыз президенті сайлауына түсіп жатқан негізгі екі қарсылас - Сооронбай Жээнбеков пен Омурбек Бабанов арасында дебат болған. Сол пікірталас кезінде Жээнбеков сайлауда жеңген жағдайда коррупциямен күресті Бабановтан бастайтынын айтқан.
Жээнбеков дебат кезінде Бабановқа "Сен мені коррупциямен күреспейді деп тұрсың ба? Коррупциямен күресті дәл осы мен жүргіземін, сен жүргізе алмайсың. Сенің қандай былыққа батқаныңды жақсы білемін. Саған 25 сауалым бар. Егер мен президент болып сайлансам, Омурбек інім, коррупциямен күресті дәл сенен бастаймын. 2005 жылдан бері Қырғызстанда кімнің қалай байығанын, кімнің еңбек еткенін, кімнің елді тонағанын білемін. Мен мұны айтпаушы едім, әңгімені бастаған өзің. Егер мен президент болсам, миллиардтарды бюджетке қайтартамын" деген болатын.
Азаттықтың Қырғыз қызметі Омурбек Бабановтың Жогорку Кенештің кейінгі жиналыстарына қатыспағанын жазады. Оның көмекшісі Нұрлан Абдалиев Азаттықтың Қырғыз қызметіне "кейінгі ақпараттар бойынша, Бабанов Таласқа демалысқа кеткен болатын" деген.
Омурбек Бабановтың нақты қайда екені әзірге белгісіз.