Қырғыз президентінің тәжік жерін сөз етуі шиеленісті күшейтті. Ол не айтты?

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров баспасөз мәслихатында. Бішкек, 23 қазан 2021 жыл.

Жақында Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тәжікстанмен жер алмасуды ұсынып, көбін аң-таң етті. Оның сөзінше, қырғыз-тәжік шекарасы төңірегіндегі дауды осылай шешуге болады. Душанбенің ұсынысты қолдауы екіталай. Оның үстіне бұл мәлімдеме онсыз да ушығып тұрған шекара дауын өршітуі мүмкін.

Памир тауларынан өтетін қырғыз-тәжік шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр. Бұл шекара бір ғасырдай бұрын белгіленген.

Жүз жылдың ішінде Совет картографтары қырғыз-тәжік шекарасын бірнеше рет қайта сызып, бір халыққа тиесілі жерді екінші республиканың аумағына қосып жіберген. Бұл – шекараны демаркациялауда қиындық туғызған.

Эксклав пайда болып, жерді пайдалану жайлы уақытша келісім жасалған.

Бұл проблема Совет одағы құлаған соң да жалғасын тапты. Қырғызстан мен Тәжікстан шекара маңындағы аудандарды даулап, совет кезінде жасалған әртүрлі карталарды алға тартады.

Қырғыз-тәжік шекарасының жартысынан сәл астамы ғана демаркацияланған. Бұл ұлтаралық қақтығыстарға себеп болған.

Сәуірде Тәжікстан-Қырғызстан шекарасында қарулы қақтығыс болды. 55 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Қақтығысқа екі жақтың әскери қызметкерлері араласты.

1991 жылы Совет одағы құлап, Орталық Азиядағы бес ел тәуелсіздік алды. Содан бері екі ел әскерінің бір-біріне оқ жаудырғаны осы болды.

23 қазанда өткен баспасөз конференциясында Садыр Жапаров 2009 жылғы келісімде "Тәжікстанға тиесілі" деп танылған 275 метр жер жайлы айтты. Келісімде Қырғызстан сол жерді 49 жылға жалға алатыны айтылған. Бірақ Садыр Жапаров жердің Қырғызстанға тиесілі екенін, 2009 жылғы келісімді мойындамайтынын мәлімдеді.

Бұл құжатқа қырғыз тарапынан 2009 жылы Қырғызстан қауіпсіздік кеңесін басқарған Адахан Мадумаров қол қойған. 2021 жылғы қаңтарда ол президент сайлауына түсіп, Жапаровқа қарсылас болған еді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жетім қалған бала, жесір қалған жар. Қырғыз-тәжік қақтығысының құрбандары

Мадумаров хаттама міндетті келісімге жатпайтынын, мәселені талқылауды жалғастыра беру керегін айтқан.

Бірақ Жапаров Тәжікстан тарапы келіссөз кезінде келісімнің заңды күші барын, 1924 жылы Тәжік автономиялық совет социалистік республикасы құрылғанда, даулы жер Тәжікстанға өткенін айтты дейді.

"Олай болса, 1924 жылы 3 миллион гектар жері бар Мургабты бердік, соны неге бізге қайтармасқа?" деп жауап қаттым" дейді Жапаров.

Жапаровтың сөзінше, Тәжікстан бұл ұсынысты қабылдамаған. Расымен де, Душанбеның бұған келісе қоюы екіталай.

ШАҒЫН, БІРАҚ МАҢЫЗДЫ ҚАЛА

Мургаб – Тәжікстанның солтүстік-шығысындағы ірі елдімекен. Айналасындағы жерді қоспағанда, қаланың өзінде 16 мыңға жуық адам тұрады.

Мургаб Тәжікстанның Таулы Бадахшан облысында орналасқан. Қаладан өтетін жолдың солтүстігінде Қырғызстанның Ош қаласы, оңтүстігінде Таулы Бадахшан облысының орталығы Хорог қаласы жатыр.

Бұл – Хорогты Тәжікстанның басқа бөліктерімен байланыстыратын екі жолдың бірі. Бірақ Мургабта көбіне қырғыздар тұрып келген.

Тәжікстан билігі Жапаровтың мәлімдемесіне әлі ресми жауап бермеді. Бірақ 26 қазанда Тәжікстанның демократиялық партиясы мәлімдеме жасады. Онда ТәжікССР-і құрылғалы Мургаб қаласының Тәжікстан жеріне кіретіні жазылған.

Таулы Бадахшандағы Мургаб қаласының көшесінде жүрген адамдар.

Партия лидері Масуд Содыров Жапаровтың Мургабқа қатысты мәлімдемесі "мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жайлы келіссөздер кезінде Тәжікстанға қысым көрсетумен" пара-пар деді. Ол мұны Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосына айтты.

Тәжікстандағы жұрт Мургабты қайтару жайлы пікірді әлеуметтік желілерде де кең талқылады. Олардың көбі жағымсыз пікір білдірген.

Шерали Ризойон – саясат жайлы жазатын тәжік блогер. Ол қырғыз-тәжік шекарасының проблемасы жайлы көп жазған.

25 қазанда Ризойон Тәжікстан билігінің жағына шығып, 49 жылға жалға берілген жер "ешқашан Қырғызстанға тиесілі болмағанын" жазған.

Ол Жапаровты "жауапсыз" деп атап, 2009 жылғы келісімді үзу жайлы мәлімдемесімен келіспейтінін білдірген.

Ризойонның сөзінше, егер Жапаров 2009 жылғы келісімді біржақты үзсе, "Тәжікстан ұлттық мүддесіне жауап бермейтін келісімдердің бәрінен бас тарта алады".

ШИЕЛЕНІС СЕБЕПТЕРІ

Шекара маңында тұратындар арасында ауыл шаруашылығы жері мен су ресурсы проблемаға айналған. Сәуірде болған қақтығысқа шекарадағы су тарату орталығына бақылау камерасын орнату әрекеті себеп болған.

26 наурызда Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев Тәжікстанға Ворух эксклавын қырғыздарға сатуды ұсынған.

Содан кейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 7 сәуірде Ворухқа барып, эксклавты Қырғызстанға беру мәселесі бұрын талқыланбағанын, қазір де мүлдем қарастырылмайтынын айтты.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ворух эксклавына сапарында. 2021 жылғы сәуір.

Бұл үш аптадан кейін болған қақтығыстың алғышарты болды.

23 қазанда Жапаров 2021 жылғы сәуірге дейін Өзбекстанмен шекараны демаркациялау мәселесіне басымдық бергенін, 2016 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгелі жағдайда сең қозғалғанын мәлімдеді.

"[Өзбекстанмен келіссөз жүргізген соң] Тәжікстанмен шекарадағы жағдайға көшуді жоспарлағанбыз, – деді Жапаров. – Бұған дейін мен Тәжікстанмен шекараға қатысты құжаттарды зерттемедім".

ПОПУЛИСТІК РИТОРИКА МА?

Жапаровтың Мургаб жайлы айтқаны Тәжікстанмен арадағы жағымды өзгерістерді көлегейлеп тастады.

Сәуірдің аяғында болған қақтығыстан соң шекара мәселесі жөнінде қырғыз-тәжік жұмыс тобы қайта іске кірісті.

Топ мүшелері шілдеде кездескен соң, тағы 48 шақырым жердің демаркациясын жариялап, 25 гектар жер жайлы келісімге келейін деп қалғанын мәлімдеді.

Кейінгі жылдары келіссөздер тоқтап қалған еді. Сәуірдегі қақтығыстан соң жұмыс тобы ай сайын кездесіп тұрады.

21 қазанда Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Әділ Байсалов Қырғызстан 2 мыңға жуық тәжік студентінің қырғыз университеттеріне оралуына рұқсат беретінін айтты. Бұл екі елдің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған шаралардың бірі болды.

Сәуірдегі жағдайдан соң Тәжікстан азаматтары Қырғызстанға кіре алмай қалған еді.

Көбі Жапаровтың айтқанын популистік риторика және саяси қарсыласы Мадумаровты маргиналдау амалы болды деп ойлайды. Тіпті, Тәжікстанда да солай ойлайтындар бар.

Бірақ Тәжікстанда кейбірі Мургабты беру жайлы әңгімені шын қабылдайды. Ал бұл қырғыз-тәжік шекарасындағы шиеленісті басуға септесе алмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыз-тәжік қақтығысы. Көрші елдердің ұстанымы қандай?