"Халифат құруды көксейді". Қырғызстан билігі Орталық Азияда экстремизм қаупі артуы мүмкін деп алаңдайды

Калашников автоматын ұстап, малдас құрып отырған "Талибан" қозғалысының өкілі. Жалалабад, Ауғанстан, 17 тамыз 2021 жыл.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі Орталық Азияда экстремизм мен терроризм қаупі арта бастағанын мәлімдеді. Халықаралық экстремистік және террорлық ұйымдар аймақтың ішкі кикілжіңдеріне араласуды көздейді дейді министрлік.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі әртүрлі заңсыз қарулы құрылымдар мен халықаралық террорлық ұйымдар Ауғанстанның оңтүстігіндегі позициясын нығайтып, өзіне тірек болатын жаңа аймақтар іздеп, айналаға көз тігіп отырғанын айтады.

"ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҰЙЫМДАР"

Ішкі істер министрлігі экстремизмге және заңсыз миграцияға қарсы қызметінің өкілі Манас Аманбаевтың айтуынша, "Талибан" және "Ислам мемлекеті – Хорасан" (Қазақстан мен Қырғызстанда тыйым салынған ұйымдар) сынды экстремистік қозғалыстар мен ұйымдар Орталық Азиядағы "ұйқыда жатқан" топтарға ықпал етіп отыр.

– Қырғызстанда 20 халықаралық экстремистік-террорлық ұйым мен бір сектаның қызметіне тыйым салынған. Олардың арасында Орталық Азияға қауіп төндіріп отырған "Талибан" қозғалысы да бар. "Талибанның" бәсекелесі – "Ислам мемлекеті – Хорасан" экстремистік ұйымы. Ол жақта болып жатқан оқиғалар мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығына қатер төндіреді. Бізбен шекаралас Өзбекстан мен Тәжікстанда не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой. Экстремистік-террористік ұйымдардың ортақ идеологиясы Орталық Азиядағы өркениет принциптері мен өңір елдерінің конституциялық құрылымына қайшы келеді. Олар халифат құруды көксейді, – дейді Манас Аманбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ДАИШ және постсоветтік елдер. Адамдарды лаңкес топтарға не итермелейді?

ІІМ өкілі Қырғызстанда экстремистік-террористік ұйымдардың қанша өкілі барын айтқан жоқ. Бірақ елде тыйым салынған 21 ұйымның да жақтаушылары барын атап өтті.

5 шілдеде Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Термез қаласына бес реактивті снаряд түскенін, олардың Ауғанстан аумағынан ұшырылған болуы мүмкін екенін айтқан. Ведомство снарядтар түскенімен, жарылыс болған жоқ, адам шығыны тіркелмеді, ғимараттарға зақым келмеген деп хабарлады.

"Талибан" үкіметінің өкілдері Ауғанстаннан Өзбекстанға қарай снаряд атқандарды тауып, жазалауға уәде берді.

18 сәуірде әлеуметтік желі қолданушылар Өзбекстанның Сұрқандария облысындағы әскери нысандарға Ауғанстан аумағынан ондаған зымыран атылғанын жазған. Бірақ Өзбекстан билігі бұл ақпаратты растаған жоқ.

"Америка дауысы" радиосы Ауғанстанда "Ислам мемлекеті – Хорасан" экстремистік ұйымы Термез қаласындағы әскери базаға қарай 10 зымыран ұшырғанын хабарлаған.

Ауғанстан билігі тәліптердің қолына өткелі "Ислам мемлекеті – Хорасан" радикал тобы жиі шабуыл жасайтын болған. Бұл топ – "Талибан" қозғалысына қарсы ұйымдардың бірі.

"ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМДІ ЭКСПОРТТАП ЖАТЫР"

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) төрағасының бұрынғы орынбасары Артур Медетбеков былтыр Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан" қозғалысы экстремизм мен терроризмді таратып отыр деп есептейді.

Қырғызстан ҰҚМК төрағасының бұрынғы орынбасары Артур Медетбеков.

– Ашығын айтсақ, Ауғанстаннан экстремизм мен терроризм экспортталып жатыр. Өйткені жаңа технологиялардың көмегімен коммуникация жүргізуге мүмкіндік көп. Олар болашақта Орталық Азияда Ауғанстандағыдай ислам мемлекетін құру үшін астыртын әрекет етуі мүмкін. Сондықтан Орталық Азияға қауіп төніп тұр десем, артық айтпаймын. Экстремистік-террористік ұйымдарға қарсы күш біріктіріп, жұмылған жұдырықтай әрекет етсек, олар басқыншылық жасауға бата алмайды. Бірақ олардың жиырма жыл бойы АҚШ бастаған коалицияға қарсы соғысқанын ұмытпау керек.

ІІМ эктремизм мен заңсыз миграцияға қарсы күрес қызметі экстремистік-террористік ұйымдар қызметіне тыйым салу қалай жүріп жатқанын баяндап, жақында "теракт ұйымдастырмақ болған" азаматтар ұсталғанын мәлімдеді.

Бішкектегі орталық алаңда айт намазын оқып жатқан жамағат. Қырғызстан, 9 шілде 2022 жыл.

2022 жылы 7 шілдеде ҰҚМК қызметкерлері Бішкекте "айт намазы кезінде теракт жасамақ болған" деген күдікпен екі шетел азаматын ұстаған. Ведомство дерегінше, халықаралық террортік ұйымға мүше болған ол екеуі Сириядан жалған төлқұжатпен келген.

Бұдан бөлек, шетелдіктермен байланысы бар қырғыз азаматтары да ұсталған. Бірақ ведомство нақты қанша адам ұсталғанын хабарлаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыз еріктілері Сирия мен Ирактан отандастарын елге қайтаруды ұсынды

"ДІНИ ЖАҒДАЙ ҮНЕМІ ТҰРАҚТЫ БОЛМАЙДЫ"

Қырғызстанның дін істер жөніндегі мемлекеттік комиссиясының бөлім меңгерушісі Кубанычбек Абакиров қорқуға негіз жоқ деп есептейді.

– Қатты қорқатын ештеңе жоқ. Діни жағдай үнемі тұрақты болмайды. Бұл мәселеде 20-30 жыл бойы тұрақтылық болады деп ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені жағдай үнемі өзгеріп отырады. Құқық қорғау органдарына қызметіне сот тыйым салған ұйымдар жайлы ақпарат беріп отырамыз. Бірақ көп нәрсе туралы айтуға болмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстанда билік тыйым салып, қуғындаған "Йакин Инкар" діни тобы белсенділігін доғарған жоқ

Қазір Қырғызстанда "Экстремистік қызметке қарсы күрес туралы" жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжатта Қырғызстанда тыйым салынған экстремистік және халықаралық террористік ұйымдар идеологиясының таралуына жол бермеу, адам құқықтары мен конституциялық құрылымды сақтау жолдары қарастырылған.

Заң жобасы қоғам талқылауына ұсынылып, халықтың пікірі мен ұсыныстары ескерілгеннен кейін парламетке (Жогорку кеңеш) жолданған.

Қырғызстан аумағында деструктивті, экстремистік және террористік бағытта деп танылған 21 ұйымның қызметіне тыйым салынған. Ол тізімде "Хизб ут-Тахрир", "Йакын Инкар" және басқа да ұйымдар бар.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Марат Тагаевтың материалынан аударылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азияда радикал идеологиямен қалай күресуге болады? Сарапшы пікірі"Сес көрсету". Тәліптер ауған-тәжік шекарасында бақылау бекетін салып жатырОрталық Азия елдері шекара түбінде тәліп әскерінің күшейгеніне алаңдайдыАлпауыттар мен беймаза көршілердің Орталық Азияға ықпалыҚырғызстанда еттің қымбаттауына "ашық-шашық киінген әйелді" кінәлаған молданың басы дауға қалды