Ұсталған депутаттың қос азаматтығы анықталды

Қырғызстан Жогорку Кеңеші депутаты Дамирбек Асылбекуулы

Қазақстанда арнайы операция кезінде ұсталған Қырғызстан парламентінің депутаты Дамирбек Асылбекуулу қазақ азаматтығына ие деген ақпарат расталды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі осы фактіге байланысты Қырғызстанның сыртқы саясат мекемесіне нота жолдаған.

Қазақстанда ұсталған Қырғызстан парламенті мүшесі Дамирбек Асылбекуулуның азаматтығы туралы ақпарат қоғамда бұл адам депутат мандатын қалай алған деген сұрақ тудырды.

Қырғызстан орталық сайлау және референдум өткізу комиссиясы өкілдері Асылбекуулу Жогорку Кеңеш (Қырғызстан парламенті – ред.) депутаты мандатынан айырылуы мүмкін деп мәлімдеді. Бұған қоса, Дамирбек Асылбекуулу фамилиясы мен туған күнін өзгерткен болуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСМИ АҚПАРАТЫ

21 ақпанда кей ақпарат құралдарында Дамирбек Асылбекуулуның екінші азаматтығы туралы ақпарат тарады. 22 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) ақпаратты растап, Қырғызстанның сыртқы саясат ведомствосына нота жолдады.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігіне қарасты ақпарат департаменті басшысы Мурат Азымбакиев тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

- Әлгі ақпараттың расталғанын айта аламын. Қазақстан ол кісіде [Дамирбек Асылбекуулунда] Қазақстан азаматтығы бар деп бізге ресми ақпарат берді, - дейді ол.

Қырғыз парламентінің мүшесі Дамирбек Асылбекуулу

Қырғызстан СІМ өкілінің сөзінше, бұл ақпарат тиісті органдарға жолданып, тексерілетін болады.

Дамирбек Асылбекуулу өзге елдің азаматтығын алар алдында Қырғызстан азаматтығынан бас тартатыны туралы мемлекеттік тіркеу қызметіне (МТҚ) өтініш бермеген. Мұны Азаттықтың Қырғыз қызметіне МТҚ баспасөз хатшысы Мелис Эржигитов хабарлады.

- Халықты және азаматтық хал актілерін тіркеу департаментіне ол кісіден азаматтықтан бас тартатыны туралы арыз түскен жоқ, - дейді ол.

Дамирбек Асылбекуулуның Қазақстан азаматтығын қашан алғаны әзірше белгісіз.

Бұған дейін кей депутаттар "Дамирбек Асылбекуулу спортпен шұғылданған кезде жарыстарға Қазақстан атынан қатысқан" деп хабарлаған.

"ОНЫ ҚЫРҒЫЗСТАН АЗАМАТЫ РЕТІНДЕ БІЛЕТІНБІЗ"

Сонымен бірге Дамирбек Асылбекуулу Қазақстан азаматтығын спорттағы карьерасы аяқталғаннан кейін – 2000 жылдардың басында алған болуы мүмкін деген жорамал бар.

Қырғызстан парламентіндегі "Қырғызстан" фракциясы депутаттары оны Қырғызстан азаматы ретінде білетіндерін айтып, "Қазақстан азаматтығын алғаны туралы депутаттың өзі ешқашан айтқан емес" дейді.

Фракция депутаты Кубанычбек Нурматов мемлекеттік органдар бұл ақпаратты дұрыстап тексеруі тиіс деп санайды.

Қырғыз парламентіндегі "Қырғызстан" фракциясы депутаты Кубанычбек Нурматов

- Енді бүкіл құжат орталық сайлау комиссиясына жолданатын болады. Осы органның заңгерлері ақпаратты мұқият тексеріп шығады. Осыған дейін мемлекеттік тіркеу қызметі "ол азаматтықтан бас тартатыны туралы өтініш берген жоқ" деп хабарлады емес пе. Бізде де ондай ақпар болған жоқ. Бәлкім, ол азаматтықты спортпен айналысқан кезде алған шығар. Әлде мұны әдейі ұйымдастырып отыр ма екен, кім білсін. Оны Қырғызстан азаматы ретінде танитынбыз. Ол Қырғызстан атынан қатысып, біздің туды алып жүрген, - дейді ол.

Қырғызстан заңдарына сәйкес, өзге елдің азаматтығын алған адамдардың депутат болып сайлануына тыйым салынады.

Дамирбек Асылбекуулу – Жогорку Кеңештің екі шақырылымының депутаты. Алғаш рет 2009 жылы "Ақ жол" билік партиясынан, екінші рет 2015 жылы "Қырғызстан" партиясынан депутат болып сайланған.

Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркер алдында үміткерлердің сотталған я сотталмағанын және оларда өзге елдің азаматтығы бар-жоғын тексеруі тиіс.

Сондықтан егер өзге елдің азаматтығын алса, Дамирбек Асылбекуулу депутат мандатын қалай алған деген сұрақ туады.

ОСК: АҚПАРАТ РАСТАЛСА, МАНДАТТАН АЙЫРЫЛАДЫ

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Абдыжапар Бекматовтың айтуынша, депутаттыққа кандидат Қырғызстан азаматының төлқұжаты негізінде тіркеледі. Ал Дамирбек Асылбекуулу мұндай құжатты көрсеткен. Егер оның Қазақстан азаматы екенін дәлелдейтін құжат келсе, оның мандаттан айырылатынын Бекматов та растады.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Абдыжапар Бекматов

- Біздің мемлекеттік органдар оның қос азаматтығы барын білмеуі де мүмкін. Мысалы, Ресей азаматтығын 400 мыңдай қырғызстандық алған. Олардың кейбірі Қырғызстан азаматтығынан бас тартқан жоқ. Мүмкін дәл осылай болған шығар. Бұған оның [Дамирбек Асылбекуулу] өзі жауап береді. Өзге мемлекеттің азаматы екенін жасыру фактісі үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер бұл ақпар расталса, заңда мандаттан айыруға болатын 10 жағдай сипатталған норма бар. Егер бәрі ресми құжаттармен расталса, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтата аламыз,- дейді ол.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі өкілдерінің сөзінше, Дамирбек Асылбекуулуның екінші азаматтығы бар-жоғын тексеру олардың функциясына жатпайды. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселе бойынша әзірше комментарий берген жоқ.

АТЫ-ЖӨНІН ӨЗГЕРТІП АЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Бұған қоса, Дамирбек Асылбекуулу аты-жөнін және туған күнін өзгертіп алған деген ақпарат тараған.

Қоғам қайраткері Эдил Байсалов өз зерттеуіне сүйеніп, Дамирбек Асылбекуулу деген адам – 1979 жылы туған және кей спорт жарыстарына Динарбек Супатев ретінде қатысқан Динарбек Супатаев деп жазды.

Ашық жарияланған деректерге сүйенген Эдил Байсаловтың хабарлауынша, Дамирбек Асылбекуулу 1997 жылы кадеттер арасында өткен әлем чемпионатына қатысу үшін аты-жөнін ауыстырып, жасын екі жылға кемітіп көрсеткен болуы мүмкін.

- Біздің зерттеуімізге сәйкес, ол кәсіби спорт жұмысына байланысты тегін өзгертуі мүмкін. Егер ол 1979 жылы туса, 1997 жылы 16 жастағы жасөспірім ретінде Югославиядағы әлем чемпионатына қалай қатысқан? Ол жарыста Қырғызстанға қола әперген. Спорт әлемінде оны "Динарбек Супатаев" ретінде біледі деп естігенмін. Бұдан бөлек, интернетте 2001-2004 жылдары ол халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан қатысқаны туралы ақпарат бар. Қатысу үшін ол Қазақстан азаматтығын алуы тиіс болған. Демек Қазақстан азаматтығын ол 2000 жылдардың басында алған болуы керек, - дейді Байсалов.

Кей депутаттар мен жерлестері оны шынымен "Динарбек" немесе "Дина" деген есіммен білетіндерін хабарлады.

Мысалы, күрестен Қырғызстан құрама командасының бұрынғы бас бапкері Алмаз Касеновтің айтуынша, ол Дамирбек Асылбекуулуны "Динарбек" ретінде біледі және оның аты-жөнін ауыстырғанынан да хабардар.

- Бұл жігіт 1998-1999 жылдары кадеттер арасында Азия чемпионы болған. Кей жарыстарда ол Қырғызстан туын көтеріп шыққан. Кейінірек оны қазақтар шақырып алған, сондықтан Азия чемпионатында Қазақстан атынан күресіп, екінші орын алған болатын. Бұл 2001 жылы Монғолияда өткен жарыс кезінде болған. Кейінірек ол қолын жарақаттап алып, спорттан кетуге мәжбүр болған. Біз оны Динарбек ретінде білеміз. Кейінірек ол тегін әкесінің атына ауыстырып алды. Егер бұрын фамилиясы "-ов" суффиксімен "Супатаев" деп жазылса, кейін Асылбекуулу деп өзгерткен сияқты, - дейді Алмаз Касенов.

Бұдан бөлек, интернеттен Дамирбек Асылбекуулуна ұқсайтын ер адамның Қазақстан атынан жарыстарға қатысып жүргені түсірілген видеоны көруге болады.

"ҚЫРҒЫЗСТАНДЫ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРҒАН ІС"

Саяси қайраткер Ишенбай Кадырбеков мына оқиғалар мемлекет беделіне нұқсан келтіреді деп санайды.

Ишенбай Кадырбеков

- Егер мына ақпарат шын болса, бұл – парламент үшін ғана емес, Қырғызстан үшін де масқара іс. Парламенттік мемлекетте жоғарғы орган саналатын парламент мүшесінің қылмыстық күдікке іліккені өте жаман. Егер өзге елдің азаматы депутат болып сайланса, бұл мемлекеттік тіркеу қызметі, орталық сайлау комиссиясы, ІІМ және өзге органдарда үлкен проблемалар бар деген сөз. Мұндай жағдайда тіпті не айтарыңды білмейді екенсің, - дейді ол.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының санкциясымен Қырғызстан Жогорку Кеңеші депутаты Дамирбек Асылбекуулу және онымен бірге ұсталған Қырғызстанның тағы екі азаматы – Уланбек Мурадилов пен Чыңгыз Абакиров екі айға қамалған. Сот шешімі "мемлекеттік қызметті атқаруға құзырлы адамның Еуразия экономикалық одағының кеден шекарасы арқылы тауар немесе басқа да заттарды ірі көлемде алып өтуі" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу" айыбымен қозғалған қылмыстық іске байланысты шығарылған.

Қырғызстан парламентінің депутаты Тазабек Икрамов әріптесі Дамирбек Асылбекуулуны Жогорку Кеңештің кепілдігімен босатуды сұрап, Қазақстанға жүгінуді ұсынды. Ол бұл ұсынысын парламент отырысында жариялады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Бақыт Асановтың мақаласынан аударылды.)