Қырғызстан орталық сайлау және референдумдар өткізу комиссиясы (ОСК) өкілдерінің айтуынша, заң талабына сәйкес, Омурбек Бабанов арызды өзі келіп беруі немесе арызы заңға сәйкес куәландырылуы тиіс.
ОСК: БАБАНОВТЫҢ АРЫЗЫ РЕСМИ ЕМЕС
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Абдыжапар Бекматов Азаттыққа берген сұхбатында заң талаптарына сай ресімделген құжат қана ресми арыз деп саналатынын айтты.
- Бізде мандаттарға байланысты талай дау-дамай болғанын өзіңіз де білесіз. Біреулер арыз жазып, кейін оны қайтарып алған, ал соңы жанжал-шуға ұласқан. Сондықтан процессуалды нормаларды орындауды талап етеміз. Ол арызды өз келіп жазсын, я болмаса заң нормаларын орындасын. Ол нормаларды орындау біздің құзырымызға жатпайды, - дейді ол.
Жогорку Кенештің (Қырғызстан парламенті - ред.) "Республика – Ата Жұрт" фракциясы депутаты Алтынай Омурбекова Орталық сайлау комиссиясына депутаттық мандаттан бас тарту туралы өтініш Бабановтың атынан өткізілгенін, бірақ оның қашан және қай жерде жазылғанынан хабарсыз екенін айтады.
ОСК-ның бұрынғы төрағасы Ақылбек Сариевтің сөзінше, егер депутат өзі келе алмаса, заңды тараптар куәландырған арызы заңды болып есептеледі.
Қырғызстандық қоғам қайраткері Ишенбай Кадырбековтің пікірінше, Бабановтың мандатына қатысты мәселе шешіліп қойған, сондықтан оны мандаттан жуырда айырады.
- Бабанов билікке белгі беріп, үстінен қозғалған қылмыстық істі жабуға тырысып жатыр. Бұған дейін ол саясаттан кететінін айтқан, енді мандатын өткізіп жатыр. Бәлкім, біраздан кейін ол биліктің көңілінен шығатын тағы бір әрекеттер жасайтын шығар. Бірақ ол асықпауы керек еді. Уақыт бәрін өз орнына қояр ма еді. Ал билік әзірше Бабановтың қимылын бақылап отыр, - дейді Ишенбай Кадырбеков..
МАНДАТТАН БАС ТАРТУҒА ҚЫСЫМ СЕБЕП ПЕ?
Бірақ депутат Алтынай Омурбекова фракциядағы әріптесінің жағдайын сайлаудан кейінгі саяси қудалаудың салдары деп біледі.
- Омурбек Токтогуловичтің үстінен іс саяси себептермен қозғалды, ал біздің күш құрылымдарынан бәрін күтуге болады. Егер сайлаудан кейін әр кандидатты қудалай берсе, келесі сайлауларға ешкім түспейтін болады. Сондықтан бізде саяси мәдениет өзгеруі тиіс, - дейді ол.
Өткен жылы Қырғызстан президенті сайлауына түсіп, екінші орын алған Омурбек Бабановқа қатысты қылмыстық іс екі ай бұрын қозғалған. Бірақ тергеу органдары оның барысы жайлы ақпарат бермейді. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) өкілі Рахат Сулайманов "тергеу амалдары жүргізіліп" жатыр деумен шектелді.
- Прокуратура Бабановтың үстінен "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оны МҰҚК-не жолдаған. Тергеу амалдары аяқталған жоқ, сондықтан әлдебір қосымша ақпарат беру мүмкін емес, - дейді ол.
ЖАҢА ІСТЕР ҚОЗҒАЛУЫ МҮМКІН БЕ?
Саясаткерлер ортасындаБабановбилікпен делдалдары арқылы саудаласып жатыр деген болжамдар айтылып жүр.
Сарапшы Турат Акимовтың пікірінше, билік Омурбек Бабановты саясаттан ығыстырғысы келеді, ал ол жаңа қылмыстық істер қозғатпаудың амалын жасауға тырысып жатыр.
- Билік Бабановтың қашып кететін біліп, оның елден кетіп қалуына жағдай жасады. Сосын кезінде бизнесін Бабанов иемденіп алған Воробьев, Садыбакасова, Хоннан арыздар түсе бастады. Мұның бәрі - биліктің сценариі. Олар жаңа істер қозғау үшін дайындық жасапжатыр. Бұл Бабановтың дүние-мүлкін мемлекет меншігіне тәркілеуге ұласуы мүмкін, бізде мұндай амалдар бұрын да қолданылған. Омурбек Бабанов әлгі амалдарды сезіп, оның алдын алу үшін саясаттан кетіп отыр. Бірнеше жылдан кейін Бабанов саясатқа қайта оралады, сондықтан ол саясаттан өз еркімен кеттім деп айтуға ыңғайлы болу үшін осындай қадамға барды, - дейді сарапшы.
Былтыр 4 қарашада Қырғызстан бас прокуратурасы 2017 жылы 28 қыркүйекте Ош қаласының негізінен этникалық өзбектер тұратын Әмір Темір ауданында сайлаушылармен өткізген кездесуінде айтқан сөздеріне байланысты Омурбек Бабановтың үстінен Қырғызстан қылмыстық кодексі 297-бабының 1-тармағы ("Конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге жария түрде шақыру") және 299-бабының 1-тармағы ("Ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру") бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Бабановқа қарсы қылмыстық іс туралы видео (7 қараша 2017 ж.):
Қырғызстанда 15 қазанда өткен президент сайлауында билік ұсынған кандидаттың басты қарсыласы болған "Республика" партиясының лидері Омурбек Бабанов президент сайлауынан кейін бірден - 23 қазанда "Бішкек-Мәскеу" рейсімен елден ұшып кеткен. Ол кезде фракциядағы әріптестері ол Ресейге емделуге кетті деп хабарлаған.
Кей сарапшылар Омурбек Бабановтың Қырғызстанда былтыр күзде өткен президент сайлауында үлкен дауға қалуына қырғыз саясаткерінің саяси дода қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі әсер етті деген пікір айтады. Қыркүйектің орта шенінде Қазақстанда Назарбаевтың Бабановпен кездесуін сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев "Қазақстан жағының Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы" деп бағалаған. Ол Бабановты "өзге елдің қолбаласы" деп айыптаған. Қырғызстан мен Қазақстан үкіметтері бір-біріне нота жолдап, мұның соңы екі елдің шекарасында адамдар мен жүк көліктерінің бөгелуіне ұласқан.
ВИДЕО: Бішкек пен Астананың нота алмасуы (20 қыркүйек 2017 ж.)
Қырғызстан жүк тасымалдаушылары "Қазақстан жағы шекарадағы тексеруді әдейі қиындатып, көптеген шақырымға созылған кезекті қолдан жасап отыр" деп мәлімдеген.
ВИДЕО: Екі үкімет фермерлерді қалай зар қақсатты (18 қазан 2017 ж.)
Шекарадағы шиеленіс Қырғызстан президенті болып жаңадан сайланған Сооронбай Жээнбеков қызметіне ресми кіріскеннен кейін ғана реттелген. Сарапшылар Жээнбековті экс-президент Атамбаевтың серігі деп атайды.
2017 жылғы желтоқсанның соңында Өмурбек Бабанов саясаттан біржолата кететіні және парламент депутаты мандатынан бас тартатыны туралы мәлімдеген.
(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Самат Жумакадыровтың мақаласы орысшадан аударылды.)