Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалда екі адам қаза тапты
13 наурызда Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-сай ауылы мен Ворух тәжік анклавына қарасты Мехнатабад ауылы тұрғындары шекара маңында қақтығысып қалған. Анклав тұрғындары Ақ-Сай - Тамдык жолының салынуына қарсылық танытқан.
Өткен аптада Қырғызстан Ворух анклавы маңынан өтетін Ақ-Сай - Тамдык жолының құрылысын қайта бастаған болатын. Душанбе анклавты айналып өтетін жобаға қарсылық білдіріп, Бішкекті жолды нақтылау туралы келіссөз жүргізуге шақырған.
Ресми ақпарат бойынша, жанжал салдарынан Тәжікстанның екі азаматы қаза тауып, екі жақтан жиыны 13 адам зардап шеккен. 14 наурыз күні кешке Қырғызстан үкіметі шекарадағы жағдай тұрақты деп хабарлады.
Ош-Исфана бағытында жолға шыққан жүзге жуық автокөлік жанжал салдарынан Қырғызстанның Көк-Таш ауылында бөгелді.
Шекара маңындағы қақтығыстан кейін Қырғызстан тарабы жол құрылысын қайта тоқтатты.
25 шақырымдық Ақ-Сай - Тамдык жол құрылысы 2013 басталған. Бірақ Тәжікстан қарсы болып, 2014 жылы құрылыс жұмыстары үш рет тоқтаған. Басында көрші екі елдің үкіметтері айналма жолды салуға өзара келіскен. Бірақ кейін Душанбе Ворух анклавын Тәжікстанмен жалғайтын жол қалдыруды талап еткен. Бішкек онымен келіспейді.
14 наурызда Қырғызстан президенті Сооронбой Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон телефон арқылы сөйлесіп, жанжал себебін анықтау үшін арнайы комиссия құруға келіскені хабарланды.
Соңғы алты жылда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында оннан астам жанжал болды. Кейбірінде атыс қаруы қолданылған.
Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 971 километрге тең. Қазірге дейін оның 450 шақырымына делимитация жұмыстары жүргізілмеген.