Қырғыз билігінің азаматтық қоғамға қысымының артында не тұр?

Қырғыз-¬өзбек шекарасы жөніндегі даулы келісімге наразылардың шеруі. Бішкек, 24 қазан 2022 жыл.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров оның билікке келуіне ықпал еткен ұлтшыл күштерді тоқтатуға тырысып, радикал қадамдар арқылы билігін нығайтуға тырысып жатыр.

Биліктің Өзбекстанмен шекара келісіміне қарсы белсенділерді қудалауынан басталған шара қазір саяси оппоненттер мен елдегі тәуелсіз медиаға бағытталған үлкен науқанға айналып бара жатыр. Бұл Қырғызстанда жаңа тәртіпсіздіктер толқынына ұласа ма деген қауіп туғызып отыр.

Қырғызстанда 26 адамның қамауға алынуына, бірнеше баспасөз қызметінің, оның ішінде Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің жабылуына алып келген репрессиялардың қандай астары бар?

"Қырғызстанның авторитар болып бара жатқаны жасырын емес" деді Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темір Омаров Азаттыққа. "Жапаровтың ішкі және сыртқы саясатта істеп жатқанының бәрі билікті нығайтуға бағытталған".

Ұзақ уақыт бойы Орталық Азиядағы ең демократиялы ел саналып келген Қырғызстанда Совет одағы ыдырап, тәуелсіздік алған соң бірнеше толқу болды.

Кейін биліктің кейбір репрессиялары жеңілдесе, басқа жағдайларда саяси және әлеуметтік шиеленіс зорлық-зомбылық пен революцияға дейін ұласып жатты.

Қазіргі алауыздың 2020 жылы президент болған Жапаровтың азаматтық қоғам мен баспасөз құралдарына қысымды күшейту арқылы билігін нығайта бастауымен тұспа-тұс келіп отыр.

Қазанның басында Қырғызстан Өзбекстанмен шекара келісімін жасады. Онда Бішкек стратегиялық маңызы бар Кемпірабад су қоймасын бақылауды көрші елге беретіні айтылған. Бұл келісім Жапаров үшін күрделі саяси мәселеге айналды. Президент үш жыл түрмеде отырып, билікке халықтың жер құқығы, ел ресурстарын шетелдіктердің бақылауына беру секілді мәселелерге негізделген ұлтшыл қолдауынан соң келген еді.

Келісім шекара дауы жиі болып тұратын Қырғызстан мен Өзбекстанның байланысын реттеуге септігін тигізе алады. Бірақ бұл келісім Жапаровты оның билікке келуіне ықпалдасқан ұлтшыл көзқарасқа қарсы қойып отыр.

"Бұл жерде Жапаровтың жерді беруге дайын болғаны, ал қарсыластарының ұлтшылдық идеяларына жүгінгені кекесін тудырып отыр. Ол танымал болу үшін осы идеяларды қолданған еді" деді Омаров. "Бұл шиеленіс туғызады. Қырғызстан үнемі саяси тұрақсыз және болжау қиын [ел]".

ҰЛТШЫЛДЫҚ

Су қоймасын беру келісіміне 26 қыркүйек күні қол қойылған. Құжат Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы демаркацияланбаған шекараның он бес пайызын анықтауға бағытталған.

3 қараша күні Өзбекстан сыртқы істер министрі Владимир Норов пен оның қырғыз әріптесі Жээнбек Кулубаев шекараның делимитациялау туралы бірнеше келісімге қол қойды. Соның ішінде Кемпірабад су қоймасын бірлесіп басқару туралы келісім де бар.

Су қоймасы Қырғызстанның оңтүстік-батысындағы Ош қаласына жақын орналасқан. Су алу қиындығы мен келісімнің ашық болмағанына күмән келтіргендер арасында танымал белсенділер, құқық қорғаушылар, блогерлер мен саясаткерлер көп. Олар кемінде екі ай қамауда болады.

Олар қамауға алынған соң Бішкек пен Ошта оларды босатуды және Өзбекстанмен жасалған келісім туралы қосымша ақпарат беруді талап еткен жұрт наразылыққа шықты.

Қырғыз билігі келісімді қорғаштап, оның Қырғызстанға тиімді екенін айтып отыр. Келісім бойынша Бішкек 15 мың шаршы шақырым таза пайда табады, су қоймасын екі ел бірлесіп басқарады және екі жақ та одан су ала алады.

Баспасөз құралдарына, белсенділер мен оппозиция топтарына қысымның күшеюі Жапаров үшін жаңа нәрсе емес және бұл кейінгі кездері Қырғызстан саясатын айқындай бастаған авторитар тенденцияға сай келеді. Бұрынғы президент Сооронбай Жээнбековтің де парламентке ықпалы зор болды. Жапаров оны одан әрі күшейтіп, 2021 жылы референдум арқылы елді президенттік басқаруға көшірді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Демократия орнына ата-баба дәстүрі. Жаңа қырғыз конституциясының ерекшелігі қандай?

Бірақ Кемпірабад маңындағы қазіргі дау-дамай Жапаров пен оның серігі, ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаратын Қамшыбек Ташиев үшін ерекше проблема болып отыр.

Жер, су және табиғи байлық елдегі құнды саяси валюта саналады. Әрі бұл жағдай Жапаровтың Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін қиындап кеткен экономикалық проблемалармен күресуімен тұспа-тұс келді. Қыркүйектің ортасында Қырғызстан мен Тәжікстан арасында қақтығыс болған соң, Бішкектің Мәскеумен байланысы да ушығып кетті. Қақтығыс кезінде кемінде жүз адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған еді.

Қырғыз-тәжік шекарасына жақын Ақ-Сай ауылындағы жолда өртенген жүк көлігі. 20 қыркүйек 2022 жыл.

Жапаров дағдарыстардан соң негізінен елдегі ұлтшылдықты ауыздықтай алды: кейінгі сауалнамалар оны сайлаушылардың 76 пайызы қолдайтынын көрсетті.

Бірақ Eurasia Group консалтинг компаниясының бас сарапшысы Закари Уитлин Жапаров көптеген проблемадан қысым көріп отыр дейді. Оның ішінде экономикадан бөлек, Ресеймен қарым-қатынастағы тұрақсыздық, Тәжікстанмен болған жағдай, "Құмтөр" кен орнын басқаруға қатысты дау-дамай және былтырғы оппозицияға қысым көрсету амалдары бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайғы-қасірет әкелген қарулы жанжал. Қайталануы мүмкін бе?

"Өзбекстанмен жер келісімі [қазіргі қысымның] негізгі себептерінің бірі болып отыр. Жапаров секілді ұлтшыл адамның оны қолдауы оның қиын шешімге тап болғанын көрсетеді" деді Уитлин Азаттыққа. "Сондықтан, өкінішке қарай, найзағай жарқылы кезінде биліктің сынағандарды басып жаншуы таң қалдырмауы керек".

БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІН ШЕКТЕУ

Тәртіпсіздіктер болуы мүмкін екенін түсінетін Жапаров әкімшілігі баспасөз құралдарын бақылауға және цензура жасауға көшті. Басқа да қысым көрсету шаралары секілді, бұл да жаңа амал емес.

Маусымда Қырғызстанның мәдениет және ақпарат министрі екі айда ResPublica газетінің сайтын екі айға бұғаттап, тамызда жалған ақпарат туралы анонимді шағымнан соң 24.kg жаңалықтар порталын бұғаттауға тырысты. Бұл министрлік жалған ақпарат туралы даулы заңның орындалуын қадағалайды.

Бұл елдегі тәуелсіз журналистиканы қорқытып, үнін өшіруге бағытталған шаралардан іле-шала болды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшысы Қамшыбек Ташиевті қабылдап отыр.

Қаңтарда журналист зерттеуші Болот Теміров есірткі сақтады деген айыппен қамауға алынды. Оның командасы Ташиев қызметке келген соң оның отбасының мемлекеттен қалай ақша алғаны туралы зерттеу жариялаған еді. Қыркүйекте судья істі қауіпсіздік комитеті қолдан ұйымдастырды деп, оны ақтады. Бас прокуратура сот шешіміне шағымданды.

Қазанның соңында билік Азаттық радиосының Қырғыз қызметін екі айға бұғаттап, банктегі есепшоттарына тыйым салды.

Билік бұл қадамға қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс түсірілген видео үшін барғанын, оның жалған ақпарат таратып, алауыздық туғызатынын, Азаттық радиосы тек тәжік тарапының позициясын көрсеткенін айтты. Билік видеоны өшіруді талап етті, бірақ Азаттық радиосы тағылған айыпты жоққа шығарып, талапты орындаудан бас тартты.

Бұл қадамға дейін Азаттықтың қырғыз қызметі кеңсесінің алдында наразылық өтіп, жиналғандар Азаттық радиосын, Kloop және Kaktus.Media басылымдарын жабуды талап етті. Депутаттардың бірі бұл талапқа қолдау білдірді.

Сонымен қатар билік баспасөз туралы заңды тағы өзгертпек. Заң жобасы шетелдік және шетелден қаржы алатын баспасөз құралдарын тіркеу талаптарын күшейтуді көздейді. Баспасөз саласындағы сарапшы құжаттың мәтіні Ресейдің БАҚ туралы заңына ұқсайтынын айтады. Кремль оны Ресейдегі тәуелсіз журналистерді шектеу үшін қабылдаған еді.

"Заңды Ресейден көшіріп алған" деді Омаров. "[Жапаровты] бұған Мәскеу итермелеп отырған жоқ. Ол Кремль халықты бақылай алатынын көрген соң, сондай құралға ие болғысы келеді".

Бұл қадам Қырғызстандағы журналистерге қысымның әлі де жалғасатынын көрсеткендей болды.

"Елімнің соңғы ресуртарын алғысы келетін екі адам үшін қирап жатқанын көріп таң қаламын" деп жазды 27 қазанда Facebookте Kloop басылымының бас редакторы Анна Капушенко Жапаров пен Ташеновты меңзеп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстан 2020 жылғы революциядан қандай сабақ алды?