Энергия тапшылығы және криптовалюта фермасы. Қырғызстандағы дағдарысқа кім кінәлі?

Азаттықтың Қырғыз қызметі жергілікті криптовалюта фермасы ірі зауыттар мен алтын өндіретін шахталардан да көп энергия тұтынатынын анықтады. Жуырда Қырғызстан билігі елде энергетикалық дағдарыс басталды деп мәлімдеген. Криптовалюта фермасына энергетика саласындағы лауазымды тұлғаның қатысы болуы мүмкін.
Қырғызстан билігі халыққа биыл қыста энергия тапшылығы сезілуі мүмкін деп ескертіп жатқанда криптовалюта өндіретін ірі майнинг компаниясы цемент зауыты, алтын шахтасы мен мыңдаған адам жұмыс істейтін базарларды қоса алғандағыдан көп энергия тұтынып отыр.
Осы аптаға дейін тұтынып келді.

26 шілдеде президент Садыр Жапаров Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген жауабында Шу облысында энергияны шектен тыс тұтынып отырған майнинг компаниясын ақтап алуға тырысты.

Жапаров Қырғызстанда электр энергиясы артығымен өндірілетінін алға тартты. Президент Кемин ауданындағы электр станциясына жақын орналасқан майнинг компаниясы жарық үшін ең жоғарғы тариф бойынша төлем жасағанын айтты.

Ол “қыста электр энергиясы жетпесе, криптовалюта өндірісі тоқтатылуы мүмкін” деді. Жапаров “Кемин” станциясы мемлекеттік бюджетке 225 миллион сом (2,5 миллион доллардан астам) салық, 480 миллион сом (5,5 миллион доллар) электр энергиясы үшін төлем аударғанына тоқталды.

31 шілдеде энергетика министрі Талайбек Ибраев криптоферманың артында тұрған компания мемлекеттік электр желісімен әріптестігін үзгенін айтып, Азаттық зерттеуін жоққа шығарды. Министрдің сөзінше, ферма энергияны көршілес Қазақстаннан алып отыр.

— Электр энергиясы ұрланған жоқ. Бірақ журналистер зерттеуінен кейін 1 тамызда компания мемлекетпен әріптестігін үзді. Енді ақша жоғалтып жатырмыз. Компания электр энергиясын Қазақстаннан сатып алатын болды. Бізге тек транзиттік төлемдер ғана түседі. 480 миллион сомның (5,5 миллион доллар) орнына 17 миллион сом (195 мың доллар) ғана аламыз, — деді Ибраев.

Қырғызстан энергетика министрі Талайбек Ибраев.


Бірақ майнинг компаниясы мемлекетке шенеуніктер айтқандай пайдалы ма?

Әлде компанияны жоғарыдағы лауазымды тұлғалар қорғап отыр ма?

“НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҒАЙЫҚ ПА?”

Ибраевтың майнинг компаниясынан түсетін табыстан айырылып қалдық деп ашулануы оның бір апта бұрын электр энергиясын үнемдеу бойынша ұлттық науқан басында айтқан сөздеріне қайшы келеді.

20 шілдеде министрлер кабинетінің отырысында сөз алған Ибраев президенттің энергетика секторында үш жылға төтенше жағдай жариялау туралы жарлығын қабылдауға шақырды. Былтыр күз бен қыста Қырғызстан үкіметі Ресей мен Түркіменстаннан 3,5 миллиард квт/сағ электр энергиясын сатып алған.

— Биыл энергия тапшылығы 3 миллиард квт/сағ болса, келер жылы бұл көрсеткіш тағы артады. 2023 жылы электр энергиясына сұраныс 17,2 млрд квт/сағ болса, 2026 жылы 19 млрд квт/сағ жетеді. Сонда энергия тапшылығы 5-6 млрд квт/сағ құрайды, — деген Ибраев.

Одан бері Жапаров елде төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шынымен ауқымды мәселе.

Қырғызстандағы Тоқтоғұл су электр станциясының жалпы қуаты — 1200 мвт, бұл нысан елде өндірілетін энергияның үштен бірін беріп отыр. Қазір маңызды резервуар өндірісі кейінгі үш жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетті.

Мемлекет энергия тапшылығын импорт есебінен жауып отырса да, өткен қыста Қырғызстанның көп ауданында жарық өшіп қалды. Осындай аудандардың бірі Кеминде тұрғындар көрші майнинг фермасына шағынып отыр.

— Күзде электр желісін ұзартып, көп трансформатор қойды. Криптовалюта фермасы бір күнде тұтынатын энергия Кемин халқын үш күн жарықпен қамтуға жететінін естідім. Басында жарық өшіп қалатын. Диспетчерге хабарласып, “Майнинг фермасы үшін бізді неге жарықсыз қалдырдыңдар? Наразылыққа шығайық па?” дедім. Содан кейін жарық өшпейтін болды, — деді жергілікті тұрғын Жолдошбек Далбаев.

Кемин тұрғындары қыста жарық сөніп қалатынын айтып шағымданып тұр. Қыста электр энергиясына зәру криптофермалар жұмыс істей бастайды.


Тұрғындардың айтуынша, бұрынғы балалар лагерінің орнына салынған майнинг фермасының күзеті күшті.

Азаттықтың дроннан түсірген видеоларына қарағанда, ферманың айналасы биік дуалмен қоршалған. Ішіндегі 2 гектардай жерде үш секцияға бөлінген темір контейнерлер тұр.

Криптовалюта фермасын күзетін тұрған милиция қызметкері Азаттық тілшісін ішке кіргізбей, “Бұл — стратегиялық нысан” деді.

Бұл нысанның мемлекеттік электр желісіне жүктемесі өте үлкен. Мұны энергетика министрлігі жариялаған ірі компаниялар қанша энергия тұтынатыны жөніндегі ақпарат та растайды. Esep.energo.kg cайтына сәуірде жарияланған рейтингке сәйкес, Solarcoin компаниясы (17 млн квт/сағ) бұл айда Кант цемент зауыты (13,5 млн квт/сағ) сияқты Қырғызстандағы ең ірі кәсіпорыннан көп энергия тұтынады.

Solarcoin шығындары TransElectro жекеменшік энергетикалық компаниясының тұтыну мөлшерінен (4,7 млн квт/сағ) асып түсіп, Қырғызстандағы ең ірі екі алтын шахтаның бірі Alliance Altyn кен орнының операторы Jerooy пайдаланатын энергиядан үш есе көп болған.

Кеминдегі майнинг фермасы.


Азаттық зерттеуі жарияланғаннан кейін энергетика министрлігі сайтынан бұл тізімді алып тастады.

Кеминдегі криптовалюта фермасы осы компанияға тиесілі болуы мүмкін деген күмәнді желінің ресми өкілі Гүлжігіт Мырзакаримов та растады. Ол Азаттыққа компанияның 30 мвт қуаты болашақта артуы мүмкін деді. Мырзакаримов 2019 жылы енгізілген криптомайнерлерге желіден электр энергиясын пайдалануға тыйым салатын ереженің күші жойылғанын айтты.

Енді Solarcoin сияқты компаниялар техникалық мүмкіндігі жетсе, желіге қосыла алады. Мырзакаримов Кеминде жарық неге өшкені туралы сұраққа жауап бермеді.

Криптовалюта өндірісі күндіз-түні жұмыс істеп, күрделі криптографиялық теңдеулерді шешетін компьютерлер желісінен тұрады. Салқындату жүйесі компьютерлердің қызып кетпеуін қамтамасыз етеді.

Бұл процеске көп көлемде электр энергиясы кетеді. Тарифтері жоғары елдерде майнинг қымбатқа түседі.

Орталық Азияда тарифтік төлемдер арзан, сондықтан бұл криптомайнерлер үшін тартымды аймақ саналады. Олардың көбі Қытайда майнингке шектеу енгізілгеннен кейін Орталық Азияға қашып келген.

Қырғызстанда криптовалюта фермалары мен ірі өнеркәсіп орындары 1 квт/сағ электр энергиясы үшін 5,04 сом (0,06 доллар) төлейді. Бұл — елдегі ең қымбат тариф.

Қырғыз азаматтары бұдан бес есе аз төлейді. Энергоресурстарға бай Венесуэла, Ресей, Сауд Арабиясы сияқты елдердің тарифтері де осымен шамалас.

Solarcoin компаниясы жұмысын бастаған желтоқсан айынан бері ең танымал криптовалюта — биткоин екі есе қымбаттап, 30 мың долларға жетті.

КРИПТОПАТШАЛАР

Салалық ақпарат көздері жариялаған деректерге сәйкес, Қазақстан әлемде криптовалюта өндірісі бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Қазақстанның энергетика саласындағы өкілетті тұлғалар криптосектор энергия тапшылығы сезіліп отырған оңтүстік аймақтарға артық жүктеме болып отырғанын айтады. Құқық қорғау органдары ара-тұра электр станциясы басшыларын байытып отырған заңсыз операцияларды тоқтатқанын мәлімдеп тұрады. Мұндай операцияларға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың да қатысы бары анықталып еді.

Қырғызстанның арнаулы қызметі де криптовалюта фермаларына бірнеше рет рейд ұйымдастырған. Азаттықтың Қырғыз қызметі жүргізген зерттеу Solarcoin ісіне энергетика саласындағы шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін екенін көрсетті.

Азаттық тілшілері Solarcoin құрылтайшыларының бірі Татьяна Мартынова туралы дерек жинап көрді.

Мартынова осыған дейін бұрынғы депутат Фархат Иминов құрған “Ай Элемент” компаниясын басқарған. Үкімет порталындағы деректерге қарағанда, Иминовтың аты-жөніне ұқсас бір кісі қаңтарда Кеминдегі Solarcoin компаниясы атынан 300 доллар көлемінде жер салығы мен 50 доллар мүлік салығын төлеген.

Бұрынғы депутат Фархат Иминов.


Былтыр қарашада Иминов “Электростанции” АҚ директорлар кеңесіне өтті. Бұл — Қырғызстандағы электр энергиясының өндірісіне жауапты мемлекеттік компания. Дәл осы кезде Solarcoin компаниясының құрылысы соңына таяп қалған еді.

Мартынова — Metrum KG деген тағы бір компанияның құрылтайшысы. Құрылтайшылар қатарында қазір энергетика саласында істейтін бұрынғы депутат Жырғалбек Тұрысқұлов та бар. Иминов “Электростанции” АҚ өкілі болса, Тұрысқұлов “Қырғызстанның ұлттық электр желісі” директорлар кеңесінің мүшесі.

Тұрысқұлов Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлесіп, Мартынованы өмірінде бір рет ғана көргенін, жақсы танымайтынын айтты.

Жырғалбек Тұрысқұлов.


Журналистер не Иминовтен, не Мартыновадан пікір ала алмады. Solarcoin директоры Айсана Исмаилова телефонда пікір беруге уәде берді, бірақ кейін журналистермен қайта сөйлеспеді.

Қырғызстан су электр станцияларына тәуелді. 2023 жыл сияқты құрғақшылық жылдары Қырғызстанның өзеннің төменгі ағысында орналасқан Қазақстан мен Өзбекстан сияқты көршілерін сумен қамту міндеттемелеріне байланысты энергожүйеге көп салмақ түседі.

Жыл басында министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Бақыт Торобаев Қырғызстан жылыту маусымына Тоқтоғұл су қоймасындағы 12,4 млрд куб/метр сумен ғана кіретінін, бұл былтырмен салыстырғанда 1 млрд куб/метрге аз екенін айтты.

Күз басында су деңгейі төмендейді, ал қыста электр энергиясына сұраныс артады. Өткен жылдар тәжірибесін ескерсек, күз-қыс маусымында Тоқтоғұл су қоймасында 7-8 млрд куб/метр болуы керек. Сонда жарық өшпейді. Он жыл бұрын бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің тұсында халық жарықтың жиі өшуіне наразылық білдіріп, толқып еді.

Қазіргі президент Жапаров ол кезде үкіметте істейтін. Азаттық зерттеуінен кейін Жапаров өзіне дейінгі президенттердің “Болашақта жаңа су электр станциялары салынғаннан кейін Қырғызстан электр энергиясын экспорттаушы елге айналады” деген сөзін қайталады.

Садыр Жапаров.


Энергетика саласындағы сарапшы Эрнест Қарыбеков Solarcoin жобасы қоғам мүддесінен жеке мүдде жоғары тұратынын тағы бір рет дәлелдеді деп есептейді.

— Мен не басқа бір азамат зауыт ашу үшін электр энергиясын сұрасақ, желілердің қуаты жетпейді деп рұқсат бермейді. Бұл қауіпті ме? Әрине. Билік басқа біреудің баюына жағдай жасап отыр, — дейді сарапшы.