Аязды қыста Қырғызстан халқы жарықсыз қалмай ма?

Қырғызстанның Жалал-Абад аймағындағы Тоқтоғұл ГЭС-і

Қырғызстан көрші елдерден электр энергиясын импорттап, проблемасын ішінара шешкендей болды. Бірақ мәселе мұнымен шешілген жоқ, қыстың беті қатты, шешілмеген проблема көп.

Қырғызстан халқы қыста қатты аяз болатынын білді.

Бірақ Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстанмен электр энергиясын импорттауға келіскен Бішкек алдағы қыста болатын энергетика проблемаларының кейбірін шешкендей болды.

Қазір осы үш ел Қырғызстанға электр энергиясын жіберуді тоқтатты. Олар енді Қырғызстанға көмектесе ме, жоқ па, ол жағы беймәлім.

19 қарашадағы баяндамада Қырғызстан энергетика министрлігі Қырғызстан Қазақстан, Өзбекстанмен жасалған келісім аясында электр энергиясының бәрін алғанын мәлімдеді.

Қырғызстанда тағы бір проблема бар.

Қуаңшылық Қырғызстанның негізгі энергия көзі – су энергетикасына кері әсер етті.

Қырғызстан өзіне қажет электр энергиясын өндіру үшін Тоқтоғұл су электр станциясын пайдалана алады. Әдетте, қыс кездерінде солай істейді де. Бірақ су деңгейінің өте төмен болуы мен басқа да себептер су қоймасының бұдан да толық болғанын қажет етеді.

Қуаңшылық Қырғызстанның гидроэнергетикасына кесірін тигізді.

Кей саясаттанушылардың суға мемлекеттік тауар ретінде қарау керек деген наразылығына қарамастан, Тоқтоғұл су қоймасындағы суды тек Қырғызстан пайдаланбайды. Жаз айларында Өзбекстан мен Қазақстан да ауыл шаруашылығында осы қоймадан су алады.

Тоқтоғұл ГЭС-і мен су қоймасының салынғанына 45 жыл болған. Совет кезеңінде салынған схема бойынша, күз-қыс айлары Қырғызстан суды қоймада сақтап, оны ауыл шаруашылығына қажет кезде алып отырған.

Қазақ және Өзбек совет республикалары күз-қыс айлары Қырғызстанға электр энергиясы мен табиғи газ жеткізіп келген. Ал көктем-жазда Тоқтоғұл ГЭС-інің төрт трибунасы Қазақстан мен Өзбекстанның кей аудандарына электр энергиясын жіберген.

Бұл схема бәріне тиімді болды. Бірақ 1991 жылы Совет одағы құлаған соң, бұл жүйе де жойылды.

Содан кейін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан энергия және сумен қамтудың жаңа жүйесін құру үшін келіссөздер жүргізе бастады.

Тоқтоғұл ГЭС-іне қызмет көрсету міндеті Қырғызстанға жүктелді. Ал Қазақстан мен Өзбекстан тарапынан оның өтемі өте төмен болды.

Ақысы төленбеген соң, Өзбекстан табиғи газ жеткізуді азайтты немесе тоқтатты. Көбі мұның Бішкекке қарсы саяси астары бар деп күмәнданды. Қыста Қазақстан Қырғызстанға көмір жібермек. Бірақ 2011 жылғы қазанда Қырғызстан Қазақстанның Құлан кен орнынан келген көмірдің радиация деңгейі жоғары екенін айтып, қайтарып жіберген еді.

Тәуелсіздік алғанына отыз жыл болғанда, Орталық Азиядағы бес елдің арасындағы әріптестік жоғары деңгейге жетті. Мысалы, күз-қыс айларында қуаңшылықтан зардап шеккен Қырғызстанға Өзбекстан 750 млн кВт, Қазақстан 900 млн кВт электр энергиясын жіберуге сөз берді.

Мұның бәрі Қырғызстанға жеткізілгенімен, электр энергиясының тағы бір көзі бар.

11 қарашада Қырғызстан энергетика министрлігі Түркіменстаннан электр энергиясын импорттауға келіскенін мәлімдеді. Бұл тәуелсіздік алғалы алғаш рет тамыз айында басталды.

Бұл келісімді екі жақ та ұзақ қарастырды. Бірақ Өзбекстанның бұрынғы лидері Ислам Каримовтың кесірінен келісім көп жыл бойы жүзеге аспады. Бұрынғы президент Түркіменстанның электр энергиясын Өзбекстан арқылы Қырғызстанға жеткізуге қарсы болды.

Тоқтоғул су қоймасы.

Мұндай келісім Ташкенттің Қырғызстанға табиғи газ жеткізетін жалғыз ел болуына қауіп төндіретін еді. Сондықтан Ислам Каримов электр энергиясы бойынша түркімен-қырғыз келісімі аясында транзит қызметін көрсетуден бас тартты.

2016 жылдың аяғында Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болып, Өзбекстанның көршілерімен, оның ішінде Қырғызстанмен байланысын нығайтуға кірісті.

Бірақ Каримовтың билігі кезінде Түркіменстан мен Өзбекстанды жалғайтын электр желілері нашарлап, жуырда ғана жөнделді немесе алмастырылды.

Қырғызстан ел ішінде электр энергиясын шектеп үлгермеді, үкімет биыл қыста да олай істемейтінін айтты.

Бірақ қыркүйектің аяғында кәсіпорындар мен адам тұрмайтын басқа да ғимараттарға электр энергиясын беру шектелетіні хабарланды.

Кейінгі жылдары Тәжікстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізіп жүрді. Бірақ сәуірдің аяғында екі ел арасындағы қарулы қақтығыстан соң екі ел арасындағы келісім күмән туғызды.

Бішкек пен Душанбе арасындағы келіссөздер тоқтап қалды, бірақ ақыр соңында Тәжікстан Қырғызстанға электр энергиясын экспорттамау шешімін қабылдады.

Әділдік үшін айта кету керек, Қырғызстанға қарағанда Тәжікстан су энергетикасына тәуелдірек. Ел ішінде тұтынатын энергия жетіспей, Тәжікстан билігі де Қырғызстан сияқты қиын жағдайға тап болды.

15 қарашада Өзбекстанда шаңды дауыл болып, электр желілерінде апат болды. Бұл Қырғызстандағы жағдайды қиындатып, Түркіменстаннан электр жарығы келмей қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азияда жарық неге сөніп қала береді?

Қырғызстан энергетика министрі Доскул Бермурзаев сол күні жағдайды талқылау үшін Өзбекстанға баратынын, Ташкентті электр энергиясын экспорттауға көндіруге тырысатынын айтты.

Бермурзаев электр энергиясын импорттау жөнінде Ресей секілді басқа да елдермен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

Өзбекстандағы электр желілерінің проблемасы шешіліп, Қырғызстанға түркімен электр энергиясы қайтадан келе бастайтыны хабарланды.

Бірақ басқа да проблемалар бар.

Орталық Азияның Түркіменстаннан басқа елдерінің бәрінде электр энергетикасы проблемасы бар және бұл мәселенің басы ғана.

Ішкі энергетикалық проблемалар көп болған сайын, соғұрлым бұл елдер өзіне қажет электр энергиясын өндіре алмауы, тіпті көршілері үшін үнемдейтін де ештеңе қалмауы мүмкін.

Қырғызстан қазір алып отырған электр энергиясының ақысын да төлей алмайды.

Бішкектің көршілерімен жасаған келісімі бойынша, Қырғызстан мерзімі өтіп кеткен төлемдерді төлеуі немесе келер жылы ІЖӨ-нен электр энергиясын қайтаруы керек.

Иран түркімен электр энергиясын көбірек импорттауды сұраса, қаржыдан тарыққан Түркіменстан бұл келісімге қызықпауы да мүмкін.

Өзбекстан да түркімен электр энергиясын импорттауға келісті. Бірақ Ташкент қаңтардағыдай апатты жағдайға тап болса, "Өзбекстан билігі Қырғызстанға жіберілетін электр энергиясын кедергісіз өткізе ме, әлде оның біразын Өзбекстанның қажетіне жұмсай ма?" деген сұрақ туындайды.

Әрине, көрші елдер Қырғызстанның қыстан аман шығуына көмектескісі келетіндей кейіп таныта алады. Бірақ Қырғызстан мұндай көмеккен көп үміт артпауы керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Біреуі газға, біреуі көмірге зәру. Орталық Азия қысты қалай өткермек?"90-жылдарға қайтып келдік пе?" Қазақстанда майнер көбейген тұста жарық жиі сөне бастады