Қытай Қырғызстан мен Қазақстаннан есек импорттауға бейіл

Оштағы есек фермасы. Қырғызстан. 22 қыркүйек 2015 жыл.

Қырғызстанда есек бағып, Қытайға экспорттау ісі дауға айналды. Ал Қазақстан Қытайға есек сату туралы бұрынғы мәлімдемесінен айнып қалды.

Қырғызстанда 2 мың бас есек Қытайға сатылғаннан кейін жергілікті тұрғындар мұндай кәсіпке наразы болып, есек сатуға заң жүзінде тыйым салуға шақырды. Ал кейбір сарапшылардың сөзінше, Совет Одағы кезінде-ақ Қырғызстан Еуропаға есек етін шығарған.

ЕСЕК ІЗДЕУ МЕН САТУ

Қырғызстанда арнайы іс сапармен жүрген қытай кәсіпкерлері есек бағуға қолайлы аудандарды аралап, жергілікті жағдаймен танысқан. Қытай кәсіпкерлерінің өкілі Самара Алиеваның Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, Қытайда есек терісінен қымбат дәрі-дәрмек жасалады. Сол үшін Қытай кәсіпкерлері жыл сайын мыңдаған есек сатып алуға дайын.

- Қытай шет елден есек сатып алуға көп ақша бөлген. Бұрын Қытайдың өзінде есек көп еді. Қазір азайып қалды. Егер есек бағатын арнайы фермалар болса, келісіп жұмыс істеуге болар еді, - дейді Самара Алиева.

"Егер осы жерде сойылса, мүшесі әр жерде бұзылып жатса, онысы интернетке шығып, шу болады екен.

​Қырғызстан үкіметінің ресми өкілі "есек экспорттау – заңды іс" дейді. Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік инспекция жетекшісі Қалысбек Жұмақановтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, "2008 жылы қырғыз-қытай үкіметтері арнайы келісімге қол қойған".

- 2008 жылғы келісімге 2015 жылы қосымша хаттама жасалды. Бұл (есек - ред.) – мал. Біреудің малы. Бірі сатады, екіншісі сатып алады. Бұл халықаралық келісімде көрсетілген. Бұған дейін екі компанияға бас-аяғы 1700 бас есек сатуға рұқсат бердік. Оларды елден алып шығып кетті. Одан кейін ешкім рұқсат сұрамады. Эпизоотикалық ахуал жақсы болса, барлық ветеринарлық талаптар сақталса, алып кете берсін. Біз тек осы жерде (Қырғызстанда - ред.) союға рұқсат бермейміз. Егер осы жерде сойылса, мүшесі әр жерде бұзылып жатса, онысы интернетке шығып, шу болады екен. "Тірідей алып кетеміз" десе, рұқсат бере береміз, - дейді Қалысбек Жұмақанов.

ЕСЕК БИЗНЕСІН ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ОҒАН ҚАРСЫЛАР

Қырғызстанда есек бағып экспорттайтын үш фирманың екеуі - Қытай кәсіпкерлерінікі. Өнім өндірушілер мен кәсіпкерлер одағының жетекшісі Жырғалбек Сағынбаев "мұндай бизнеске қолдау білдіріп, халыққа дұрыс түсіндіру керек" деп біледі.

- Экологиямыз аяздай таза. Сондықтан біздегі есектер де таза. Есек те қой, жылқы сияқты жануар. Халық есекті сойғанға, терісін сыпырып, етін жолға тастап кеткенге наразы. Үлкенірек ферма құрып, онда есек бағып, сосын Қытайға алып кетсе, ешқандай дау шықпайды. Қоғам пікірін сауаты төмен шала молдалар ғана бұзып жүр, - дейді Жырғалбек Сағынбаев.

Есек сатып, пайда табуды академик Жамин Акималиев те қолдайды. Ол Совет Одағы кезінде Қырғызстаннан Еуропаға есек еті жасырын экспортталғанын еске алады.

- Бірде Қырғызстанға Италиядан арнайы тапсырма түсіп, жоғарғы жақтан бізге бұйрық беріліп, есек етін жасырын дайындап, Совет Одағы атынан Италияға жіберіп, біраз ақша алғанбыз. Бұл мәселені кеңірек қарау керек. Қазір елде "20 мың немесе 40 мың есек бар" деп жатыр. Егер Қытай ақша бөлгісі келіп, осындай бизнеске қызығып жатса, шу шығармай жақсылап ойланып, бір жолға салса болады. Біреулер "есек бағып, оны сатсақ, ұлттық намысымыз тапталады" деп жатыр. Кейбіреулер бұл мәселені саясиландырып алған, - дейді Жамин Акималиев.

Өзіміз "арам" деп есептеген жануарды сату - жақсылық емес. Мұны тоқтату керек. Аш құрсақты басқа да жолдармен тойғызуға болады.

Есек пен қодығы. Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген сурет.

​Ал бұрынғы депутат Нуркамиль Мадалиев "есек бизнесін - арам әрекет" деп біледі. Мадалиев есек сойғандар заңмен жазалану үшін арнайы заң жобасын дайындап, оны қоғам талқысына ұсынған.

- Моральдық тұрғыдан алғанда бұл жақсы емес. Өзіміз "арам" деп есептеген жануарды сату - жақсылық емес. Мұны тоқтату керек. Аш құрсақты басқа да жолдармен тойғызуға болады. Бізде сатып, байып кететін есек те көп емес. Алла тағала, қай жануарды қандай қылып жарату қажеттігін білген. Мысалы, ит көп күшіктегенімен қой сияқты көбеймейді. Ал қойды күнде сойып жейміз. Сондықтан "есек сатып байып кетеміз" дегенде бір күнді емес, болашақты ойлауымыз керек, - дейді Нуркамиль Мадалиев.

Соңғы екі жылдан бері Қырғызстанда есек дауы жиі көтеріліп жүр. Бішкекте есек сойылған қасапхана белгілі болып, қаладағы қоғамдық тамақтану орындарында "есек еті пайдаланылды" деген сөз шықты. Қасапхана иелері "сойылған есек еті шетелдегі хайуанаттар бағына жіберілді" деп ақталды. Биыл Ош облысында ашылған есек фермасына жергілікті тұрғындар наразы болып, оны басқа жаққа көшіруді талап еткен.

"ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАННАН ЕСЕК ТЕРІСІН СҰРАҒАН"

Қазақстанның Ауыл шаруашылық министрлігінің қоғаммен байланыс басқарма басшысы Жасұлан Әбдіхалық Азаттыққа Қазақстанның Қытайға есек экспорттау жоспары жоқ екенін айтады.

- Қазақ-қытай кәсіпкерлері жұмыс тобында Қытай жағы Қазақстаннан өздеріне қажетті 33 тауар түрін сұраған. Солардың бірі – есек терісі. Қазақстанда есек фермасы жоқ. Оны ашатын жоспар да жоқ. Қазақстан Қытаймен майлы дақылдар және ет өнімдері бойынша жұмыс істейді,–дейді Жасұлан Әбдіхалық.

Жасұлан Әбдіхалық бұған дейін вице-министр Гүлмира Исаеваның есек бағуға қатысты айтқан сөзін "ойын дұрыс жеткізе алмағанын", "Қытай жағынан есек терісіне сұраныс болғанын, бірақ, оны жіберу үшін оңтүстік жақта арнайы шаруашылық ашу керек болатынын ғана айтқысы келген" деп түсіндіреді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қытайға есек экспорттауға Қазақстанның да дайындалып жатқанын қыркүйек айының басында Астанадағы орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын.

Исаева: "Қазір Қытай тарапынан есек еті мен терісіне сұраныс артып отыр. Осыны ескеріп Қазақстанның оңтүстік аймақтарында арнайы шаруашылық ашпақпыз. Ол жерлерде арнайы Қытайға экспортталатын есектер бағылады» деген.

Вице-министрдің есек бағуға қатысты бұл мәлімдесі жергілікті баспасөзде көп тараған жоқ.

Ал ауыл шаруашылық министрлігінің өкілі Жасұлан Әбдіхалықтың сөзінше, Қазақстанда есекке санақ жүргізілмейді. Қытай мен Қазақстан арасында есек сату туралы ешқандай үкіметтік келісім жоқ.