Қырғыз шенеуніктерінің айтуынша, соңғы 10 айда елдің 30 мыңға жуық азаматы ресми түрде фамилияларын өзгерткен. Әлбетте, олар аттарын ауыстырмаған, тек фамилияға «-ов» пен «-евті» қайта жалғаған.
Ер адамдар әкесінің атына жалғанған «ұлы» деген сөзді орыстың «–ов/ев» деген жұрнағымен, ал әйелдер «қызы» деген сөзді «–ова/евамен» алмастырған. Өткен жылы Қырғызстанның 36 мың тұрғыны да аты-жөнін осылай өзгерткен еді. Соған қарағанда, олар еріккеннен ауыстырмайтын сияқты.
«ҚАРА ТІЗІМНЕН» ҚҰТЫЛУ АМАЛЫ
Қырғыздардың Ресейге көп қарайлайтыны, аты-жөндеріне орысша жұрнақ қосса, «жолым болады» деп жоритыны байқалады.
Қырғызстанның оңтүстік-шығысындағы Баткен қаласында тұратын Өмурбек жақында фамилиясын өзгертті. Ол аты-жөнін толық айтқысы келмеді. Өмурбек - елдің кедей аймағында тұратын ондаған мың адамның бірі. Олар жылда жұмыс іздеп Ресейге ағылады.
Бірақ 2012 жылдан бастап Ресейде жұмыс істеп жүріп заң мен әкімшілік ережелерді бұзып, бес жыл бойы бұл елге кіру құқығынан айырылған шетелдік мигранттардың саны көбейді.
Өмірбектің айтуынша, ол тізімге қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ілінген. Енді басқалар сияқты «фамилиямда өзгертсем, жолым болар» деп үміттенеді.
«Бізді Ресейден аяқастынан шығарып жіберді. Отбасымды асырауым керек қой, қалай бес жыл күтемін? Ол жаққа оралуға тиіспін. Сондықтан аты-жөнімді өзгертіп, жаңа төлқұжат алдым. Оны істеу де оңай емес» » дейді ол. Өмурбек фамилиясын өзгертудің екі жағдайда себі тиюі мүмкін екенін айтады.
Біріншісі - шекарашылар оның сәл өзгерген фамилиясын ажырата алмай қалар деген үміт. Екіншісі - Өмурбек пен басқа да мигранттар «аты-жөні шетелдік емес мигранттарға Ресей билігі жақсырақ қарайды» деп ойлайды.
Жаңа төлқұжат алу үшін біраз жүгіру керек, бірақ көп ақша кетпейді. Төлқұжат үстеліне бару үшін ол 16 құжат жинап, 2 доллар мөлшерінде ақша төледі. Жаңа төлқұжатты алуға бір айдай уақыт кеткен.
Шенеуніктердің айтуынша, қала тұрғындарының да көбі осы себеппен биыл фамилияларын өзгерткен.
«Жалпы алғанда, Баткен облысында 3 мың 325 адам аты-жөнін, әкесінің атын өзгертуге өтініш берді» дейді облыс орталығындағы азаматтық құжаттарды тіркеу мемлекеттік басқармасының төрайымы Гүлмира Омошева.
«Себебін сұраған кезімізде, олар Ресейге баруды жоспарлап отырғандарын, бірақ [Ресей әуежайларында] «қара тізім» бар екенін, сол бойынша кері қайтулары мүмкін екендерін айтты» дейді ол.
Шенеуніктер «өтініш бергендердің 25 пайызы бұрынғы аты-жөндерін мүлде өзгертіп жібергенін» айтады. Аты-жөнді ауыстырудың себебі тек «қара тізімде» жатпаса керек. Қырғыз жастары аты-жөні орысша болса, оның келешекте пайдасы тиеді деп ойлайды.
«БОЛАШАҒЫМА КЕРЕК»
Бішкектегі орта мектептің соңғы сыныбында оқитын Меерим Асанова «сыныптастарымның бәрі қазір фамилияларын өзгертіп жатыр» дейді.
Қыздың өзі де «Асанқызы» деген фамилиясын өзгерткен. «Мектепті бітірген соң, Құдай қаласа, мемлекеттік университеттің халықаралық қатынастар бөліміне тапсырамын. Болашақта шетелге саяхат жасасам, мәселе туындамасын деп, төлқұжаттағы аты-жөнімді орысшаға өзгерттім» дейді ол.
Басқа аймақтың тұрғындары да солай ойлайтын тәрізді. Нарын облысының орталығы Нарын қаласында да қырғыз ақпарат құралдарының жазуынша, «800-ге жуық жоғары сынып оқушылары аты-жөндерін өзгерткен».
1991 жылы Совет Одағы ыдырап, мемлекет тәуелсіздігін алған соң жұрт аты-жөніндегі орысша жұрнақтарды алып тастай бастады. Енді керісінше, қайтадан Ресейге бет бұру байқалады. Бұрын ата-аналары аты-жөнін қырғызша жаздырған балалар енді орыстанған фамилияға қайта оралып жатыр. Ресей мен орыс тілі Қырғызстанда өз ықпалын жоғалтпады, мәдениет, білім және саясатта үстемдік етіп тұр.
Ресей телеарналары Қырғызстанның барлық аймағында көрсетеді. Көптеген ата-аналар «балаларым қырғыз тілімен қатар орыс тілін білсе, мүмкіндігі көп болады» деп ойлайды. Үлкен қалаларда ата-аналар балаларын Ресей елшілігі арқылы ресейлік қоғамдық қорлар барынша қолдап отырған орыс мектебіне берсем бе, әлде ресурсы азырақ қырғыз мектебіне берсем бе деген таңдау жасайды.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елдің болашағын сөз еткенде Ресеймен экономикалық тығыз байланыс жасау керек екенін жиі айтады. Желтоқсанның 23-і күні Бішкек Мәскеу жетекшілік ететін Еуразия экономикалық одағына қосылады (ЕАЭО). Бұл одақ жаңа жылдан бастап күшіне енеді. ЕАЭО құрамына Армения да кіреді. Бұл одақ Ресей, Беларусь және Қазақстан құрған Кеден Одағының кеңейтілген түрі саналады.
Қырғыздар сияқты фамилиясын өзгерту науқаны тәжікстандық мигранттар арасында да байқалады. Бірақ олар жайлы нақты статистикалық дерек жоқ. Мигранттар журналистерге «фамилиямыз орысша болса, Ресейде жұмыс табу жеңілдейді, милиция да көп тиіспейді» дейді. Ресейдегі жұмыс берушілер мен милиция «тәжік мигранттардың аты мен фамилиясын ажырату қиын» деп шағымданатын.
Орталық Азияның басқа елдерінде аты-жөндерін орыстандыру құбылысы аз. Қазақстанда мұндай процестің болмауына қазақтардың жұмыс іздеп Ресейге көп бармайтыны себеп болса керек. Керісінше, басқа Орталық Азия елдерінің мигранттары, көбінесе Қырғызстан азаматтары Қазақстанға жұмыс іздеп келеді.
Өзбекстанда да аты-жөнін өзгертуге құмарлар аз. Бірақ оған үкіметтің жеке бас куәлігін беру кезінде қатаң талап қоятыны себеп болуы мүмкін. Ал Ресейден гөрі, мәдени кеңістігіміз бір деп Түркияға қарайлайтын түркімендер де фамилиясына «-ов» пен «-евті» жалғауға құмар емес.
(Жениш Айдаровтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)